Қаржы • 21 Қыркүйек, 2020

Теңгеге әсер ететін факторлар

676 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тамыз айы төл валютамыз үшін жайлы болды. Бір айдың бедерінде бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 412-418 теңгелік дәлізден асқан жоқ.

Теңгеге әсер ететін факторлар

Ұлттық банктің Монетарлық опе­рациялар департаменті ди­рек­торының орынбасары Иван Сердюк тамыз айының басы­­­нан АҚШ та­уарлық қорларының азаюы, Бейруттағы жарылыс сын­­­­­ды факторларға байланыс­ты мұ­­най бағасы шамалы көтеріл­генін, бұл фактор ұлт­тық валю­та­мыз­­дың біраз уақыт бойы тұ­рақ­тануына себеп болаты­­нын айт­­қан еді. Сондай-ақ И.Сердюк мем­­ле­кеттік бағалы қағаздар на­ры­ғы біздің валютаны қол­дай­тын негізгі факторлар болатынын да еске салған. Қысқасы, 2020 жыл­дың тамызы Ұлттық банкті де, теңгемізді де ұялтқан жоқ.

Қыркүйектің басында тамыз­дағы валюта нарығындағы жағ­дайдарға шолу жасап, журналис­термен кездескен Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да тамыз айын­да шетел валютасының тең­­геге қатысты жаңалықтары нейт­­ралды сипатта болғанын айт­­ты. Мұнай бағасында да аса өз­ге­­ріс болмады, баррель 44,15-45,86 доллар аралығында шама­дан тыс құбылмай саудалан­ды. Та­мыз­дың басында АҚШ пен Еу­роаймақтың өнді­рістік сек­­торындағы іскерлік белсен­ділік туралы мәліметтердің беталысы белгілі болып қалды. Қолайлы макроэкономикалық статистика аясында әлемдік қор индекстері өсуін жалғастырды. Мысалы, америкалық S & P500 акциялар индексі тамызда 7%-ға өсті, әлемдік қор нарығының жағдайын бейнелейтін MSCI World индексі тамызда 6,5%-дан астам өсті. Алайда инвесторлар тәуекелінің одан әрі өсуіне пандемияның беті қайтпауы және алпауыт елдер арасындағы сауда қақтығыстарының күшеюі себеп болған.

– Тамыз айында АҚШ дол­ларының арзандауы әлемнің назарын аударды. Бұл жағдайда Феде­ралдық резерв жүйесі ұзақ уақыт бойы икемді ақша-несие саясатын жүргізуі мүмкін. Себебі АҚШ-тың қазынашылық мін­дет­темелері нақты ставкаларының төмендеуіне де әсер етті және алтын бағасының көтерілуін унция­сына 2 мың доллардан жоғары деңгейге дейін жеткізді, – дейді Ә.Молдабекова.

Доллардың әлсіреуі дамыған елдердің ұлттық валютасына қалай әсер етеді? Бұл дамыған ел­дердің сарапшылары үшін мәң­гілік тақырып. Теңгенің тағ­дыры тек мұнай бағасы немесе АҚШ долларына ғана тәуелді емес екені енді белгілі болып жатыр. Сарапшылар теңге тек екі фактордың емес, көрші ел Ресейге қарсы бағытталған Ба­тыс­­­тың санкциясы, сыртқы сау­да­­дағы импорттың үлесінің қыс­­­­п­ағында екенін айтады. Бір айда қазақ­стандық валюта дол­ларға қа­тысты 8 теңгеге әлсі­реді, бірақ рубльге қатысты ны­­­ғай­­ды. Қазақстан қор биржа­сы төр­ағасының орынбасары Наталья Хорошевская қыр­кү­йек­тің басында журналистерге берген сұқбатында теңге тамыз айында негізгі валюталарға қатысты әлсірегенімен, рубльге шаққанда күш жинап алғанын айтқан-ды.

Ұлттық банк тамыз айында валюта нарығына қатыспаса да пайыздық мөлшерлемелер өз­герді. Биржадағы сауда шілде айын­дағы 2,1 млрд АҚШ долларынан 2,2 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Тамыз айындағы теңгенің кенеттен күш алып, бір бағаны ұзақ уақыт ұстап тұ­руына осы факторлар да әсерін беріпті. Ұлттық банк өкілінің па­йымдауынша, тамыз айындағы маусымдық фактордан да теңге жыл сайын біразға дейін қор жинап алатын. Бірақ биылғы пандемияға қатысты маусымдық фактор теңгеге әсер ете алмады.

