Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2020

Ауылдағы театр кішкентай көрермендерін қуантуға асығады

450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

"Ел іші – өнер кеніші" деген сөздің бекерге айтылмағанын осы бір алақандай ауылдың мәдени өміріне қарап айтуға әбден болады. Ол ауылдың атауы – Қаракемер. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты елді мекенде еңбек көрігімен қатар руханиият алауы да еш сөнбеген екен. Қазір аймақтағы жалғыз балалар театры аталып жүрген өнер ұжымы да осы ауылда құрылып, буынын қатайтқан, деп хабарлайды Egemen.kz

Ауылдағы театр кішкентай көрермендерін қуантуға асығады

- Біздің Қаракемер ауылы ежелден қайнаған еңбектің, жайнаған өнердің өлкесі атанған жер. Бұл киелі жердің топырағынан талай дүлдүлдер мен бұлбұлдар, спортшылар мен батырлар түлеп ұшқан. Аядай ғана ауылдан Кеңес Одағының қос бірдей батыры – Қашаған Жаманқараев пен Рахымжан Тоқатаев есімді ерлер шыққан. Көрікті мекенде композитор Қуат Шілдебаев туғанын мақтанышпен айтамыз. Туған жеріне жанашырлық танытып жүрген атпалы азматтар да баршылық. . Ол тізімнің басында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева тұрғанын айтқан орынды. Енді осындай ауылдың тыныс-тіршілігі гүлдеп, мәдениеті мәуелеп тұруы заңдылық қой, дейді Қаркемер мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекова.

Арайлымның өзі облыс орталығындағы қызметін тастап, ауылға оралған екен. 2014 жылы күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілген ауылдағы мәдениет үйінің тізгінін ұстауға ұсыныс түскенде бірден келіскен. Өйткені, ауыл азаматтары ел руханиятын көтеруге баса мән беріп, алыстан аттай қалап алдырған мамандардың баспана мәселесін бірден шешіп беріпті. Сол жылдан бастап ауылдың ақсап тұрған мәдениеті өз сүрлеу жолын салып, өзгеше белең алды. Ашылған жылы-ақ өнер қазанында қайнап, өз істерінің кәсіби мамандары жасақталып, Мәдениет үйі ерекше леппен жұмысын бастап кетті. Мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекқызы өз жұмысын ауылдағы өнерлі әжелердің басын қосып, «Інжу-маржан» халық ансамблін құрудан бастайды. Сондай-ақ, осы жылы ауылдың дарынды жастарынан құралған «Кемерсаз» этнофольклорлық ансамбль дүниеге келеді. Жылдармен бірге жоғары өрлеген Мәдениет үйінде қазіргі таңда 12 штаттық бірлік жұмыс істеп тұр. Оның жетеуі кәсіби маман болса, бесеуі кіші қызметкер санатында. Мұнан бөлек, Мәдениет үйінің қабырғасында 12 үйірме үздіксіз жұмыс істейді. Айтпақшы, 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқар Наймантаевтың мұрындық болуымен Қаракемерде драма үйірмесі ашылған болатын. Арада екі жыл өткесін түрлі іс-шараларға арналған қойылымдарымен көкремен ықаласына бөленген ұжымға Алматы облысы мәдениет басқармасының қолдауымен 3 штаттық бірлік беріліп, "Қаракемер балалар театры" болып құрылды. Ал осы театр әртістері әзірлеп, ас көрермендер назарына ұсынған "Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі" атты қойылымды өңірдің балалары әлі де еске алып, сөз етеді екен.

...Ақылды балақайлардың зәресін алған алып Диюмен айқасуға бел буған Алдаркөсе әбжіл «Өрмекші адам» мен жүйрік Маккуин және мазасыз Маша қызбен күш біріктіруі мүмкін бе? Әбден мүмкін екен... Әкелер оқыған ертегі кейіпкері мен балалар танымындағы комикс бейнелердің басын қосатын сахналық қойылымнан кейін кішкентай көрермендер осындай ой түйіпті. Біз сөз етіп отырған сахналық сюжет М.Әлібектің «Алдаркөсенің сиқырлы дүрбісі» атты ертегісінің желісімен қойылған миниспектакльде көрініс тапқан. Әрі бұл ертегінің алыстағы ауылдың шағын театрында қойылуының өзі бір қызық емес пе? Осылайша, Қаракемер ауылындағы балалар театры келушілеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлап, сахна көркін келтіргені анық.

- Қаракемер ауылдық Мәдениет үйінің ұжымы 2019 жылы Мәдениет және Спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық «Рухани қазына – 2019» фестиваліне қатысты. Мұндай үлкен деңгейдегі байқауға қатысы жолдамасы кез келген ауыл өнерпаздарына бұйыра бермейді ғой, яғни, бізге зор сенім жүктелді. Оның үстіне күллі елдің түкпір-түкпірінен келетін мәдени саңлақтардың додасында облыстың намысын қорғау-үздіктердің ішіндегі үздіктерге еншіленетін сыбаға. Ал байқауда ауыл, аудан, қала берді облыстың үмітін ақтап, үздік нәтижеге қол жеткізу өз кезегінде біздің ұжымға үлкен жауапкершілік жүктеді. Үміт, сенімді ақтау үшін мәдениет үйінің қызметкерлері барын салып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ыждақаттылықпен жұмыла кірістік. Нәтижесінде, «Рухани қазына – 2019» фестиваліне қатысқан Қаракемер мәдениет үйі республика бойынша «Үздік мәдениет үйі» номинациясы бойынша топ жарып шықты, дейді Қаркемер мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекова.

Алматы облысы