05 Қараша, 2013

Тоқыма кластері тоқырауға ұшырады

523 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

DSC 2189«Oxy Textile» ЖШС Шым­кент қаласындағы «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақтағы тоқыма кластері аясында жүзе­ге асқан алғашқы табысты жоба­лар­дың бірі. Жоғары сапалы мақта өнімдерін шығаратын кешенді автоматтандырылған жіп иіру фабрикасы қазақстандық шикі­затты өңдеуге бағытталған. Мәселен, мақта жібін алу үшін шикізат 2 рет өңдеуден өту ар­қылы құны 4 есеге дейін өсе түседі. Сонымен қатар, кә­сіп­­орын шығаратын өнім Еу­ропа елдеріне экспортқа шығары­ла­ды».

 

«Oxy Textile» ЖШС Шым­кент қаласындағы «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақтағы тоқыма кластері аясында жүзе­ге асқан алғашқы табысты жоба­лар­дың бірі. Жоғары сапалы мақта өнімдерін шығаратын кешенді автоматтандырылған жіп иіру фабрикасы қазақстандық шикі­затты өңдеуге бағытталған. Мәселен, мақта жібін алу үшін шикізат 2 рет өңдеуден өту ар­қылы құны 4 есеге дейін өсе түседі. Сонымен қатар, кә­сіп­­орын шығаратын өнім Еу­ропа елдеріне экспортқа шығары­ла­ды».

DSC 2189

Міне, 2010 жылдың қазан айында іске қосылып, Елбасы Н.Назарбаевтың өзі жұмысына сәттілік тілеген «Oxy Textile» ЖШС туралы ақпарат құралда­ры сол кезде осылай деп жары­са жазыпты. Әрине, журналист ағайындарда не жазық бар,­ жергілікті билік дайындап бер­ген ақпаратты өңдеп, елден сүйінші сұрап, бұқараға тезі­рек жеткізгені болмаса... Алай­да, жарты әлемге жар сал­ған кәсіпорын жарытып жұ­мыс істемеді. Мақтадан жіп иіре­тін фабриканың жобасын қар­жы­ландыруға 5,5 миллиард теңге жұмсалған.

Жылына 6 мың тонна жіп иіретін фабрикада 260 адам жұмыс істеуі тиіс еді. Сол жылы-ақ «Ең үздік кәсіпорын» номинациясында «Алтын сапа» сыйлығын алып үлгерді. Бірақ, бірнеше айдан кейін кәсіпорын тоқтап қалды. Айтылған желеу – шикізаттың жоқтығы. Күні кеше тұсауын кескен кәсіпорын ғимаратының қазіргі таңда тозығы жете бастады.

Тоқыма өнеркәсібін кеңейту арқылы Оңтүстік аймақтың экономикасын дамытуға септігін тигізбек болған ең қымбат жоба – «Ютекс.кз» кәсіпорнына мил­лиардтаған қаражат жұм­сал­ды. Мамандардың айтуынша, жобаның құны 19,3 миллион долларды құраған.

Жобада шитті мақтаны ақырына дейін өңдеу көзделген. Алайда, бұл кәсіпорынның тіпті, ғимараты да салынып үлгермеді. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тек қаңқасы тұрғызылып, контейнерлер орнатылған. «Шымкент Кашемир» зауытының да тағдыры осыған ұқсас. Кезінде үлкен үміт артылған бұл жобаға 560 миллион теңге жұмсалды. Бүгінде мұнда 230 адам жұмыспен қамтылып, шығарылған тауар алыс және жақын шетелге жөнелтілуі тиіс болатын. Алайда, осында жеткізілген шетелдік қондырғылар сол күйі іске қосылмады.

Жақында ғана Елбасы Н.Назар­баев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Мақта шикізатының жеткізілмеуі салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма фабрикасының жұмысы отандық мақта экспортқа шығарылып жат­қан­да тоқтап тұр», деп Оңтүстіктің то­қыма өнеркәсібін қатты сынға алған болатын. Президент сынынан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев «Oxy Textile» кәсіпорнына қатысты өзінің ой-пікірін білдірді. Тұяқбаевтың сөзінен түсінгеніміз, бұл кәсіпорын бүгін-ертең қайта аяғынан тұра қоятынға ұқсамайды. Басты себеп – сол баяғы шикізат мәселесінің шешілмеуі. Бұдан бөлек, кәсіпорынның қаржы айналымы да аз көрінеді.

Міне, осылайша Оңтүстіктің тоқыма өнеркәсібі тоқырап тұр. Жақында «Азаттық радиосы» уақтысында Елбасының қатысуымен ашылған, бірақ, кейіннен тоқтап қалған Қазақстандағы он «ғаламат жобаның» тізімін жария еткен-ді. Қарап отырсақ, соның екеуі Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде екен. Бірі – жоғарыда айтылған «Ютекс кз» кәсіпорны, екіншісі – кезінде 35 миллион АҚШ доллары жұмсалған «АзияКерамик» зауыты. Осының бәрі алдын ала дұрыс бағдарламаудан, асығыс-үсігіс жоспарлағаннан болғаны белгілі. Неге екенін қайдам, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қазіргі «командасы» сападан гөрі санға құмар, тезірек лента қиып, «Ойбай, теңдесі жоқ кәсіпорын» деп алаулатып-жалау­латып ақпараттық жарнама жасауға құмар. Әйтпесе, шикізат мәселесін шешпей тұрып, қандай кәсіпорын салуға болады? Бұл дегеніміз нағыз көзбояушылық емес пе? Бұдан бөлек, тағы да бірқатар кәсіпорындар осындай асығыстықтың «құрбаны» болып, жұмысы тоқтап тұр. Ол туралы тағы айтыла жатар. Тағы да бұл кемшілікті Елбасы Н.Назарбаев көзге шұқып көрсетпегенде облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев қашанға дейін үндемей жүре берер еді? Шымкент кезінде «Восход», «Эластик» секілді фабрикаларымен танымал болатын. Өкінішке қарай, бұл кәсіпорындар жекешеленіп, аты бар да заты жоқ, бүгінде олардың ғимараттарында басқа мекемелер отыр.

Әрине, Оңтүстік Қазақстанда барлық жоба осылайша құрдымға кетіп жатыр деп айтуға болмайды. Биыл ҮИИД бағдарламасы аясында инвестиция көлемі 447 млрд. теңгені құрайтын 150 жоба бекітілген. Онда 19 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұған қосымша, құны 600 млрд. теңгеден астам 104 жаңа жоба ұсынылып отыр.

Әйтсе де, жарнамасы жер жарып, бүкіл оңтүстікқазақстандықтарды жұмыспен жарылқап тастайтын болған осындай «жарымжан» жобалардың тек қағаз жүзінде қалуына кім кінәлі? «Ақпараттық жарнамаға» құмар облыс басшылығы саннан гөрі сапаға жұмыс істеуді саналарына мықтап түйіп алса, дұрыс болар еді? Ақырын жүріп, анық басқан адамның абыройы да асқақ қой.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар