"Астрахан-Саратов темір жолы бойында бауырластар зираты бар. Із-түссіз кеткен жауынгерлердің сүйектері әлі де сол жақта жатыр. Сол себептен «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі іздеу жұмыстарын өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл біз ұйымдастырып отырған алғашқы іздеу жұмыстары. Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен келіссөздер жүргізіліп, іздеу жасағына қажетті қаржылай қолдау көрсетілді. Қазба жұмыстары 1 қыркүйек күні басталды. Болашақта осы бағыттағы шараларды тағы ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз", дейді "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.
"Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған іздеу жұмыстары Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова атындағы іздеу жасағымен бірлесе отырып жасалды. Солдаттардың сүйектері табылған соң қоғамдық бірлестіктің іздеушісі мұрағаттардан қаза болғандардың тізімдерін тапқан. Ол тізімде жауынгерлердің аты-жөні, туған жылы және майданға аттанған жері жазылған. Сол тізімдер бойынша Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі солдаттардың туыстарын іздеу шараларын өткізеді. Тізімге сәйкес жауынгерлер Ресей, Украина, Беларусь және Татарстаннан болған.
"Ең алдымен №365 жол айрығында бір солдаттың сүйегі табылды. Болжам бойынша ол аға сержант немесе старшина болған. Ол әскери форманың фрагменттерінде кестеленген жұлдыз бойынша белгілі болды. Ол Тынық мұхиты флотының теңіз жаяу әскері болды деп айтуға болады, себебі бұл солдат туралы ақпарат Тынық мұхиты флотының тізімдерінде бар. Келесі күндері №372 жол айрығында тағы атқыштар артиллериялық бригадасының 16 солдаттың сүйектері табылды. Болжам бойынша, олардың екеуі командир болған. Мұрағаттан іздеп табылған ақпарат бойынша жауынгерлер Сталинград жаққа қарай бара жатқан. Бұл туралы ақпарат жауға белгілі болып, жау авиациясының шабуылы жасалады", дейді "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігінің іздеушісі Сергей Федоренко