– Тамыз айында кепілденді­рілген трансфертті қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк Ұлт­тық қордан 681 млн доллар­ды сатты. Трансферттің конверсия мөлшері өткен айлармен са­­лыс­тырғанда айтарлықтай тө­мен болды. Бірақ бұл валюта нарығында теңгерімсіздікке, бас­­қаша айтқанда, теңгенің тым қатты арзандап кетуіне жол бер­меді. Квазимемлекеттік сектор компаниялары өздерінің мін­деттемелері шеңберінде валюта түсімдерінің бір бөлігін – 266 млн долларды сатты. Бұл валюта нарығында ұсыныс пен сұра­нысты теңестірді, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Тамыз айының соңында алдын ала мәліметтер бойын­ша Қазақ­станның халықаралық ре­зерв­тері Ұлттық қордың актив­терін қос­қанда 94,1 млрд долларды құ­рады. Ұлттық банктің ал­тын-валюта резервтері бір ай­да 22 млн долларға өсіп, 35,4 млрд долларға жетті. Алтынның үлесінде де өзгеріс жоқ.

Тамыздың теңгеге деген қаба­ғы түзу болғанымен, қыр­күйек айы аса жайлы басталмады. Ай­дың ба­сынан бері теңгеміз тұрақ­ты­лы­­ғын сақтай алмады. Ұлттық банк өкілі мұның себебін мұнай ба­ға­сының арзандауынан деп біледі.

Қыркүйек айының басынан бастап мұнай бағасы күрт тө­мен­дей бастады. Артынша бір ай бойы міз бақпаған теңге де құ­былып шыға келді. Сарап­шы­лар мұның себебін инвестор­лар­дың көмірсутекке деген сұра­нысы­ның төмендеуінде деп отыр. Себебі инвестордың «ертең баға қан­дай болады?» деген алаң кө­ңілін қалыпқа түсіретін жағ­дай­дың ауылы әзірге алыс сияқты.

COVID-19-ға қарсы AstraZeneca вакцинасының сынақ­тарын тоқтата тұру туралы хабарламалар туындаған кезде инвесторлар әліптің соңын күтуге ыңғай танытқан. Қыркүйектің орта­сында мұнай бағасы қалыпқа ке­летін ыңғай танытып, қор бир­жасында қозғалыс басталды. Бұл уақытша алдамшы үміт пе, әл­де сенуге болатын фактор ма? Еш­кім дөп басып айта алмай отыр.

Қыркүйек айының соңына қарай Федералдық ашық нарық комитетінің жиыны өтеді. Бұған дейін АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі ставкалардың ұзақ уақыт бойы төмен деңгейде болатынын ескерткен болатын. Демек, АҚШ долларының жағдайы енді белгілі бола бас­тайды. Ұлттық банктің де тек сырттай бақылап отыратынын да, валютаны реттеу үшін қосымша тетіктерді пайдалануға шешім қабылдайтынын да сол кезде білетін боламыз. Әлемдік нарық коронавирустық пандемия мен оның салдары, сондай-ақ осы жылдың қарашасында АҚШ-тағы президент сайлауының кері салдарының ықпалын әлсіретуге дайындықты бастап кетті. Ресей рублі де геосаяси тәуекелдердің ықпалында қалды. Сарапшылар рубльдің әлсіреуі алдағы уақытта жалғаса беретінін айтып отыр.

Мұнай бағасының шешуші факторларын COVID-19 және ОПЕК+ мүшелерінің саясаттағы ендігі бағыты анықтайды.

– Ұлттық банк сыртқы және ішкі нарықтардағы оқиғаларға бақылауды жалғастырады және төтенше жағдайлар туындаған кезде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолда бар құралдардың барлық спектрін пайдалануға дайын, – дейді Ә.Молдабекова.

Ресейлік экономистер рубль қыркүйек-қазан айларында құн­сызданады деп болжам жасап отыр. Көрші валютаның әлсіреуі теңгенің теріс динамикасы қаупін тудырады. Апта басынан бері са­рап­шылар «қазақ теңгесінің ба­ғамы қалай өзгереді және мем­­лекет теңгенің нығаюына қа­лай түрткі бола алады?» деген мәсе­леге алаңдай бастады. Ресей руб­лі­нің әлсіреуі жаңа девальвация қау­пін еселетіп жібергенін көріп отырмыз.

Жыл басынан бері рубль 21%-ға әлсіреді, түрік лирасы, бра­зи­лиялық реал және оңтүстік аф­рикалық рандпен бірге ең көп зардап шеккен валюталар тобына кірді. Өткен аптадан бастап ғаламтордың ресейлік блогында да рубльдің тағдыры туралы қарама-қайшы болжамдар пайда болды – кейбір сарапшылар оның уақытша нығаюын болжайды, ал басқалары ресейлік банктер есеп айырысудың доллармен есептелетінін айтып жатыр. Қазірдің өзінде ресейлік валюта G-20 елдерінің ішіндегі ең құбылмалысы болып шықты.

Тамыз айында кез келген елдің валютасы салық демалысы, адам­дардың еңбек демалы­сын алуы, саяхаттауы тәрізді мау­сым­дық фактордан күш алып, қазан айына дейін ес жиып қалатын. Бұл жолы екі фактор­дың да әсері аз болған тәрізді. Пандемия қыспағынан ШОБ-тың 80 пайызы салықты аз төледі, шетелге саяхаттау шектелді. Теңгеміздің қыркүйек айы басталмай жатып алқынып қалуына осы факторлар әсер еткенге ұқсайды.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар