05 Қараша, 2013

Қазынаның қаржысы – шенеуніктің көлденең табысы

433 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тендерлерге министр мен әкім дербес жауап бермесе, парақорлық бәсекесі тыйылмайды

Адам жемқор болып тумайды. Ол анық. Өзі де, қызметі де өсе келе жабысатын жаман әдет болса керек бұл. Пендауи пейілі тарылып, ақшаға ашкөзденіп, қаржыға құнығып, түйені түгімен, көлікті жүгімен жұтатын жемсауы кең жемқорды қоғамның өзі тәрбиелеп шығаратын сияқты. Бәсеке қызған. Басшы бар, қосшы бар бәрі де ашкөздене жеп жатқан сияқты. Айлық-жалақылары өспесе де, жыл сайын көліктері мен коттедждері көбейіп келеді. Бірінен-бірі қалғысы келмейді. Себебі, айналасы сондай. Қазынаның қаржысын иесі жоқ көре ме, әлде сұраусыз жатқан ақша санай ма, мүмкін өздерінің жекеменшігі екен деп қала ма, әйтеуір, мына заманда жемқорлықтың оты өршіп тұр. Теледидарды қосып қалсаң да, газет-журналды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да жемқорлық, сыбайластық туралы ақпараттар өріп жүреді.

01-Карикатура-0-01-12-1

 

Тендерлерге министр мен әкім дербес жауап бермесе, парақорлық бәсекесі тыйылмайды

01-Карикатура-0-01-12-1

Адам жемқор болып тумайды. Ол анық. Өзі де, қызметі де өсе келе жабысатын жаман әдет болса керек бұл. Пендауи пейілі тарылып, ақшаға ашкөзденіп, қаржыға құнығып, түйені түгімен, көлікті жүгімен жұтатын жемсауы кең жемқорды қоғамның өзі тәрбиелеп шығаратын сияқты. Бәсеке қызған. Басшы бар, қосшы бар бәрі де ашкөздене жеп жатқан сияқты. Айлық-жалақылары өспесе де, жыл сайын көліктері мен коттедждері көбейіп келеді. Бірінен-бірі қалғысы келмейді. Себебі, айналасы сондай. Қазынаның қаржысын иесі жоқ көре ме, әлде сұраусыз жатқан ақша санай ма, мүмкін өздерінің жекеменшігі екен деп қала ма, әйтеуір, мына заманда жемқорлықтың оты өршіп тұр. Теледидарды қосып қалсаң да, газет-журналды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да жемқорлық, сыбайластық туралы ақпараттар өріп жүреді.

Тіпті, Елбасының бастамасымен өмірге келген бағдарламалардан да айылын жимай «үлесін» алуға ұмтылып жатқандар аз емес. Ел, халықты неге ойламайсың деп мұндайларға талап қою ұят. Бәрі-бір түсінбейді. Сондай жағдай Қызылорда облысында да болды.

Бүгінде «Қолжетімді баспана-2020» деген бағдарламаның бар екенін білесіз. Ол қарапайым жұртты, баспанасыз жүрген бейбақтарды жарылқау үшін жасалған бағдарлама еді. Сауапты іске жауаптыларда жауапкершілік жоқ болып шықты. Алайда, осындай баспаналарды ірі басшылар мен олардың жақын туыстары өздері бөліп алғанын таяуда Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткір сынға алды. Олар қызметінен босатылды, пәтерлерді қайтарды.

