05 Қараша, 2013

Мексика-АҚШ шекарасында контрабанда «супер-тоннелі» табылды

530 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

05-11-2013-tunnel-1

Мексикадан АҚШ-қа есірткі және басқа да контрабандалық заттар тасымалданып келген жерасты жолы табылды. Бұл туралы NTD телеарнасы хабарлады.

Аталған жерасты жолымен Мексиканың Тихуана қаласынан АҚШ-тың Сан-Диего шаһарына кедергісіз жетуге болады екен.

АҚШ-тың арнайы қызметінің өкілдері «супер тоннель» деп айдар таққан бұл жол аса ыждаһаттылықпен салыныпты. Заман талабына сай жабдықталған «супер тоннельге» электр жүйесі, желдеткіш құрылғылары, гидравликалық есіктер орнатылып, электронды темір жол төселген.

Билік орындары бұл жерасты жолын есірткі саудасымен кең ауқымда шұғылданатын мексикалық «Синалоа» тобы пайдаланып келген деп есептеп отыр.

Ұзындығы 536 метрді құрайтын «супер тоннель» Сан-Диего өндірістік аймағына қарасты қоймалардың біріне барып тұйықталыпты.

Тоннельді тексеру барысында үш адам тұтқындалған. Сондай-ақ, 7700 килограмм марихуана мен 147 килограмм кокаин табылған.

2008 жылдан бері Мексика мен АҚШ-тың оңтүстік-батыс шекарасынан 75 жерасты жолы табылған.

Жолдыбай Базар.

Соңғы жаңалықтар