Медицина • 22 Қыркүйек, 2020

Ауыл амбулаториясы: Алғашқы көмек соңғы болмауы керек

425 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісуда жұқпалы індеттің жолын кесудің барлық мүмкіндігі жасалып жатыр. Қазір өңірдегі ауруханаларды қажетті құрылғылармен жабдықтау ісі қарқын алған. Дертке дауа боларлық дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Әсіресе, ауылдағы ағайынның денсаулығын сақтауға барынша көңіл бөлініп отыр.

Ауыл амбулаториясы: Алғашқы көмек соңғы болмауы керек

Әдетте, медицина қызметінің сапасы туралы айтқанда біз орта­лық қалалардағы жағдайды ғана­ сарапқа салып жүрміз. Ал ден­саулық сақтау қызметінің негізгі өзегі алыс ауылдарда тұратын науқастарды сауықтыру мен емдеу­ге бағытталғанын ескеруге тиіспіз. Өйткені аймақтағы жұрттың ауқым­ды бөлігі бас ауырып, балтыр сыз­да­ғанда облыс орталығындағы әмбе­бап ауруханаларды жағала­май­тыны анық. Яғни елді мекен­дер­дегі емдеу мекемелерінің ма­ңызы басты орынға шығады. Демек алғашқы медицина көмегін көрсететін шағын емхана мен амбулаторияларға деген сұраныс ел ішінде өте жоғары күйінде қалып отыр. Мәселен, Алматы облысында 235 дәрігерлік амбулатория, 104 фельдшерлік-акушерлік пункті және 220 медицина бекеті бар екен. Тұрғындарының 80 пайызға жуығы ауылды мекендейтін аймақ үшін бұл көрсеткіш мәселені толық шеше алмай отыр. Нақтысы, облыстағы 2 млн жанның басына шаққанда алғашқы медицина көмегін көрсететін орындардың тапшылығын жою атқарушы би­ліктің маңызды жұмысының бірі болып тұрғаны анық. Ал бұл бағытта бірқатар іс қолға алынған екен.

– Биыл 12 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 9 дәрігерлік амбулаторияны салуға жергілікті бюджеттен 3 млрд 494 млн теңге қаржы бөлінген. Мұндағы 10 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс, ал екеуі келесі жылға ауысады. Жалпы, биыл елді мекендердегі 8 дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Сондай-ақ «Жұмыспен қамту­дың жол картасы» аясында рес­публикалық бюджеттен 4 меди­ци­налық амбулатория мен 1 медицина орталығының құрылысына 1 млрд 621,2 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл нысандардың бәрі биыл пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Бұған қоса тағы 4 және 2 дәрігерлік амбулатория­ны, 4 фельдшерлік-акушерлік пунктті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Жалпы, жыл соңына дейін облыс бойынша 13 дәрігерлік амбулатория мен 1 медицина бекеті іске қосылмақ.

Осы тізімде көрсетілген амбула­торияның бірі жақында Көксу ауданында ашылған болатын. Көксу темір жол бекетінде ашылған дәрі­­герлік амбулатория заманауи­ та­лап­қа толықтай сай екен. Нысанда бала­лар мен жүкті әйелдер, күн­діз­гі ем қабылдайтын бөлім және зерт­ханалық орталық жұмыс іс­­тейді. Қажетті медициналық құ­рал­­дармен жабдықталып, жи­һаз­­­дармен толықтырылған жаңа­­ ме­ке­ме «Өңірлерді дамыту»­ бағ­дарламасы аясында іске қосылыпты. Құрылысқа облыстық бюджеттен 341 млн теңге бөлінген. Көксулықтар бұған дейін тар бөлмелі, тозығы жеткен амбулаторияға барып жүрген еді. Енді ауыл дәрігерлері күніне 30 адамға дейін қабылдап, медициналық көмек көрсете алады.

– Көксу темір жол бекеті аудан орталығынан 30 шақырым қа­шықта орналасқан. Сондықтан ғи­марат пен медициналық құрал-жабдықтың мүмкіндігі жоқ бол­ған­дықтан алғашқы дәрігерлік көмек көрсету мәселесі туындап кел­ген еді. Науқасты тасымалдау кезінде қиналып, әрі тәуекелге толы сәттер де болып тұрды. Ал жаңа амбулаторияның ашылуымен бұл қиындықты еңсереміз деп ойлаймын. Өйткені жаңа нысанда жедел көмек көрсетуге, науқастарды қабылдауға, ем жүргізуге толық жағ­дай жасалған. Құрылғылар да жа­ңадан қойылды. Мекемеде жалпы 12 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 1 дәрігер және 8 орта буын қызметкері бар. Жұмысқа жас ма­мандарды қабылдауға да мүм­кіндік туды, – дейді Көксу бе­кеті дәрігерлік амбулаториясы директорының орынбасары Мира Қанаева.

Ал аймақта былтыр 4 дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріл­ген еді. Соның бірі Ұйғыр ауда­нын­дағы Қалжат ауылынан ашыл­ған медициналық нысан еді. Бір мезетте 25 адамға қызмет көр­се­тетін дәрігерлік амбулатория құ­рылысына облыстық бюджеттен 170 млн 207 мың теңге бөлінген. Қазір шалғай ауылдағы ауырып, сырқаған тұрғындар үшін бұл мекеме орасан көмек көрсетіп отыр.

– Қалжат ауылында 2424 адам тұ­рады. Бұған дейін ескі ғи­ма­ратта жұмыс істеп келдік. Жаңа амбулатория қызмет сапасын­ жақ­сартты. Қазір мұнда 12 маман, оның ішінде 1 дәрігер, 8 медициналық қызметкер бар. Жабдықталуы жақсы. Дәрігерге дейінгі қабылдау, терапевт, балалар дәрігерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Егу, емшара бөлмесі мен хирургия кабинеті де науқастарды қарауға, алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге ыңғайлы етіп жасалған, – дейді ауылдағы амбулаторияның аға дәрігері Саутахун Масутов.

Айтпақшы, денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша шалғай елді мекендердегі медицина мекемелерін ғаламтормен қамту 84 пайыздың шамасына жетіп қалыпты. Ал облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі ауруханалардың интернетке қо­сы­луы 100 пайыздық межеден көрінген. Жалпы, медициналық құжат­таманы қағазсыз жүргізуге 53 ме­дициналық мекеме қосылып, электронды форматқа 224 нысан көшірілген екен. Оның ішінде тұр­ғындардың 98,1 пайызында электронды денсаулық паспорты бар. Яғни 1 997 750 адамның науқас тарихын цифрлы жүйе арқылы зерделеуге мүмкіндік бар.

 

Алматы облысы