Айтулы дода тұңғыш рет 1989 жылы ұйымдастырылған еді. Ерлер арасында Италияның "Трентино" клубы ең зор табысқа қол жеткізді. Олар бас жүлдені бес мәрте (2009, 2010, 2011, 2012, 2018) олжалады. Бразилияның "Сада Крузейросы" үш додада (2013, 2015, 2016) дара шықса, былтырғы жылы өткен жарыста Аппенин түбегіндегі Чивитанова-Марке қаласында іргетасы қаланған "Кучине Лубенің" бақ жұлдыздары жанды.
1991-2019 жылдар аралығында әйелдер сайысы 13 мәрте ұйымдастырылды. Сол бәсекелердің алтауында Түркияның арулары алдарына жан салмады. Атап айтсақ, «Вакыфбанк» - үш (2013, 2017, 2018), "Эджзачибаши" - екі (2015, 2016) және "Фенербахче" - бір (2010) реттен топ жарды. Бұл командаларлардың барлығы да – Ыстамбұлдан. Былтыр Қытайда өткен жарыста «Имоко Воллей» клубы ешкімге дес бермеді.