05 Қараша, 2013

«Шабыт» келді шаңқылдап шағаладай

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

logo-шабытАстанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында шығармашыл жастардың Халықаралық XVI «Шабыт» фестивалі салтанатты жағдайда ашылды.

logo-шабытАстанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында шығармашыл жастардың Халықаралық XVI «Шабыт» фестивалі салтанатты жағдайда ашылды.

Міне, биыл ол он алтыншы мәрте өнерлі жастардың шығармашылығын шыңдайтын жарыс алаңына айналып отыр.

Алдыңғы жылы 8 аталым бойынша «Шабыттың» шыңына шығып, гран-при иеленген Әйгерім Бекетаева, Толқын Тұрысбеков, Рахат Жақсыбай, Олжас Құрманбек және Президенттік кубок иегері Мұхтар Өселбаев өз лебіздерін білдірді.

Аталмыш фестивальдің ашылуына орай Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтің құттықтау сөзін Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов жеткізді. «Өнер жолы қашан да күрделі, табиғи талантты, тынбас еңбекті, тума дарынды талап етеді. Бұл ретте, біздің руханиятымыздың өлшемі мен өресі, ең алдымен, өнегесі мол, талантты да талапты шығармашыл жастарға байланысты. Бүгінгі фестиваль Астананың ең алғаш Арқа жеріне қазығын бекітіп, елордалық мәртебесін алған 1997 жылдан бастап, жыл сайын жас таланттардың талабын шыңдап, арманына қанат байлап келеді. Бүгінде талай жастардың есімін елге танытуда бұл байқау­­дың атқарар рөлі орасан зор деп айтуға болады», – делінген өнер мерекесіне қатысушыларға арналған бұл құттықтауда.

Салтанатты жиында «Шабыт» фестивалінің 2010 жылғы гран-при иегері Жәмила Жарқынбаева, «Астана сити балет» модерн-балет мектебінің бишілері және музыкант Руми, «Астана-Опера» театрының солистері Әйгерім Бекетаева мен Тайыр Ғатауов және Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері өз өнерлерін ортаға салды.

Биылғы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен қатар Мәскеу, Уфа, Қазан, Ташкент, Бішкек, Самара, Баку және Варна (Болгария) қалаларынан да өнерлі жастар қатысуда екен. Барлығы 200-ден аса жас өнерпаз «Классикалық музыка», «Бейнелеу өне­рі», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Үздік әдеби шығарма», «Хореография» аталымдарында бақ сынасады. Ал, осы аталымдар бойынша қатысушылардың өнерін бағалайтын қазылар алқасының құрамында КСРО халық әртісі, Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясының профессоры Рамазан Бапов, Қолөнершілер одағының төр­айымы, Суретшілер одағының және WCC – Europe мүшесі Айжан Бекқұлова, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази, «Дон Милани» институтының про­фессоры, дирижер Пауло Бионкалано (Ита­лия), Ресей Федерациясының еңбек сіңір­ген әртісі, П.Чайковский атындағы Мәскеу кон­сер­ваториясының профессоры Владимир Шиш (Ресей), Украинаның еңбек сіңірген өнер қай­раткері, Украина музыка академиясының про­фессоры Анатолий Семешко (Украина) және Сарыарқа ұлттық аспаптар ансамблінің көр­кем­дік жетекшісі Нұрлан Хамзин бар.

Қарашаның 3-і күні ашылған шара 8-інде өз мәресіне жетеді. Байқауға қатысушыларға дипломант атағы және әрбір аталым бойынша атаулы дипломдар тапсырылады. Ал, жабылу салтанатында болатын гала-концертте гран-при иелері анықталып, Бас жүлде – Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы табысталады.

Нұрзада КҮМІСБЕК,

Еуразия ұлттық университетінің студенті.