Білім • 21 Қыркүйек, 2020

ҰБТ-2020: қорытынды көңіл көншіте ме?

281 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлттық бірыңғай тестілеудің жылдағы «жыры» грант тағайындалып, мемлекеттік білім беру грантын иеленгендердің тізімі жарияланған соң бітетін. Биыл бұлай біте салмады. Білім беру гранттарын тағайындау бо­йынша Мемлекеттік комиссияның шешімінен кейін қолда тұрған грантынан айырылып қалғандар болды. ҰБТ-ның орташа ұпайы төмендеді, шекті балл жинаған талапкерлердің саны айтарлықтай азайды.

ҰБТ-2020: қорытынды көңіл көншіте ме?

 

Талаптан талап туады

Қоғам, ата-ана, мұғалімдер, тіпті талапкерлер әрдайым ҰБТ-ның әділ өтуін талап етеді. Осы талаптан Білім және ғылым министрлігі талапкерлерге арналған жаңа бір талапты енгізді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:

«Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу ерекше болды. Бастысы, ашықтық пен әділдікті барынша қамтамасыз етуге тырыстық. Өткен жылы академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін ере­же­­лерді қатаңдату туралы шешім қа­был­дадық.

Осылайша қолданып үлгерсе де, үлгермесе де тыйым салынған заттармен тестілеуге кірген талапкерлердің нәтижелерін жою туралы жаңа норма енгізілді. Тіпті тестілеуде қолдануға тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет еткендер емтиханға мүлде жібе­ріл­­мейтін болды», деді.

Иә, бәріміз білетіндей, бұрын кіре­бе­ріс­тегі тексеру кезінде металл іздегіш құралдар арқылы телефон табылса, оны сондағы жауапты адамдар алып қалатын. Бірақ талапкер тестілеуге жіберіле бе­ре­тін. Осындай ереже бұзушылар саны жыл сайын еліміз бойынша 100-150 мыңнан асады. Егер емтихан кезінде телефонмен ұсталып қалса, комиссияда оның телефонды қолданып үлгергені дәлелденуі керек еді. Тек сонда ғана талапкердің нәтижелері жойылатын. Әрі бұл процесс тестілеудегі басқа талапкерлерге кедергі келтіріп, уақытын алатын еді. Ал қазір қалай?

Биылдан бастап аудитория түгілі кіре­берісте-ақ тестілеуде қолдануға тыйым салынған заттар, айталық, телефон та­былса, талапкер тестілеуге жібе­ріл­ме­ді. Осы норманың нәтижесінде тыйым салынған заттарды емтиханға кіргізуге әрекет ететіндердің саны 70 есеге азайды, 2019 жылы 128 мыңнан аса телефон табылса, 2020 жылы олардың саны 2500-ге жуықтаған.

 

Жазалаушы да жазаланады

Талаптан талап туып, тестілеуді ұйымдастырудың жаңа нормалары енгі­зіл­ген соң бұрынғы көрсеткіштерде едәуір өзгерістер байқалды. Мәселен, ем­тихан қорытындысын жою фактісі 100 есеге көбейді. 2019 жылы 128 телефон алып кіру фактісі орын алып, 24 талап­кердің ҰБТ нәтижелері жойылған. Ал 2020 жылы тыйым салынған заттар табылған барлық 2500 адамға қатаң шара қабылданып, олар тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Міне, осының негізінде ҰБТ-ның орташа ұпайы да төмендеді, пайыздық мөлшерде шекті балл жинаған талапкерлердің саны айтарлықтай азайды.

ҰБТ-ның бір жыры – жемқорлық. Біз бұл туралы тестілеу туралы мақа­ла­ларымыздың бәрінде дерлік жаздық. Ең сорақысы да сол, тестілеу кезінде көбі­не жемқорлыққа жол беретіндер жем­қор­лық жағдайларының орын алмауын қадағалау үшін тағайындалатын комиссия мүшелері еді. «ҰБТ-2020: талапты бұзған талапкердің тағдыры» атты мақа­ламызда комиссияға мүше болған бел­сенді мұғалім Айман Сағидулла кіреберістегі тексерісті жүргізетін адам­­ның әлдебір талапкерді арнайы ап­­п­арат онда телефонның бар екенін біл­­діріп шиқылдаса да тестілеуге кір­гі­зіп жібергенін айтып еді. Мұндай фактілер жетерлік. Ал жақында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов тестілеудің барлық бейне­жазбаларын тексеру кезінде әлде­не­ден көшіріп отырған талапкерді камерадан көрсетпей көлегейлеп тұрған ко­миссия мүшесінің әрекетін видеодан (бетін бұлдыратып) көрсетті. Мысал­ға келтірген дәл осы екі жауапты адам шын мәнінде талапты бұзған талап­кер­лерді жазалауға міндетті еді. Бірақ талап­кердің тәртіпті сақтауын қасақана бақыл­а­мағандар және сондайға жол берген комиссия мүшелерінің өздері жазаланды.

«Бұл – тестілеудің әділ өтуі үшін жасалған қадам. Биыл ҰБТ өткізу ереже­ле­рін бұзғаны немесе жұмысты нашар ұйымдастырғаны үшін 20-дан аса комиссия мүшелері мен басшылары жазаланды. Күн сайын ҰБТ пункттеріндегі комиссиялардың құрамына өзгертулер енгізуге, міндетіне немқұрайды қараған әріптестерімізді ауыстыруға немесе бұл жұмыстан шеттетуге тура келді. Бұған қоса бірнеше пунктте жаппай бұзушылықтардың ашық және өрес­кел түрде орын алуына байланысты тес­ті­леуді мүлдем тоқтатуға және бас­қа күндерге ауыстыруға мәжбүр бол­­дық. Мұндай жағдай Шығыс Қа­зақ­стан мен Түркістан облыстарында кез­десті. Дегенмен Білім және ғылым сала­сындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен Арнайы мониторингтік топтағы әріптестеріміздің белсенділігі, бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қажетті тәртіпті орната алдық. Мұндай шешімдерді қабылдау оңай емес. Талап­кер­лердің әлі бала екенін түсінеміз, десе де оларды ережені сақтауға, өз күшіне ғана сенуге үйрету – маңызды», деді министр А.Аймағамбетов.

 

Сұраққа да сұрақ көп

Кейбір пысық талапкерлер тес­ті­леу­дегі мән-мағынасы жоқ сұрақ­тар­ды қосымша берілетін қағазға түртіп немесе еске сақтап шығатын. Содан соң оны әлеуметтік желілерде жариялайды. Биыл тестілеуге телефон алып кірген кейбір талапкерлер сырттағы «сынаққа сақадай сай мұғалімдерінен» көмек сұрап, WhatsAрр желісіндегі чаттарға сынақ кітапшаларын суретке түсіріп жіберген. Оны біз де көрдік. Расымен, ондағы сұрақтарға, тіпті мұғалімдер қиналып жауап беретін шығар. Себебі сұрақтардың өзі түсініксіз. Біздіңше, ҰБТ-дағы ең оңай сұрақтар – жауабын жаттап алуға болатын тапсырмалар. Ал жауапты тек жаттап алған талапкер қандай маман болады?

Министрдің мәлімдеуінше, алдағы уақытта ҰБТ сұрақтары SAT, PISA секіл­ді тестердің үлгісі бойынша то­лық жаңартылмақ. Осыған байланыс­­ты А.Аймағамбетов: «Сұрақтардың мазмұны әлі де көңілімізден шықпайды. Соңғы бірнеше жылда тестілеу сұ­рақ­тарының базасын жаңарту бо­йынша жұ­мыс жүргізілгендігіне қара­мас­тан, сұрақтардың басым бөлігі әлі де қа­жетсіз фактілерді жаттап, есте сақ­тау­ға бағытталған. Сыни ойлау мен функ­ционалдық сауаттылықты бірінші орынға қоймаса, оқу про­це­сінің маңыздылығы жоғалады. Функ­цио­налдық сауаттылыққа және білімді өмірде қолдануға басымдық беретін кез келді. Осыған орай енді алдымыз­да тесттің базасын SAT, PISA се­кілді тесттердің үлгісі бойынша то­­лық жаңарту мәселесі тұр. Бұл – мүл­де басқа сипаттағы тапсырмалар, яғни ҰБТ-да жаттап алуға, көшіруге мүмкіндік бер­мей­тін сұрақтар болуы керек. Атал­ған шараның барлығы алдын ала ғылыми деректердің негізінде сарапшылар мен педагогтердің талқылауы арқылы қабылданатыны сөзсіз. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданады», деді.

Мағынасыз сұрақтар – ҰБТ-ның тағы бір жыры. Бұл мәселе министрдің осы айтқан шешімінен кейін біржола біте ме, белгісіз. Оны уақыт көрсетеді.

 

Жасанды интеллект жемқорлыққа жол бермейді

Сенесіз бе, тестілеудің әділ өтуін қам­та­масыз ету үшін құрылатын комиссия мен комиссия мүшелерінің жұмысына миллиардтаған ақша бөлінеді. Ал комиссия мүшелерінің кейбірі, жоғарыдағы жағдайдан көз жеткізгеніміздей, мем­ле­кет­тің қаражатын желге шашып отыр. Сонда қайтпек керек? Ведомство бас­шысы А.Аймағамбетовтың айтуын­ша, цифрландыру дәуірінде комиссия құрамында бірнеше мың адамның болуын қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге жұмсауға жол берілмеу керек, оның үстіне бұның нәтижесі тиімсіз. Сон­дықтан мұндай рәсім енді заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген электронды форматқа өтеді. Шыны керек, бұл жұмыстың бастамасын биылғы ҰБТ қорытындысынан және нәтижесінде грант иеленіп тұрып қайтадан айырылып қалғандардың шыққанынан көріп отырмыз.

Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Д.Смағұлов тамыз айының аяғын­д­а қолдағы гранттан қайта қағыл­ған­дар­ға қатысты:

«ҰБТ бейнежазбаларының қоры­тын­дысы бойынша 158 тестіленушінің нәтижелері жойылды, олардың 97-сі грант иегері атанған еді. Өкініштісі, сол грант иеленген 97 тестіленушінің ішінде 138 балл алған түлек те бар. Осыған орай енді әділ тапсырған, бірақ грантқа өтпеген 97 бала 2 апта ішінде грант иегерлері атанып, тіркеледі. Өкінішке қарай тәртіпті қамтамасыз ететін кезек­ші­нің өзі қылмыстық әре­кет­ке байланысы бар екені туралы фак­ті­лер анықталды. Қараңыздаршы, сұрақ кітапшасын асқан «батырлықпен» фотоға түсіріп отырған баланы дене­сі­мен камерадан қалай жауып тұрған сол бейнежазбадағы комиссия мүшесінің ең болмағанда білім беру саласынан жұмыстан босатылуын, ал одан бетер шара ретінде қатал жауап­кер­шілікке тартылуын талап етеміз. Адамдарға сенбеймін. Бірақ техно­логияларды жақсы көремін, өйткені технологиялар сатып кетпейді», деп жазды.

Кейін белгілі болғандай, бейне­жаз­балардың қорытындысы бойынша грантынан айырылған 97 талапкердің орнына тестілеуді әділ тапсырған 97 талапкердің грант иеленгені жарияланды. Жемқорлықтың жолын кесуді қаласақ, шынымен де ҰБТ-ны толықтай автоматтандыру керек-ақ.