Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукеновтың сөзінше, облыстағы 4,1 млн гектар жайылымның үштен бірінен астам бөлігі, яғни 1,8 млн гектары пайдаланусыз жатыр. Биыл 342,1 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылған. Бос жатқан жерлерді қайтарып алуға бағытталған шаралар әлі де жалғасады.
- Биыл 900 мың гектардан астам жайылымдық жер «Жайылымдар туралы» заң талаптарына сәйкестендіріліп, реттелді. Жер пайдаланушылар бар малын АШС-ның (ауылшаруашылық малдарын сәйкестендіру) мәлімет базасына енгізіп, тіркеп қойды. Бұл бағытта Амангелді, Жангелді, Науырзым, Қарасу, Әулиекөл аудандары мен Арқалық қаласында көп шаруа тындырылды, деді Ж.Тәукенов.
Мониторинг барысында 47 жер пайдаланушының жалпы көлемі 27,5 мың гектар егістік жерді игерусіз қалдырғаны анықталып отыр. Сондай-ақ, 1603 жер пайдаланушыға тиісті жалпы аумағы 1,649 гектар жерге қатысты "Алқап тарихы кітапшасы" толтырылмаған.
- Қазір космомониторинг мәліметтерінің дұрыстығына көз жеткізу үшін жергілікті жерлердегі алқаптарды тексеру жұмыстарын жүргізу қажет. Кейбір аудандарда бұл жұмыс басталып та кетті. Егістік алқаптары туралы түбегейлі мәлімет 1 қазанға дейін белгілі болады. Ресми мәлімет толық жиналып болған соң, мониторинг қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдауға тура келеді. Сондықтан әкімдер өзі басқарып отырған аудандарға тиесілі егістік алқаптарының көлемін тағы бір қарап шықаны жөн. Сәйкессіздік жойылса, мониторинг қорытындысы да сапалы болады, деді басқарма басшысы.
Ж.Тәукенов алқаптарды қосымша тексеру жұмыстарының маңыздылығын нақты мысалдар арқылы түсіндіріп өтті. Мәселен, Жітіқара ауданында жүргізілген ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша 6,2 мың егістіктің пайдаланусыз жатқаны анықталған. Ал алқапты жерден тексеру барысында ғарыштық мониторинг бос жатыр деп таныған 3,5 мың гектарға көпжылдық шөп, 1,9 мың гектарға бидай мен қара қыша егіліп, 0,8 мың гектар алқаптың арнайы өңделіп, сүрлемге қалдырылғаны анықталған. Басқарма басшысы космомониторинг мәліметтерінің дәлдіктен ауытқып жатуының себебі алқап бедерлерінің сапасыз цифрландыруынан, жер пайдаланушылардың әр дақылға арналған егістікті дәл белгілеп, алқап тарихы кітапшасына дұрыс тіркеп отырмағандығынан болып отыр деп түсіндірді.
Жиын барысында жердің пайдалануын бақылау және қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Оспанов сөз алып, басқарма мамандарының жыл басынан бері жалпы аумағы 1,1 мың гектарды қамтитын 75 тексеріс өткізгенін жеткізді. Айтуынша, жер пайдалануға қатысты 43 заңбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 3,8 млн теңге көлеміндегі айып түрінде 14 қаулы толтырылған.
- Ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің 90%-ы шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. Сондықтан мортаторий бойынша оларға тексеріс жүргізілген жоқ, деді Қ.Оспанов.
Қостанай облысы