Бір кездері «Маңғыстауда егін егіп, ағаш отырғызудың емін таптық, ол – тамшылатып және шашыратып суару. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, енді бұл өлкеде тек өңкей қарағаштар емес, ағаштың басқа да түрлері, көкмайса құлпыратын болады. Баяғыша жабайы егіп, жайдақ суару – құр шығын екен» деп қуана жар салып, жердің жайын, егін егудің бабын білетіндерді тауып, бұл бағыттағы жұмыстарға өзгеше екпін, жаңаша серпін бере іске кіріспек болғандар есімізде. Алайда қуаныш тек хабар күйінде қалды. Ал жыл сайын жазда Ақтау қаласында көше бойы талдарын суару ұлы айқайға ұласады. Биыл да көз алдымыздағы көшедегі ағаштар суға сусаған күйінде жадап-жүдеп жазды өткізді...
Бірақ тиісті орындардың талабы жақсы, су жоқ деп тартынып қалмайды, тал егуден жаңылмайды. Биыл Ақтауда күзгі маусымда 960 метр аумаққа 160 жапырақты және 160 қылқан жапырақты, барлығы 320 ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, күзде көшет отырғызу суық ауа райының басталуынан 15-20 күн бұрын аяқталуы керек. Ақтауда ағаш отырғызу ағымдағы жылдың қыркүйек айының ортасынан қарашаның ортасына дейін жүзеге асырылады. Сондай-ақ алдағы уақытта 7 мың шаршы метр жерге көгал егу де жоспарда тұр.
Жалпы, Ақтауда 67 мыңға жуық ағаш бар. 2019 жылдан бергі аралықта қала аумағында 1 150 дана ағаш, 3 мың дана раушан гүл, 12 мың дана бұта, 218 мың дана бір жылдық гүл отырғызылды. Қалада биыл 5 мың шаршы метр жерге көгал егіліп, орталық көшелерге бір жылдық гүлдер мен раушан гүлдері отырғызылды. Жаңадан суару құбырлары шағын аудан бұрыш-бұрышына, саябақтарға, скверлерге және әуежай жолына орнатыла бастады. Гүл мен шөп егілген жерлерге спринклерлік, яғни жаңбырша шашыратып суару әдісі қосылған. Бүгінгі таңда абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
– Шашырата суару әдісі бойынша жасалған құбырларды тексеру жұмыстары жүруде. Жарылған жерлері жасалып, қала аумағында құбыр жоқ жерлерге жаңасы орнатылады. Жоспар бойынша жол жиектеріне орнатуды көздеп отырмыз, деді «Қала жолдары» ЖШС басшысы Ғ.Серікбаев.
Жұмыс жүріп жатыр. Бірақ жаңбыры сирек өңірде жаз басталысымен неше көшеттің, қанша өскіннің көктемей солып, қураған қалпы құрдымға кететіні уайым.
Маңғыстау облысы