03 Қараша, 2013

Қазақстанның үш облысында шенеуніктер жаппай қызметтерінен кетеді

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

03-11-13-tekstil-shymkent-1

Қазақстанның үш облысында шенеуніктерді жаппай қызметтерінен босату басталатын шығар. Вице-премьер Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдеріне проблемасы бар жобаларға жауапты шенеуніктерді жазалауды тапсырды. Бұл туралы Total.kz сайты хабарлады.

Мұндай тапсырма Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтің сөйлеген сөзінен кейін берілді. Ол осы жұмыстарға аймақтарда жауап беретін шенеуніктерді жазаға тартуды ұсынды. Министр Үкіметтің 11 қазандағы кеңейтілген кеңесінде Президент айтқан ескертпелер мен проблемалардың шешілу барысына арналған жиында осындай қатаң талап қойды. Әсет Исекешов өз сөзінде Қарағандыда ұшақ шығару жобасына байланысты туындаған проблемаға ерекше екпін салды. Ол сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма фабрикасын шикізатпен қамтамасыз ету және Маңғыстау облысында планшетті компьютер шығару мәселелеріндегі тар өрістілік пен көзбояушылыққа қатты алаңдаушылық білдірді. Қарағандыдағы зауыттың шамасы бір ұшақ шығарудан аспады. Оңтүстік Қазақстандағы тоқыма зауыт тіпті жақын келешектің өзін ойластырмай аша салған бірдеңе болып шықты. Оған шикізат тауып берудің қиын болғаны өз алдына, кәсіпорыннан шығатын өнімнің өзіндік құны шетелдерден сатып әкелінетін дайын бұйымдардан бірнеше еселеп асып түсті. Ал Маңғыстаудағы планшет зауыты аты ғана бар, заты жоқ, таза көзбояушылыққа құрылған алаяқтық тірлік көрінеді. Оның компьютер планшеттері Қытайдан дайын өнім түрінде әкелініп, мұнда тек этикеткасы, яғни жапсырма қағаздары ғана ауыстырылады екен.

Министр осыған байланысты жергілікті жерлердегі әкімдердің аймақтардың инвестициялық мүмкіндіктерін ашудағы, бизнес пен инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасаудағы жұмыстарының нашар екенін атап көрсетті. Индустрияландыру картасы үшін әкімдер ұсынатын жобалардың сапалары төмен екені байқалады. Министрлік олардың соңғы жолы ұсынған 200 жобасының тең жартысын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы талаптарына сай келмеулері себепті жаратпай тастаған. Бұл орайда Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Маңғыстау облыстары алдарына жан салмай, «топжарған тарландар» атанып тұр.

Былтырғы жылы да осындай сапасыздық орын алып еді. Алайда, биылғы «белсенділіктің» тіпті ұрқы бөлек. Осылар туралы кеңінен баяндап шыққан Ә.Исекешов бұдан енді тиісті қорытынды шығармасқа болмайтынын қадап айтты.

Сәкен Майлыбай.