Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2020

Жауынгер Әзікен Нұғымановтың сүйектері Степняк қаласында жерленді

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылдың мамыр айында Ресей Федерациясының Тверь облысындағы Бельский аудандық «Ғылыми-тарихи, әскери-патриоттық «Подвиг» қоғамдық ұйымының іздестіру қызметкерлері қазақ жауынгерінің медальоны бар сүйек қаңқаларын тапқан болатын.

Жауынгер Әзікен Нұғымановтың сүйектері Степняк қаласында жерленді

Майдан даласында опат болған жауынгер 1942 жылғы 19 сәуірде Біржан сал аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған, Ақмола облысының 1897 жылғы тумасы Әзікен Нұғыманов болып шықты.

Ақмола облысының әкімдігі бұл оқиғаға байланысты арнайы шешім қабылдап, республикалық «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігімен бірге жерлес жауынгердің сүйегін Отанынымызға әкелуге қатысты жұмыс жүргізді. Ұшақпен елге жеткізілген жауынгер мәйітіне Қазақстан Қарулы күштері министрлігінде әскери құрмет көрсетілді. Бұл игі істің басы-қасында аудан әкімі Ермек Нұғыманов та жүргенін атап өткіміз келеді.

Осынау айтулы оқиға байланысты бүгін облыс орталығы Көкшетау қаласындағы Даңқ мемориалында «Ерлікке тағзым» шарасы өткізілді.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев, Ресей елшілігінің өкілдері мен қала жұртшылығы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, әскери құрметті эскорд жауынгер сүйегі салынған табытты алып шықты.

Тағылымды шарада Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев сөз сөйледі.

- Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтудеміз, – деді Ермек Боранбайұлы, – бұл біз үшін қастерлі күндер саналады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Біздің халқымыз Жеңіске өзінің шексіз үлесін қосты. Бабаларымыздың ерлігі жер бетіндегі бейбітшілікті сақтап қалды. Облысымыздан сұрапыл соғысқа аттанған 90 мың жерлесіміздің 37 мыңы ғана елге оралды. Олардың 33-і ғана арамызда. Уақыт өткен сайын адамзат тарихының осы қайғылы беттерін барынша терең түсіне түсесің. Ендігі негізгі мақсатымыз ардагерлерге қамқорлық жасап, оларды ерекше назарда ұстау. Біз сол қасіретті соғыс жылдарында қаза тапқан, хабарсыз кеткен аталарымыз бен әкелеріміздің, бейбіт күндерде елді көтеруге атсалысқан барлық азаматтардың жарқын бейнелерін құрметпен еске аламыз.

Бұдан кейін Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің аға кеңесшісі Юрий Мельник, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, «Атамның аманаты» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Молдағалиев бүгінгі шараның мән-маңызы туралы толғанысты лебіздерін білдірді.

Жауынгер Әзікен Нұғыманов рухына арналған «Ерлікке тағзым» шарасында бір минуттық еске алу жарияланып, үш дүркін салют берілді.

Ержүрек жауынгердің сүйектері өзі туған Степняк қаласында жерленді.