Ашығын айтқанда аймақта мұнай-газ өндірісін дамытып, химия кешендерін қалыптастыру ісі басым сипат ала алмай келеді. Ендеше, аумақтық даму жолындағы Орал өңірінің артықшылығы мұнай мен газды өңдеу деп ой қорыту қисынға келе қоймайды. Бұдан шығатын басты түйін – облыс әлі күнге дейін нақты даму жолын айқындай алмай келе жатқандығы.
Ақжайық аймағына қандай даму бағыты тән? Мұнай-химия кешені ме? Жоқ, әлде өнеркәсіптік бағыт па? Немесе ауыл шаруашылығы ма? Әлде тамақ және тоқыма өндірісі ме? Қалай дегенмен бұлардың аражігін дөп басып айту қиын-ақ. Теңгерімді аумақтық дамытудың негізі алғашқы айтылған сала деп тұжырымдасақ, «КПО б.в.» альянсы мен «Конденсат» және «ЖайықМұнай» секілді жекеменшік компаниялар облыс экономикасының өрге басуына айтарлықтай сүбелі үлес қосып отырмағаны айқын. Әрине, жыл сайын кейбір әлеуметтік сипаттағы жобалар мен нысандарды тұрғызуға аталған компаниялар есебінен белгілі бір деңгейде қаражат бөлініп тұратынын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен тұтастай алғанда мұның өзі өңір экономикасының өсіміне ықпал жасай алмайтыны тағы да аян. Осы ретте сәл шегініс жасар болсақ, сонау 90-шы жылдардың орта шенінде өнімді өзара бөлісу жөніндегі шетелдіктермен жасалған келісімшарттарға сәйкес Қарашығанақ кенішінде Бірлескен басқару комитеті (ББК) деген айрықша басқару құрылымы болғаны ұмытыла қойған жоқ. Оның құрамы 5-6 адамнан тұрғаны жөнінде деректер бар. ББК-ның басты ерекшелігі, сонда талқыланған мәселеге оның бір мүшесі қарсы болса, шешім қабылданбайды екен. 2000-жылдардың бас кезінде оған Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Қырымбек Көшербаев мүше болып, соның арқасында облыс экономикасын дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қыруар қаражат тартылған еді. Бүгінде кеніште мұндай құрылым жойылған. Кейіннен мұндағы көптеген шетелдік компания қызмет ерекшелігіне қарай Батыс Қазақстан аумағынан Атырауға қоныс аударды. Сөйтіп олардың орнында қалған «КПО б.в» компаниясының әлеуеті мен мүмкіндігі тарыла түсті.
Сондай-ақ қазіргі уақытта Ақжайық аймағында өнеркәсіптік кәсіпорындардың әлеуеті де толық пайдаланылмай жүргені айқын байқалады. Өңірде өнеркәсіпке қолдау көрсетудің тың жолдары мен тетіктері жөнінде ауыз толтырып айтуға тұратындай істің болмай тұрғаны өкінішті-ақ. Бұған дейін жұмыс істеп келген кәсіпорындарды қайтадан жаңғырту мен модернизациялау шаралары аяқасты болып жүргені де қынжылтады. Айталық, бұдан біраз жыл бұрын Орал қаласында Батыс Қазақстан машина құрастыру компаниясы деген аты дардай отандық кәсіпорын құрылып, жұмыс істей бастағанына куә болғанбыз. Қазір қайда сол компания? Көрінбейді әйтеуір. Журналистік әуестікпен бір жолы оның Жайық өзенінің жағасында орналасқан бас ғимаратының қазіргі жай-күйіне назар аударған едік. Оның төңірегі тым-тырыс, өндіріс ырғағы байқала қойған жоқ. Ал компания ғимаратының сұрқы қашып, сыртқы сылақтары түсе бастапты. Сөз жоқ, жоғарыда айтылғандардың бәрі Президент Жолдауында қойылған өнеркәсіптің әлеуетін толық пайдалану жөніндегі аса маңызды міндеттерге қайшы келеді. Мұндай олқылықтардың орын алуының басты себебі тың серпіліс пен сілкіністің жеткіліксіздігінен десек, қателесе қоймаспыз.
Аумақтық даму мен өндірістік циклдарды құруға қажетті басты фактордың бірі – қаражат көздерінің жеткілікті болуы. Мемлекет басшысының «Қазақстанның батыс өңірлері инвестиция тартатын орталыққа айналуға тиіс» деген тұжырымы аталған мәселеде Ақжайық аймағында іс басында жүрген басшы азаматтарға қозғау сала алар ма екен? Бұл мәселе жөніндегі басты жауапкершілік пен салмақты Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев арқалайтыны ешқандай талас туғызбайды.
Тағы бір кереғар жайт – аталған өңірде әлдебір жиын мен басқосу бола қалса, жиі айтылатын, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жазылып, жиі көрінетін бір тәмсіл бар: Бұл – Батыс Қазақстан облысының Ресейдің бес бірдей шекаралық аймағымен шектесетіні жөніндегі әбден таптаурын болған дерек. Сөз жоқ, аталған өңірдің георафиялық, геосаяси және геоэкономикалық тұрғыдан ұтымды орналасуы – жағымды жайт. Әйтсе де осындай шекаралық шектесу өңірге қандай пайда мен тиімділік әкелгені жөніндегі жайттар қағыс қалып қойып жүр. Түйіп айтқанда, мұның өзі отандық тауарларды сату мен инвестиция тартудың таптырмас мүмкіндігі екені ескеріле бермейді.
Рас, бұған дейінгі кезеңде өңірде Ресейдің Саратов, Самара, Орынбор, Волгоград және Астрахань облыстарымен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнінде екіжақты келісімшарт жасалып, тараптар арасындағы қарым-қатынастар оң жолға қойылып келген-ді. Әйтсе де кейінгі кезде Ресейдің губерниялық билігінің өкілдерімен және сондағы мекеме, кәсіпорын жетекшілерімен орнатылған тығыз байланыстардың арқауы босаңси бастағаны байқалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, шекаралық аймақтармен тығыз қарым-қатынас орнату еліміздің шекара маңын дамытудың аса маңызды факторы екенін ескерсек, батысқазақстандық билік өкілдеріне осынау өзекті істі жолға қоюда дүр сілкінуге тура келетіні анық. Әрі солай болатынына да сенім жоқ емес. Ал тұтастай алғанда әзірге Ақжайық аймағының даму деңгейі көңіл көншіте бермейді.
ОРАЛ