Руханият • 22 Қыркүйек, 2020

Қайта оқуыма сұранып тұрады

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Интернетке аңсар ауған мына заманда кітапқа деген көңіл суып бара жатқандай көрінетіні рас. Электронды кітаптарды, сайт материалдарын оқу, мерзімдік басылымдардың жаңалықтары мен салмақты материалдарын интернеттен іздеу күнделікті әрекетімізге айналып кеткелі қашан.

Қайта оқуыма сұранып тұрады

Алайда кітап – жанымыздың ажырамастай бір бөлшегіне айналған құндылық екенін ойымыздан шығармасақ керек. Бала күнімізден кітаппен дос болдық, сол бала досымызға деген адалдығымызды, тұрақтылығымызды сақтап келеміз, дұрысы – сақтауға тырысып-ақ келеміз.

Оқып жатқан кітаптардың барлығын тізбелеп айтып шығуға да болар. Дәріс оқуға дайындық барысында оқылатын еңбектер қатары да баршылық. Соңғы оқығандарым – Джозеф Кэмпбеллдің «Тыся­челикий герой», Кристофер Воглердің «Путешествие писателя» атты еңбектері. Осы  кітап­тардың ара-арасынан жол тауып, өзімнің сүйікті мифологиямды, ертегілерімді қайталап оқи­мын. Менің сүйікті ертегілерімнің ішінде «Ер Төстік» пен «Керқұла атты Кендебай» көш бас­тайды. Бұл ертегілерді аз болса жылына үш-төрт қайтара оқимын. «Ер Төстіктің» татар, қырғыз нұсқаларын да қайталап оқудамын. Қырғыздарда сақталып қалған «Ер Төстік» эпосындағы перінің қызы Айсалқынның Кенжеке сұлуды тілдейтін жері жанымды түршіктіреді... Бұл ертегінің біздің қазақтарда да әу баста эпос түрінде жырланғанына күмәнім жоқ.

Әрине, ұлт әдебиетінің классикалық шығар­малары да қайталай оқуыма сұранып тұрады, анығында, оларды қайталап оқуға өзімнің көңілім кетіп тұрады. Олар – Әбіш Кекілбайдың «Ханша-Дария хикаясы», Мұхтар Мағауиннің «Қып­шақ аруы» мен «Қосағашы»,  Төлен Әбдік­тің «Тұғыр мен ғұмыры». Бұл тізімім біраз шығар­маларды қамтиды. Қатыгез ғасырдың талайына түскен таңғұт ханымы Гүрбелжін сұлудың тағдыры,  бүгінгі тіршілік пен бағзы тарихты тұтастырған Саржан мүсінші мен Айсұлу бегімнің болмысы, кешегі кеңестік жүйенің адамдардың жанын қасіретке бөктіріп, қан жылатқан қанқұйлы саясатының кесірінен тағдыры тәлкекке түскен Батыр – Бористің жан азасы... «Өзекті жанға – бір өлім емес, мың өлім» деген эпиграф алынған туындының  кеңестік кезеңде ғұмыр кешкен әрқай­сымыздың әлетімізге қатысы бары ақиқат... 

 

Жанат Әскербекқызы,

ақын, филология ғылымдарының докторы