Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2020

Оралда Сovid-19 індетін зерттейтін орталық ашылды

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Биотехнология және жұқпалы аурулар диагностикасы зертханасы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Оралда Сovid-19 індетін зерттейтін орталық ашылды

Оралдық зертхана осы қыркүйек айының басында БҚАТУ-дың сынақ орталығында ашылған. Ғылыми мекеме негізінен covid-19-ға полимерлік тізбекті реакция (ПТР) диагностикасын жүргізуге арналған вирусологиялық зертхана ретінде жұмысын бастаған. Келісім-шарт бойынша зертханаға қажетті биоматериалдарды «Медикер» медициналық орталығы жеткізеді.

- Біздің университетіміздің ғалымдары, мамандар арнайы Америкаға барып, коронавирусқа қарсы күрес орталықтарында тәжірибеден өтіп әрі оқып келді. Оның үстіне әлемдегі және жақын төңіректегі салалық ұйымдардың тәжірибесін, жалпы медицинада ковидке қарсы күрес саласындағы жаңалықтарды саралап отырып, осындай зертхана ашып отырмыз. Бүгінде мұндай істі атқаруға біздің мамандардың білімі де, мүмкіндігі де жетеді. Осы кезге дейін зертханада 500-дей тексеру өтті. Әрі қарай көбейтуге де мүмкіндік бар, - дейді Жәңгір хан университетінің ректоры Асқар Нәметов.

Ректордың айтуынша, зертхана мамандары үлкен жобаны қолға алған. Жалпы әу баста covid-19 індетінің өзі жарғанаттан тарағаны айтылған еді. Бірақ Қазақстандағы жарғанаттарды күні бүгінге дейін ешкім зерттемеген екен. «Біз жарғанаттың індет ауруын таратуға қаншалықты қатысы бар екенін анықтасақ, ол біздің медицинаға да, ветеринарияға да көп көмек болады. Аурудың ары қарай тарамауына үлес қосамыз» дейді ғалым.

Негізі коронавирустың түрі көп, бұл вирустың кейбір түрі мал шаруашылығында да кездесетіні белгілі. Бірақ covid-19-дың малға қалай әсер ететіні бүгінге дейін анықталмаған екен. «Батыс Қазақстан облысынан ірі қара малының еті Қытайға экспортталады. Қазір алушы жақ мал етінде коронавирус жоқтығы жөнінде сертификат талап етіп отыр екен. «Мұны анықтау ісімен елімізде біздің зертханадан басқа ешкім шұғылданып жүрген жоқ. Біз оның жүйесін жасап, анықтап, сертификат беріп жатырмыз» дейді Асқар Мырзахметұлы.

- Сынақ орталығының базасында ашылған зертхана биотехнология және жұқпалы аурулар диагностикасын жасайды. Бүгінге дейін зертхана негізінен коронавирустың диагностикасын анықтаумен айналысты. Біздің ұжым ғылыми зертхана болғандықтан, сынама алу медициналық мекемелер қабырғасында жүргізіліп, бізге дайын биологиялық материал ғана әкелінеді. Біз оларды тіркеп, өңдеп, РНК бөліп алып, полимерлік тізбекті реакция тәсілімен сынақ өткізіп, диагностика жасаймыз. Нәтижесі сол күні дайын болады. Барлық жұмыс процесі автоматтандырылған. Адам факторы өте төмен. Барлық нәтиже күн сайын тексеріліп отырады. Біздің зертхана нәтижелерінің нақтылығы 99,9% ақиқат екеніне кепілдік береміз. Күні бүгінге дейін 500-ден аса анализ жасадық. Зертханада 6 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Олар алыс-жақын шетелде әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында білімін жетілдіріп, коронавирусты диагностика жасауға арнайы рұқсат алған, - дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Сынақ орталығының директоры, биология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Индира Бейшова.

Зертхана заманауи құрылғылармен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Айта кетерлігі, сынау орталығы ауыл шаруашылығы малының генетикасын зерттеу, олардың ауруларын диагностикалау жұмыстарын да жүргізеді. Бұл бағытта елімізде 4-5 зертхана бар.