Қызыл­орда қаласындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде көпқабатты үйлер салынып жатыр. Қаланың кіреберісінде іргесі қаланған тұрғын үйлерде алғашқы қоныс тойлары да тойланды. Сол жерде кірпіші өріліп жатқан №8 үйдің құрылысын «Н.С.С-KZ» серіктестігі жүргізеді екен. Олар әлі жұмысын толықтай аяқтамаған. Дегенмен, жалған құжат әзірлеп, жұмыстың бәрін аяқтадық деп алаяқтық жасап, 80 миллион теңгені жамбастарына басқан. Аталған іс бойынша тергеу жүрген. Нәтижесінде қалалық құрылыс бөлімі бас маманының қылмысы анықталған. Өйткені, жалған құжатты қабылдап, қол қойған осы кісі екен. Сол жерде салынып жатқан, сол құрылыс бөлімінің тағы бір бас маманына қатысты осындай қылмыс әшкереленіпті. Бұл жолы №9 үйді салып жатқан «Сыр құрылыс» ЖШС-нің директоры мен «Стройтехнопроект kz және К» серіктестігінің тех­никалық қадағалаушысы ауыз жаласып, бармақ басты, көз қыс­тымен жалған құжат әзірлеген. Бұл көзбояушылыққа қалалық құрылыс бөлімінің тағы бір бас маманы қол қойып, қабылдап алған. Соның кесірінен мемлекетке 11 миллион теңгеге жуық залал келген. Екі іс бойынша де тергеу жүріп, келтірілген шығын өндіріліп, қылмысқа қатысты адамдар өз кінәларын мойындап, енді мұндай іс-әрекетке бармайтындарын айтып ақталған. Солайша, іс қысқартылған. Бірақ бұл жазасыз қалды деген сөз емес. Олардың өмірбаянында қылмысқа қатысты болғандығы туралы ақпарат мәңгі қалады. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Осындайда күмәнді сұрақ туындайды. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы ай қарап, шошқа тағалап отыр ма? Бір емес, екі бірдей қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Екі жемқорлық оқиғада да құрылыс бөлімінің өкілдері негізгі тұлға болып отыр, яғни олар актіге қол қоймаса сыбайластық орын алмас еді, қазына қаржысы талан-таражға түспес еді. Сонда басшы кімді және нені бақылап отырған? Қаржы полициясындағылар оның өз қызметіне лайық не лайықсыздығын анықтау үшін Тәртіптік кеңеске ұсыныс жібергендігін айтады. Мұндай жеңіл-желпі жазамен жемқорлықтың тамырына ешқашан балта шаба алмаймыз.

Ақты – ақ, қараны – қара деп әділдіктің қылын қақ жаратын, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін соттардың өзі сотталып жатса не дейсіз? Соттың өзі істі болып жатқан көрініс қоғамның іштен ірігенін көрсетпей ме? Былтыр Шиелі аудандық сотының төрағасы Алмаханов сотталды. 70 мың теңге пара алған деген айыппен. Ол Тартоғайдағы түрмеде жазасын өтеп жатқан бір адамды мерзімінен бұрын босатып жіберуге уәде еткен екен. Қызылорда қалалық мемлекеттік сани­тарлық-эпидемиологиялық қа­дағалау басқармасының бастығы А.Бисембаев істі болды. Ең сорақы­сы – ол бірнеше ай бойына бір емес, екі емес, 15 кәсіпкерден пара алып отырған. Түсінікті тілмен айт­сақ, кәсіпкерлерді өзінің сауын сиырына айналдырған ғой. Қулықтың құйрығы бір-ақ тұтам. Ақыры 8 жылға тұрмеге тоғытылып тынды. Мемлекеттің негізгі табыс көзі салық. Біз бен сізден жиналған салықтың арқасында бюджет құралады. Ал осы қарапайым халықтың қалтасынан шыққан қаржыға қол салғандарға не дейсіз? Қазалы аудандық салық басқармасының бастығы П.Яқия орынбасары А.Сатбаев және бас маман К.Аймағанбетпен қосыла сотталды. Олар да түрлі заң бұзған кәсіпкерлерді жазаламай, кері әрекеттерін әшкерелеудің орнына оны бүркемелеп, сол үшін пара алып отырған.

Қызылорда облыстық қаржы­ полициясы жыл басынан бе­рі 87 сыбайлас жемқорлық сипа­тын­дағы қылмысты анықтаған екен. Жемқорлық сипаты бар 67 қылмыстық істің тергеу ісі аяқ­талған. Осының ішіндегі 60 қыл­мыс­тық іске айыптау қорытындысы тағылып, сотқа жөнелтілген. Ал биылғы жылдың 9 айында департамент қызметкерлері мемлекеттік сатып алу бойынша 13 қылмыстық іс қозғаған. «Тендер» дегенді «жең­дер» деп түсінетіндер аз емес екен. Елбасының өткенде Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде осындай мемлекеттік сатып алуларды әкім не министр өзі басшылық жасап өткізсін дегені де осыдан шығар. Әкімдер де істі болып жатыр. Шиелі ауданының Талаптан ауылында мал өліктерін жоятын орын салынатын болған. Оның құрылыс жүргізу жұмыстарын «Шарх» ЖШС жеңіп алған. Барлық атқарылатын шаруа үшін 2065640 теңге бөлінген. Дегенмен, әлгі серіктестік жұмысты толық атқармаған. Ал ауылдық округтың әкімі А.Қарғабай қалған жұмысты өзім аяқтаймын деп «Шарх» мекемесінің директоры Е.Қалиевтен 350 мың теңге алған. Сөйткен де, қалаға келіп бұрын пайдаланылған құрылыс материалдарын сатып алып, оны әлгі нысанға апарып қолданған. Қарап отырсаңыз, болмашы сома. Осыған бола әкім мансабын былғамай-ақ қойса ғой дейсің. Нәтижесінде Шиелі аудандық соты әкімді 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды.

