Оқиға • 22 Қыркүйек, 2020

Көпбалалы отбасы баспаналы болды

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көпбалалы Скандарбек пен Гүлмира Ермұхановтар «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласының «Нұр-Сити-3» шағын ауданынан екі бөлмелі жаңа пәтерге ие болды.

Көпбалалы отбасы баспаналы болды

– 2015 жылы Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй қорынан бөлінетін баспана кезегіне тұрдым. Содан былтыр мемлекеттен тұрғын үй алуға қол жеткізетін «Бақытты отбасы» бағдарламасы жарияланғанда құжаттарымды жалпы кезектен алып, осы бағдарламаға қатысуға өтініш жаздым. Бірақ бұрын алған несие қарыздарым болғандықтан, оны толық өтемейінше құжаттарым қабылданбайтын болды. Себебі «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алғысы келетіндерге қойылатын негізгі талап – басқа да несие қарыздары болмауы керек. Банктер алдындағы қарыздарымды жапқан соң биыл көктемде қайта кезекке тіркелгенде өтінішім бір жарым айдың ішінде қаралды. Осы айдың басында су жаңа пәтерімізге кірдік. Балаларымның қуанышында шек жоқ, қазір бастауыш сыныпта оқитын үшеуі үйден онлайн оқуға кірісті, – дейді Гүлмира Ермұханова.

32 жасында алты баланың анасы атанған Гүлмира бала күтімімен үйде, ал жолдасы Сканербек «Рамазан» ЖШС-да жұмыс істейді. Бұл отбасы аумағы 61 шаршы метр болатын су жаңа пәтерге қазан айынан бастап 39 мың теңгеден ипотекалық несие төлейді. Несие 8 жылға рәсімделген, пәтердің толық құны – 8 млн 200 мың теңге. Бірнеше жыл бойы Ақтөбеде бір бөлмелі шағын пәтерді айына 50 мың теңгеге жалдап келген ерлі-зайыпты Ермұхановтар «Бақытты отбасы» бағдарламасы табысы орта, көпбалалы отбасыларға жақсы қолдау болды деп ризашылық білдіреді.

 

Ақтөбе