Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2020

Білім – басты құндылық

744 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Covid-19 індетіне байланысты жарияланған карантин кезінде батысқазақстандық мектептер оқушыларға қашықтан білім беру үшін кешенді шаралар атқарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Білім – басты құндылық

Жалпы өңірде 380 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Бұл білім ордаларында 111 282 оқушы оқып жатыр.

- Биылғы жаңа оқу жылы басталғанда әлемді жайлаған пандемияға байланысты оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін, денсаулығын қамтамасыз ету басты назарда болды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Қыркүйекте санитарлық дәрігердің рұқсатымен эпидемиологиялық жағдайы қалыпты елдімекендердегі 249 мектеп штаттық режимде жұмысын бастаған болатын. Қазір бұл мектептерде 24 399 оқушы, яғни барлық оқушы контингентінің 21,9 пайызы әдеттегідей оқып жатыр.

Ал 131 мектепте оқыту қашықтан ұйымдастырылып, оқушылардың 48,7 %-ы (54 273 оқушы) қамтылған.

Одан бөлек, ата-аналардың өтінішімен 15 оқушыдан аспайтын кезекші сыныптар жұмыс істеуіне рұқсат етілген болатын. Бүгінде облыстағы бастауыш сынып оқушыларының 66,2 пайызы, яғни 32 610 оқушы, мектепалды даярлық сыныптарының 53,3 пайызы, яғни 4 286 оқушы осындай кезекші сыныптарда білім алып жатыр екен.

 

Қауіпсіздік – басты талап

Әрине, штаттық режимде жұмыс істейтін және кезекші сыныптары бар мектептер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауы қажет.

- Бұл талаптарды сақтау үшін жергілікті бюджет есебінен дезинфикциялық құралдар, тепловизорлар, бактерицидті лампалар сатып алынды. Сонымен қатар, ЮНИСЕФ халықаралық ұйымы арқылы тегін негізінде облыстың барлық шағын жинақты мектебіне санитайзерлер, температуралы өлшеуіш құралдар (термосканер) және санитарлық нормалар, гигиеналарды сақтау, «COVID-19» жөнінде ақпараттық материалдар таратылды, - дейді Айгүл Мыңбаева.

Мектеп ғимараттарында оқушылар бір бағытта қозғалуы үшін дәліздер еденінде қозғалыс белгілері салынды. Үлкен мектептерде оқушылар бірнеше жерден кіруі үшін қосымша есіктер белгіленді. Әр оқушы жеке партаға отырады. Сабақ барысында бетпердесін бірнеше мәрте ауыстырады. Мектептің кіреберісінде аяқкиімге арналған дезинфекция кілемшелері, барлық қабатта қолды өңдеуге арналған санитайзерлер орнатылды.

 

Қашықтан оқушылар қатардан қалмайды

Жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті бюджеттің үнемделген қаржысы есебінен 1053 және ел Үкіметі резервінен 14970 компьютерлік құрылғыны сатып алуға қаражат бөлінген.

Бұл құрылғыларды сатып алу, компьютерлік техниканы бөлу бойынша «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесі басшысы төрағалығымен құрамында ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңес мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері бар жұмыс тобы құрылды. Аудан және қала деңгейінде де мұқтаж оқушыларға компьютерлерді тарату жұмысы қатаң бақылауда болды.

Сөйтіп, қашықтан оқитын оқушылардың сұрауына сай мектеп балансындағы компьютерлер уақытша пайдалануға беріле бастады. Күні бүгін оқушыларға 11 212 компьютерлік құрылғы берілген екен.

- Компьютері жоқ қалған оқушылар Үкімет резервінен сатып алынатын компьютерлер есебінен қамтылады. Бұл компьютерлер облысқа 1 қазанға дейін жеткізіледі, - дейді басқарма басшысы.

Интернет байланысы жоқ оқушыларға да тиісті құрылғылар сатып алынып, берілуде. Биыл ұялы байланыс операторлары қашықтан оқыту кезінде оқушыларға арзандатылған «Білім» тарифын ұсынды. Облыс бойынша білім беру ұйымдары арқылы бұл тарифпен 2 мыңға жуық оқушы қамтылған.

 

Құрылыс та қарқынды

Карантин салдарынан мектеп ғимараттарындағы «демалысты» пайдаланып, мектептерді жаңарту, материалдық-техникалық базаны жетілдіру ісі қарқынды жүріп жатыр.

Орал қаласындағы Зашаған кентінде 2 мектеп үш ауысымда қызмет ететін. Көп қабатты үйлер жиі салынып, тұрғындар саны артқан жаңа мектеп ғимаратын салу өзекті болған. Міне, осы тапшылықты жою мақсатында қазір 900 орындық жаңа мектеп құрылысы жүріп жатыр.

Одан бөлік, жақында ғана шетел инвестициясы есебінен салынған 450 орындық мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, Орал қаласындағы эстетикалық бағыттағы гимназия үш ауысымдылықтан құтылды.

Сондай-ақ өңірде апатты мектептердің орнына 4 мектеп құрылысы жаңадан салынып жатыр. Соның ішінде Ақжайық ауданының Чапаев ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық Абай мектеп гимназиясы және Қазталов ауданында 60 орындық Сарықұдық негізгі мектебі құрылысы биыл аяқталады.

- Апат жағдайында тұрған және үш ауысымда оқытатын мектептердің құрылысына жеке инвесторлар тартылып жатыр. Мысалы, «Нұркапстройгаз» компаниясы Зашаған кентінде 900 орындық, «Каз-Холл» компаниясы Орал қаласында №31 орта мектеп ғимаратының құрылыс жұмысын бастайды, - дейді Айгүл Әділгерейқызы.

Бұдан бөлек, мемлекеттің «Ауыл бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 33 білім беру нысанына күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмысы да қатар жүріп жатыр. Бұл мемлекетіміздің қиын кезде де білім саласына басымдық беріп, қаржы аямай отырғанын көрсетеді.