Әлеуметтік нысандарды салуда да заң бұзушылықтар анықталыпты. Мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік қана емес, мемлекеттік маңызы бар нысандардан да қарпып жеп қалғысы келетіндер жеткілікті екен. Мәселен, Арал ауданындағы Аманөткел ауылында 300 орындық мектеп салу міндетін жеңіп алған «SCS Инжиниринг» ЖШС жаңа оқу ошағының жұмысын толық аяқтамаған. Сонымен қоймай жалған құжат әзірлеп, алаяқтық жолмен жалған қабылдау актілерін өткізіп, мемлекетке залал келтірген. Бүгінде бұл іс тергеуде жатыр. Ал осы аудандағы Сексеуіл стансасында 150 орындық ауылдық клуб салып жатқан «СК Арғын-Құрылыс» ЖШС-нің директоры да осындай әрекетке барып, 35,2 миллион теңгені жымқырған. Қазіргі күні аталған мекеменің директоры Е.Шакиев қамауға алынған, қылмыстық іс тексеріліп жатыр.

«Көлеңкелі» экономиканың күні әлі батқан жоқ. Мемлекетке салық төлеуден жалтарып, заңсыз заттарын базарға шығарып, халыққа сатып жатқандар жеткілікті. Қызылорда облыстық қаржы полициясы экономика және қаржы саласында 285 қылмысты анықтаған. Өткен жылдан қалған кейбір қылмыстық істермен қоса есептегенде биыл 483 іс өндірісі аяқталған. Мемлекетке келтірілген залалдың сомасы 6,7 миллиард теңге екен. Оның 5,6 миллиард теңгесі мемлекет пайдасына өндіріліпті.

– Департамент алкогольдік өнімдердің заңсыз айналымы деректерін анықтау және жолын кесуде үздіксіз қызмет атқарады. Алкогольдік өнімдер мен спирттің заңсыз айналымы елдің экономикасына айтарлықтай залал келтіреді және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. 2013 жылдың 9 айында Қызылорда облысы бойынша қаржы полициясы департаменті алкогольдік өнім және спирттің заңсыз айналымына байланысты 9 қылмыстық іс қозғады. Ағымдағы жылы заңсыз айналымнан жалпы алғанда құны 11,3 миллион теңгені құрайтын 25 125 литр спирт өнімі айғақ ретінде алынды. Көлеңкелі акциздік өнімдердің айналымы саласынан жалған есептік-бақылау маркалары жапсырылған барлығы 56 510 (28 255 литр) дана арақ-шарап өнімдері алынды. Мысалы, Қ. Сақтағанов 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталды. Ол арнайы рұқсатсыз және салық органдарына тіркелмей, ірі мөлшерде табыс табу мақсатында заңсыз алкоголь өнімдерін сатпақ болған. Атап айтқанда, арнайы құжаттарсыз 7500 литр спиртті сатуға оқталған. Спирт мемлекет кірісіне тәркіленді,– дейді Қызылорда облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының бірінші орынбасары Н.Сейдалиев.

Сонымен қатар, «Циркон» ЖШС директоры А.Ризаевқа қатысты да сот үкімі шыққан. Ол алкогольдік өнімдерді көтерме өткізу және сақтауға арнайы мемлекеттік рұқсатсыз жұмыс істеген. 2011-2012 жылдары ол жалға алған қоймасында 574 391 шыны алкоголь өнімдерін сақтаған. Сот үкімімен А.Ризаев кінәлі деп танылып, оған 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 731 000 теңге айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. 574 391 дана арақ-шарап тәркіленген. Ол шамамен 110 миллион теңгені құрайды екен.

Жемқорлықпен күрес жүрмей жатқан жоқ. Бірақ сыбайластықтың тамыры әлі қиылмай тұр. Себебі, оның тамыры тереңде, ол мемлекеттік мекемелердің бірінші басшысына барып тіреледі. Солардың ниеті түзелмей іс өнбейді. Бұл бір өңір, аймаққа ғана емес, барша елімізге ортақ мәселе болып отыр.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.

____________________

Суретті cалған

Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар