Театр • 21 Қыркүйек, 2020

Сахнада – Жұбан Молдағалиев

1018 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толады. Ақынның ғасырлық мерейтойына орай туған жері Батыс Қазақстанда кешенді шаралар басталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Сахнада – Жұбан Молдағалиев

Соның бірі – Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ұсынғалы отырған бір актілі «Жұбан» поэтикалық драмасы. Бұл туынды Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен белгілі драматург Мәдина Омарованың шығармашылық тандемінен дүниеге келген.

- Карантиндік қатаң шектеу шаралары аз да болса бәсеңдеген сәтті пайдаланып, қазақтың рухты ақыны Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған премьераны көрерменге тарту етпекпіз. Қазіргі таңда театр ұжымы спектакльге қызу дайындық үстінде, - дейді театр директоры Салтанат Әбілғазиева.

Бұған дейін қазақ театры сахнасында ақын Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығы өзек болған қойылым болмаған екен. Есімі тәуелсіздікпен егіз аталатын ақынның талайлы тағдыры сипатталатын туындыға театр ұжымы ерекше жауапкершілікпен келіпті. Жұбан туралы қойылымға дайындық бастамас бұрын ақынның туған жері – Ақжайық ауданына, атап айтқанда, Сайқұдық, Қурайлысай ауылдарына сапар шегіп, Жұбан жүрген жолдармен жүріп, ақынның бейнесін, өмір жолын жан-жақты ашуға септігін тигізер деректермен танысқан, барынша зерттеу жүргізген.

- Осы орайда Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бастаған ел ағалары мен жолбастаушымыз болған ақын ағамыз Сағынтай Бисенғалиевке шынайы жанашырлығы үшін ерекше риза болдық. Бұрын Сайқұдық ауылындағы Мәдениет үйінің меңгерушісі қызметін атқарған Туғанай Елубаева апамыздың, Жұбан ақын ауылға келген кезінде көлік жүргізушісі бола жүріп, талай мәрте сапарлас болған, бүгінде жасы 90-ға келген Мақсот Шәкимов атамыздың, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болған малшы, бүгінде жасы жетпістен асқан Әбілхайыров Наурызғали атамыздың Жұбан ақын туралы естеліктері ерекше әсер сыйлады, - дейді директор.

Театр ұжымы ақынмен жолдас болған, жақын араласқан жандарды іздеп тауып, ақынның шынайы болмысын, ақындық мінезін барынша зерттеген екен. Мәселен, еңбек ардагері, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болған Ғазиз Хаймулдин ақынның лауазымды қызмет жүгін арқалай жүріп, әрдайым туған жеріне де ерекше көңіл бөлетінін, кейбір күрделі мәселелердің шешілуіне ықпал еткенін айтқан. Ал Жұбанның отағасы, әке ретіндегі бейнесін ашуға ақынның немере қарындасы, Алматыдағы бес жыл студенттік шағын Жұбанның үйінде өткізген Сәуле апайдың естеліктері көмектескен. Белгілі ақын, жұбантанушы Үзілдік Елубайқызы да Жұбан Молдағалиевтің ақындық бейнесі, шығармашылығының өзегі жайлы жайттарды талмай айтады. Ал ардақты ақынның жұбайы, бүгінде тоқсанның төрінде отырған София апаны осы қойылымның бас кеңесшісі десе де болатындай. Телефон арқылы жиі тілдесіп, ақын болмысы, мәрт мінезі жайлы талай таңғаларлық деректерді айтып берген.

Қойылым авторларының бірі Мәдина Омарова Хадиша театрында бұған дейін «Жолаушы», «Жалт еткен бір сәуле» шығармаларын сахналап, оралдық көрерменге әбден таныс болған. Оның қаламынан туған «Ақтастағы Ахико» қойылымын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры Жапонияның астанасы Токио қаласында қойғаны белгілі.

Жұбанға арналған жаңа қойылымды сахналайтын – осы театрдың бас режиссері, Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай өткен республикалық театрлар фестиваліне Ермек Аманшаевтың «Дауыс немесе Дау іс» абсурдтық спектаклімен қатысып, «Шығармашылық жетістіктері үшін» номинациясының лауреаты атанған Гауһар Адай. Ал қоюшы және костюм жөніндегі суретшісі – Еуразия шығармашылық Гильдиясының мүшесі (Лондон), Нұр-Сұлтан қаласындағы Жастар театрының суретші-декораторы Гүлдана Жұрқабаева. «Жаңа қойылымда бәрі де жаңаша болмақ. Спектакльге қажетті костюмдердің дені жаңадан тігілді» дейді ұйымдастырушылар. Басты рөлді Орал театрының байырғы артисі, Мәдениет саласының үздігі, тәжірибелі тарлан Теміржан Матаев сомдайды.

Айта кету керек, қойылым кезінде карантиндік шара қатаң сақталмақ. Театрдағы көрермен залы 310 орындық болғанымен, қойылым премьерасы аздаған адам жиналатын жабық көрсетілім форматында өтеді. Залда карантиндік талапқа сай арақашықтық сақталады. Медициналық қорғаныш құралдары, антисептиктермен қамтамасыз ету қарастырылды. Ал қалың көрермен «Жұбан» қойылымын Aqjaiyq телеарнасы арқылы тікелей эфирде немесе монтаждалған түсірілім нұсқасында көреді.

- Қойылым Жұбанның Колбин алдында желтоқсан туралы шындықты айтып, туған халқына араша түсетін жиналыс сәтінен бастау алады. Ақын бойына дарыған батырлықтың бастауы, өзгелерден оқ бойы озық тұруының сыры, асқақ рухының түп негізі балалық және бозбала шағымен, ересек өмірмен астасып сипатталады. Жалпы, бұл қойылымда реквизит көп болады. Сахнада бой көрсететін түстердің де өзіндік мағынасы бар. Түс арқылы психологиялық тұрғыдан ой түюге болады. Көрерменге ойлы дүние ұсынамыз деп отырмыз, - дейді Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Гауһар Адай.

 

Батыс Қазақстан