Ромб пішіндес аспапты тұтас ағаштан асқан шеберлікпен шауып жасағаны анық байқалады. Қызыл- қоңыр түсті домбыраның шанағы қоңыр түсті оюмен көмкерілген екен. Өкінішке қарай, ұзындығы 70 см болатын саз аспабына бар өнерін салған ағаш шеберінің аты-жөнін анықтау мүмкін болмапты.
Жалпы, Жамбыл жырауға пір болған Сүйінбай ақынның мұражай-үйінде көне заманнан сыр шертетін жәдігер көп-ақ. Мысалы, халық ақыны Әбдіғали Сариевтің жеке домбырасы да – осы музейдің көркін келтіріп тұрған жәдігердің бірі. Бұл аспапты да ақынның қызы Шайымқан Сариева 1996 жылы сыйға тартқан екен. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың мәдени өмірінің куәсіндей болып тұрған қызыл-қоңыр түсті домбыраның өлшемі 80х25 см шамасында. Жәдігердің ұзақ жыл бойына қолдан түспей, ән мен жырға арқау болғаны оның түсінің оңып, шанағының сырылғанынан аңғарылады.
– Сүйінбай атамыздың айтыс өнеріндегі ең таңдаулы дүниесі қазақ-қырғыз достығын жырлап, бүгінге қалпын бұзбай жеткен «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» екендігі анық. Сол айтыста Сүйінбай ақын домбыраны серік етсе, Қатаған қырғыздың ұлттық аспабы қомызды қолына алады. Өткен күндердің белгісі ретінде Сүйінбай Аронұлының әдеби-ескерткіш музейінде қырғыз халқының шертпелі музыкалық аспабын сақтауды парыз санадық. Қазір бізге қымбат жәдігерлер арасында 1996 жылы музей қорына алынған сары түсті көне комыз бар. Қырғыз халқының ұлттық аспабы тұтас ағаштан ойып жасалған екен, үш ішегі бар, пернелері жоқ. ІХ-Х ғасырдың мәдени мұрасы саналатын жәдігердің өлшемі 120х25 см. Аспап жақсы сақталған, шанағы, мойны зақымданбаған. Музей қызметкерлері барлық жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа көзайым ретінде ұсынуды парыз санайды, – дейді Сүйінбай Аронұлы әдеби-мемориалды музейінің директоры Мұрат Мұқашұлы.
Алматы облысы