05 Қараша, 2013

Жер несібесі – халық игілігіне

376 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Париж1867-1ЭКСПО шежіресі: Париж, 1867 жыл

Төрткүл дүниені тамсандырған халықаралық көрмелер тарихында төртінші рет өткен ЭКСПО 1867 жылы Парижде болды. Бұл ЭКСПО-ның Францияда екінші рет өтуі еді. Осыған дейін айтып өткеніміздей, мұндай әлемдік деңгейдегі көрме Парижде алғаш 1855 жылы өткізілген болатын. Екі көрме де Наполеон III кезінде ұйымдастырылды. Бұл Францияда бірқатар демократия орнап, елдің экономикасын, өндірісін дамытуға жаңаша бетбұрыс басталған шақ еді.

 

ЭКСПО шежіресі: Париж, 1867 жыл

Париж1867-1

Төрткүл дүниені тамсандырған халықаралық көрмелер тарихында төртінші рет өткен ЭКСПО 1867 жылы Парижде болды. Бұл ЭКСПО-ның Францияда екінші рет өтуі еді. Осыған дейін айтып өткеніміздей, мұндай әлемдік деңгейдегі көрме Парижде алғаш 1855 жылы өткізілген болатын. Екі көрме де Наполеон III кезінде ұйымдастырылды. Бұл Францияда бірқатар демократия орнап, елдің экономикасын, өндірісін дамытуға жаңаша бетбұрыс басталған шақ еді.

Париж1867-7

1867 жылғы ЭКСПО Париждің Марсово алқабында орналасты. Көрмені 11 сәуір күні император Наполеон ІІІ-тің өзі ашып берді. Шара алты-жеті айға созылды. Оған осы аралықта 10 миллионға жуық адам келіп, көрген екен. Олардың арасында ең танымал тұлғалар, мемлекет қайраткерлері де болды. Мәселен, Португалия патшайымы Мария Пиа Савойская, Швеция ханзадасы Оскар, Бельгия королі Леопольд II және оның әйелі Мария-Генриетта, орыс патшасы Александр II, түрік сұлтаны Абдулазиз, жапон ханзадасы Токугава Акитаке, Отто фон Бисмарктер көрмені тамашалаған.

Марсово алқабындағы ЭКСПО-ның жалпы аумағы 50 гектарды алып жатты. Сондай-ақ, ол Марсоводан асып Бийянкур және Сеген аралдарын қамтыды. Ал көрмені өткізуге қаржы көзі негізінен мемлекеттік бюджеттен, одан қалды жазылу арқылы жиналған қаражаттан құралды.

Марово алқабында негізгі құрылыс 1865 жылы басталыпты. Құрылыстың жобасының авторы, инженер Жан-Батист Кранц және архитектор Леопольд Харди. Көрмедегі басты павильон 490х380 метр дөңес формада болды, оның жалпы аумағы – 146 мың шаршы метр. Ол темірден және шыныдан жасалды. Құрылысшылар көздің жауын алған ғажайып нысан, басты павильон құрылысын бар болғаны екі жылда аяқтапты. Құрылысқа барлығы 1626 мың жұмыскер қатысыпты. Бас павильонның жан-жағында 16 жолақ аллеямен бөлінген 7 галерея шоғырланды. Ол дөңес павильонды негізгі көрме алаңынан бөліп тұрды. Сыртқы гале­реяда көбіне дәмхана және мейрамханалар орналасты. Ал ішінде көне заманғы грек храмдары, түрік моншалары, романдық стильдегі шіркеулер, готикалық ғимараттар болды.

Басты ғимарат саябақта орна­ласқан болатын. Мұның маңайында 200 нысан, оның ішінде түрлі елдердің ұлттық 24 павильоны болды. Ал ауылшаруашылық бөлімі Сена ағысының төменгі жағын­дағы Бийянкур және Сеген арал­дарында орналасты. Бұл жер жағалай орналасқан ферма сияқты кейіпте еді. Онда жер өңдеу, ауыл шаруашылығына байланысты түрлі әдіс-тәсілдер көрсетілді. Мә­селен, ірімшік, май, нан, сұйық май, шұжық, арақ-шарап жасау, кө­бік, зығыр өңдеу, себеттер жасау, кірпіш құю және тағы басқа нәр­селердің жасалу, өндірілу әдіс-тә­сіл­дері іс жүзінде көрсетіліп жатты.

Көрменің дайындығына бүкіл Францияның бетке ұстарлары мен атқа мінерлері толықтай атсалыс­ты. Шараның басталуына дейін Париждің жолнұсқасы жасалды. Оны жасауға әйгілі жазушылар В.Гюго, Т.Готье, А.Дюма, Э.Ренан, Ш.-О.Сент-Бев сынды тұлғалар қатысты. Көрменің ашы­луына арнайы жазылған Дж. Россинидің «Наполеон III және оның халқына ода» деген туындысы шараның бас­ты әнұранына айналды.

Көрме жұмысына қатысу­шы­лар құрамы оның алдыңғы көрмелер­ге қарағанда айтарлықтай өзгерген жоқ. Барлығы әлемнің түкпір-түкпірінен 50226 адам қатысты. Оның 15055-і Франция және оның қол астындағы елдерден еді. Көрмеге қойылған француздық жәдігерлер шамамен 63,5 мың шаршы метрді алып жатты. Ал екінші орынды (басты алаңдағы 21 мың шаршы метрде орналасқан 6176 жәдігерімен) Англия иемденді.

1867 жылғы көрменің алдың­ғыларынан айырмашылығы – онда арнайы тақырыптық павильон­дардың болуы. Айталық, «Тәр­бие, жұмыс және жұмысшы қауым­ның хал-ахуалы», «Құрылыс мәдение­ті», «Бақша егу» сияқты атаулармен 95 сыныпқа бөлінген барлығы 10 тақырыптық топ жасақталды. Басты мазмұн егін шаруашылығы және еңбек тарихы болатын. Негізінен, «табиғат байлығы игеріліп, жер несібесі халық игілігіне жарауы тиіс» деген ұранмен үндесті.

Көрмеге келушілер назарына экономика мен сауданың өсу толқынында туындаған өндірістік жаңалықтар ұсынылды. Мұнда ең бастысы, ғылымға ерекше көңіл бөлінді. Арнайы орындарда ғылыми дәрістер оқылып, жария­лы түрде тәжірибе алмасылды. Ғылыми жетістіктің түрлі құрал-жабдықтары, бұйымдары қойылды. Табиғатты зерттеушілердің қызығушылығынан туындаған жаңалықтар жарыққа шықты. Жер өңдеу, егін шаруашылығына қажетті ойлап табылған жаңа техникалар, мәселен, электр қуатымен жұмыс істейтін шамдар, суасты кабельдері, гидравликалық лифтер, шар тәрізді болттар, механикалық қамыр илегіш, телеграфтық Хьюга аппараты да осы көрменің жемісі болды. Әсіресе, жер өңдейтін түрлі құралдар ойлап табуға аталмыш көрменің ғылыми жетістігі зор әсерін тигізді десе болатындай. Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш көрмеге қатысушы елдердің арнайы ұлттық павильондары жасалды. Бұл – 1867 жылғы ЭКСПО-ның осыған дейінгі көрмелерден тағы бір ерекшелігі саналады. Көрме көрермендері Тиролдың «деревнясын», орыстың «избасын», Египеттің керуен-сарайын, шығыс мұнараларын, түріктің моншасын, Қытайдың театрын, ағылшындардың «коттеджін», америкалықтардың «ранчосын», голландықтардың «фермасын» және римдіктердің «үңгірлерін» тамашалады.

1867 жылғы ЭКСПО-ның өндіріс саласындағы ең жоғары жетіс­тіктерінің бірі – салмағы 38,4 тоннаны құраған германдық Крупптың болат кесегін айтуға болады. Пьера Мартенаның әдіс-тәсілімен жасалған бұл металдың рельсі бессемер болаттан жасалып­ты. Көрмеде сондай-ақ, қару-жа­рақ экспонаттары көп болды. Ал Крупптың салмағы 90 тонналық зеңбірегі бүкіл әлемді таңғалдырды. Сол үшін оған император Наполеон ІІІ легионның Құрметті офицері атағын берді.

Көрмеде жоғары баға алған, гран-при мен 100 мың франкты иеленген өнертапқыш, химик Август Вильгельм Гофман болды. Ол бұл сыйлықты таскөмір смоласын өндіру және синтетикалық бояғыштар шығаруды ойлап тапқаны үшін алды. Сондай-ақ, орыс академигі Борис Якобтың гальванотехникасы да жоғары бағаланды. Ал ғалымдар Николаусо Отто және Ойгено Лангено іштен жанатын қозғалтқыш ойлап тапқандары жөнінде жаңалық ұсынып, көрме көрермендерінің зор ықыласына бөленді. Бұл көрменің тағы бір жаңалығы ауыр қара металл түрінде түйіршік күйімен жатқан уран болды. Ал мұның бәрі 1867 жылғы ЭКСПО-ның ғажайып жетістіктері саналады.

Сонымен қоса, «Египет пар­кінде» Огюст Мариет өзінің архео­логиялық заттарын көрсетсе, «Еңбек тарихы галереясында» Жак Буше де Перттің зерттеп, қазбадан тапқан ықылым заманғы ең алғашқы еңбек құралы тұрды. Орыс химигі Дмитрий Менделеевтің өнер және этнографиялық бұйымдары павильондағы көп орынды алып, көрмені тамашалаушыларды тамсандырды.

Иә, бұл бізден екі ғасыр бұрын болған халықаралық көрменің ғажайыптары. Ал қазір жиырма бірінші ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған заманы. Бүгінгі жетістіктерімізге сол дәуір­лерде ашылған ғылыми жаңалықтар бастау болғанына ешкім дау айта алмас. Ендеше, елімізде өткелі отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сінің де талай жаңалыққа себеп болып, әлем экономикасының, жаһан ғылымының жетістігін үстеп, адамзат өмірінің қолайлылығын арттыра түсеріне әсері боларына сенім зор. Сонау замандардың өзінде осынша абырой-атақпен, зор салтанатпен өтіп, бүкіл әлем елдерінің басты шарасына айналған ЭКСПО тарихына көз жүгірте отырып мұндай шараның араға ғасырлар салып біздің елімізде, Қазақстан даласында өтуі зор жауапкершілік, үлкен абырой екенін аңғару қиын емес. Енді, біздің елде де бұл шара осындай биік беделмен, аса зор абыроймен өтсе деген тілектеміз.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».