Қаржы • 18 Қыркүйек, 2020

«Пирамидаға» алдану – соқыр сенімнің нәтижесі

399 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Ішкі істер органдары қаржы пирамидаларын ұйымдастыру мен құру бойынша 217 қылмыстық істі тергеп, 116 істі сотқа жолдады. Бұл туралы министрліктің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов хабарлады.

«Пирамидаға» алдану – соқыр сенімнің нәтижесі

Онлайн брифингте ай­тыл­ғандай, қазіргі таңда жалпы са­ны 79 күдікті жауапқа тартылуда. Тергеу департаменті түрлі қар­жы пирамидаларына қатысты 13 қылмыстық істі тергеп жатыр.

– Мәселен, «Гарант 24 Лом­бард», «ЕЅТАТЕ Ломбард» жә­не «Тиімді қа­рыз» компания­ларына қатысты жәбір­ле­ну­ші­лерден 17 мыңнан астам шағым түсті. Олар 22 млрд тең­геден астам мате­риалдық залал шеккені анық­талды. Осы ұйым­дардың басшыларына қатысты 32 қылмыстық іс тіркелді, 51 күдікті қыл­мыстық жауапқа тартылуда, 7 күдіктіге іздеу салынды, – деді С.Әділов.

Қаржы пирамидалары туралы қыл­мыс­тық істерді тергеу аясында Қазақ­станнан тыс жерлерде де күдіктілерді ұстау шаралары жүргізілуде. Жақында Ұлт­тық гвардияның арнайы борты Мол­довадан, Ресейден және Қырғызстаннан үш күдіктіні елге алып келді. Қа­зір олар тергеліп жатыр. Бұл үш кү­діктіден құқық қорғаушылар 70 млн теңгеден астам ақша тәркілеген.

Сондай-ақ Qnet компа­ния­сының өкіл­деріне қатысты «Қаржылық (инвес­тициялық) пирамида құру және оны бас­қару» бабы бойынша 20 қыл­мыстық іс тергеліп жатқаны айтылды. Аталған компанияның бас кеңсесі Малайзияда орна­лас­қан. Адамдарды түрлі зергерлік бұйымдар сату арқылы желілік маркетингке тартады. Бастапқы жарнасы 30 доллардан басталады. Қазіргі таңда Qnet алдап соққан азаматтардан 211 арыз-шағым түсті. Материалдық шы­ғын мөлшері 160 млн теңгені құрады. Рес­пуб­лика бойынша 29 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазір жедел тергеу шаралары жүргізілуде. Малайзияға халықаралық тергеу тапсырмасы жолданған.

С.Әділов тұрғын үй құры­лы­сын кооператив құру арқы­лы жүргізген кейбір компа­­ниялардың үстінен де қылмы­стық іс қозғалып жатқанын айтты. Мәселен, елордадағы Expo New Life тұрғын үй кешені үлес­керлерінің өтінішімен «Шанг Хи Груп» ЖШС-ның басшылары тергеліп жатыр. Бұл қылмыстық іс бойынша Тергеу департаменті екі эпизод тіркеген, салымшылар шеккен залал көлемі 2 млрд теңгеден асады.

Сол сияқты Маңғыстау облысында «Махаббат» тұрғын үй кешенін салуға байланысты да қылмыстық іс қозғалды. Мұнда 21 үлескер жәбірленуші бар, залал 252 млн теңгеден асады.

– Тергеу тәжірибесі көр­сет­кендей, қаржы пирамидалары – тез байып кеткісі келетін, мол табыс табуға уәде беретін аг­рессивті жарнамаға қарсы тұра алмайтын азаматтарымыздың соқыр сенімінің нәтижесі. Біз тұ­­рақты түрде БАҚ арқылы ха­лық­қа қаржы пирамидалары­на қа­тысты қылмыстық істер тура­лы түсіндіру жұ­мыс­тарын жүр­гіземіз, бірақ бұл – жет­кі­ліксіз. Мұндай ауқымды жұ­мысты мүд­делі мемлекеттік ор­ган­­дар – Ұлттық банк, Қар­жы министрлігі, Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі де жүргізіп жа­тыр, – деді тиісті департамент басшысы.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше