«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақалдың мағынасы дәл осы індет жайлаған қиын кезде анық білінді. Өңірде экономикалық жағынан ең дамыған, қазыналы Қарашығанақ кеніші орналасқан аудан үшін де оңай болған жоқ. Аудандағы ауруханалар лық толып, науқастар бір жұтым ауаға зар болған кез естен шығар ма? Осынау қиын кезде кәсіпкерлер мен жанашыр тұрғындар жұмылып, аз уақыт ішінде аудандық ауруханаға 47 оттегі концентраторын жеткізді. Бұл үлкен жәрдем болатын.
«Пандемия кезіндегі қиыншылықты ел болып жеңіп шықтық» дейді Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов.
Коронавирус індетінің алғашқы толқыны өткен сол кезеңде Бөрлі ауданы аумағында ұйымдастырылған провизорлық және инфекциялық стационарларға 523 науқас жатқызылды. Бүгінде барлық стационар жабылып, медицина мекемелері әдеттегі жұмыс режіміне көшкен.
Карантин кезінде бөрлілік еріктілер ерекше белсенді болды. Олар 20 мыңнан астам бетперде тігіп таратты. 2 мыңнан астам мұқтаж отбасына материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілді. Ауданның шағын және орта бизнес өкілдері індетке қарсы күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үй қалашығын, карантиндік стационарға арналған қонақүй ғимараттарын тегін пайдалануға берді.
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» компаниясы да осындай демеушілік істен бас тартпады. Covid-19 індетін анықтайтын күрделі зертхана, өкпені жасанды желдеткіш аппараттары, медицина қызметкерлеріне арналған жеке қорғаныс құралдары, жедел тесттер және «Жедел жәрдемнің» 2 автокөлігі аудандық ауруханаға табысталды. «ҚазБурГаз» және «Ақсай индустриалды паркі» компаниялары да аудандық ауруханаға 2 автокөлік сыйлады. Дәрі-дәрімек тапшылығы кезінде «Сырласу», «Ақсай маркет», «АйрГрупп» және «Ақсай Строй Сервис и К» компанияларының күшімен аудандық ауруханаға жалпы сомасы 12 млн теңгеге дәрі-дәрмек пен препарат сатып алынған екен. Ал «Автодом-М» және «Вест Моторс Сервис» компаниялары дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында құрылған мобильдік бригадаларды қажетті автокөліктермен қамтамасыз етті. Жақында ғана «МонтажСпецСтрой» және «Бонатти» компаниялары аудандық ауруханаға тағы да сый жасап, өкпені жасанды желдететін 2 дана аппарат табыс етті.
Сонымен қатар пандемия кезінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен аудан аумағында жылжымалы 4 мобильдік бекет орналасты. Ол бекеттерде қызмет еткен дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Стационарлардағы қызметкерлер де жеке қорғаныс құралдарымен қамтылып, Ақсай қаласы мен ауылдардың адам көп шоғырланатын орындарға – аялдамалар, саябақтар, жаяу жүргінші жолдары мен көпқабатты үйлердің кіреберістеріне дезинфекция жұмысы жүргізілді.
– Сын сағатта көрсеткен батылдық мен төзімділік үшін барша медицина және құқық қорғау саласы қызметкерлеріне, еріктілерге, кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Індетке қарсы күресте сіздер қосқан үлеске баға жетпес. Бүгінгі күннің батыры – сіздерсіздер! – деді жақында телеарна арқылы сөз алған аудан басшысы М.Сатқанов.
Иә, бірлігі жарасқан ел қандай қиындықты да еңсереді.
Батыс Қазақстан облысы