Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Сервистік полиция жайында айтпас бұрын алдымен ішкі мәдениетіміз бен қалыптасып қалған дүние танымымызға тоқталған жөн болар. Себебі гәптің бәрі осы ішкі мәдениеттен басталатыны белгілі. Тәртіп сақшылары тарапынан танытылған дөрекілікті, офицердің айтуы былай тұрсын, ойлауына жат сөздер мен әрекеттерді жиі еститін болдық. Содан келіп құқық қорғау органдарына деген белгілі бір қоғамдық көзқарас қалыптасқан сыңайлы. Шағым айтып, арыз арқалап келген адамның жан дүниесін, қордаланған мәселесін түсінуге тырысып жатқандар шамалы. Барлық полицейге топырақ шашудан аулақпыз. Ерлік танытып, адамдардың алғысына бөленіп жатқандар да аз емес. Алайда осы сала мамандарының әрекетіне алғыстан бұрын сынның көп айтылатыны ақиқат. Сондықтан қоғамдық сауал жүргізіп, даттау мен мақтауды салмақтай қалсақ алғашқысының салмағы таразы басын басып кетері шәк келтірмейді. Себебі тәртіп сақшылары өз саласының емес, ең алдымен елдің имиджі екенін естен шығарып жатады. Бұдан соң барып жұртпен қандай ашық әңгіме, селкеу түспеген сенім болсын.
Мәселен, өткен жылдың басында Ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясы қызметкерінің «Мы братва, грубо говоря – банда» деген жаңа жылдық құттықтауын естіп, не жыларымызды, не күлерімізді білмеп едік. Академия қызметкерінің бұл оғаш қылығын отандастарымыз келекеге айналдырып, түрлі сипаттағы бейнетаспа да түсіріп үлгерді. Шәкірт тәрбиелеп, болашақ тәртіп сақшыларын сапқа тізіп жүрген ұстаздың әрекеті осы болса, күні ертең академиядан түлеп ұшқан құқық қорғаушылар қандай болмақ сонда? Бұл – таспаға жазылғаны. Жазылмағаны қаншама десеңізші. Мемлекеттік қызметтің атына кір келтірген бұл азамат кейін әдеп кеңесінің шешімімен қызметінен шеттетіліп, Ішкі істер органынан қуылуын қуылды ғой. Бірақ аталған саладағы қордаланған көп мәселе сонымен шешіле ме? Сервистік полиция қызметі туралы айтпас бұрын ішкі мәдениет мәселесіне тоқталуымыздың бір сыры – осы. «Бір құмалақ – бір қарын майды шірітеді». Ендігі күні осындай «құмалақтардан» арылып, халықпен ашық әңгіме жүргізе алатын мамандарды алдыңғы қатарға шығаратын кез келген секілді. Тұрғындардың полиция қызметкерлеріне деген сенімін қайтару қажет еді.
Бұл қадамды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі жыл бұрын «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасады. «Халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн. Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет. Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек. Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек. Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс», деді Елбасы.
Кейін Тұңғыш Президенттің тапсырмасы негізінде Үкімет Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» әзірледі. Аталған Жол картасында Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландыру, басқарушы буындардың қысқаруы, полицияны артық функциялардан арылту, полицияның қызметін бағалау талаптарын түбегейлі өзгерту жұмысы қолға алынды. Ең бастысы, бұл құжатта полицияны сервистік модельге көшіру мәселесі жолға қойылды.
Әрине елімізде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды кеңейтуге, жұртшылықпен тікелей диалогты және кері байланысты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар аз емес. Бұл ретте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бір сөзінде «Еліміздің азаматтары ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жүгінгенде, олар түсіністікті, өзіне деген адамгершілік қарым-қатынасты, сондай-ақ олардың құқықтары мен бостандықтары лайықты қорғалатынына сенімді болуы үшін ең қатаң стандарттар мен талаптарды ұстану қажет», деген болатын. Ведомство басшысының айтуынша, қауіпсіздік саласында азаматтардың мүдделеріне қызмет көрсету, стандарттарды өзгерту және қоғаммен өзара іс-қимылды жақсарту мақсатында полицияның сервистік жұмыс моделіне көшуіне байланысты ішкі істер органдарының жұмысы түбегейлі қайта қаралыпты. Полиция бөлімдерінде «фронт-офистер» құрылып, азаматтарды қабылдау үшін қолайлы үй-жайлар белгіленіп, халықты қабылдау және кеңес беру кабинеттерден тыс – көшелерде, алаңдарда және аулаларда жүргізілуде.
Ішкі істер министрлігінің кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков «Сервиске бағдарланған полиция қызметі – полиция мен қоғамға қылмыстылық, құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. Ол екі түйінді компонентке негізделген: полицияның әдістері мен тәжірибесін өзгерту және полиция мен қоғам арасында сындарлы қарым-қатынас орнату үшін шаралар қабылдау», деп отыр. Оның айтуынша, полицияның сервистік моделін «полиция – бұл халық, ал халық – бұл полиция» деген қағидатпен сипаттауға болады.
Полицияның халыққа жақын болғаны жақсы ғой. Осындай жақсы бір хабарды жуырда естідік. Алматы облысы полициясының басшысы, генерал-майор Серік Кудебаев әлеуметтік желіде өзінің жеке парақшасын ашты. Ведомство басшысының айтуынша, бұл қадам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың, сондай-ақ ішкі істер органдарының сервистік модельге көшу кезеңдерінің бірі көрінеді. «Бүгінде Алматы облысы Полиция департаменті мен халық арасындағы коммуникация арналарын кеңейту мақсатында және қолданыстағы Facebook әлеуметтік желісіндегі аккаунттарға менің ресми парақшам қосылып отыр. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ ішкі істер органдарының сервистік модельге көшу кезеңдерінің бірі. Бұдан былай әрбір азамат көрсетілген алаң арқылы маған тікелей сауалдарын жолдап, пікір, өтініш, тілектерін қалдырып, оған толық жауап қажет болған жағдайда білікті көмек ала алады. Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы облысы полициясының Instagram, «ВКонтакте», Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшалары белсенді түрде жүргізілуде және сәйкесінше оның он мыңдаған жазылушысы да бар. Құқық бұзушылықтарды анықтау және қылмыстарды ашу кезінде де әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылады», дейді генерал-майор.
Құптарлық жайт. Ең бастысы, полицияның сервистік моделі сенімге селкеу түсірмесе екен дейміз ғой. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мəлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нəтижеге қол жеткізілді», деген еді. Нәтиже – бар. Бірақ – әзірге тым аз. Бұл бастаманы шындап қолға алып, жүзеге асыруға барынша талпынбайынша көл-көсір нәтижеге қол жеткізе қою да оңайға соқпайды. Ал қолымыз жете қалған жағдайда құруды көздеп отырған «Əділетті мемлекеттің» алтын қазығы – осы полицияның сервистік моделі болады деген сенімдеміз.