
Қарағанды облысында Президент сынынан кейін бірқатар лауазымды тұлғалар сөгіс алды. Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері бар. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2013 жылдың 11 қазанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының жасаған сын-ескертпелеріне сараптама жасағаннан кейін мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты сәйкес шешімдер шығарылып, бірқатар лауазымды тұлғалар жазаланды», - деді облыс әкімі Бауыржан Әбдішев селекторлық жиында.
Облыс әкімі «ҚазАвиаСпектр» зауытының өнім өндіруді ұйымдастырудағы қанағаттанғысыз жұмысы үшін өзінің бірінші орынбасары Ғабит Мұхамбетов пен орынбасары Әнуар Ахметжановқа сөгіс жариялайтынын айтты. Аймақ басшысы сол сияқты аталған жобаның сәтсіздікке ұшырауына байланысты Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұловқа Октябрь ауданының әкімі Ержан Темірхановты тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Ол осыған дейін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болып істеген еді. Сонымен бірге, жобаны жүзеге асыру кезінде қалалық кәсіпкерлік бөлімін басқарған қала әкімінің орынбасары Ерікбек Атағановты тәртіптік жауапкершілікке тарту жүктелді. «Е.Темірхановқа қызметіне толық сай келмейтіні ескертіліп, Е.Атағановқа қатаң сөгіс жариялау керек», - деп нақтылады облыс әкімі.
Аймақ басшысы, сонымен бірге, бес жылдан бері облыстың индустриалды-инновациялық даму мәселелеріне жетекшілік етіп келген Қарағанды облысы өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының орынбасары Ғалымжан Жұмасұлтановты қызметінен босату туралы шешім шығарды.
Б.Әбдішев, сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының аясында пайыздық несие мөлшерлемесін субсидиялау бойынша қанағаттанарлықсыз жұмыс пен сәйкес жобаның жоқтығы үшін Қаражал қаласының әкімі Қайрат Шорманбаев пен Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаровқа сөгіс жариялады. Сонымен бірге, Қарқаралы ауданының әкімі облыс әкімінің тапсырмаларын орындамағаны үшін сөгіс алды.
Тағы бірқатар шенеуніктер тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарда жылу есептегіш құралдарды орнату жұмыстарының нашар ұйымдастырылуына байланысты жазаланды. Облыс әкімінің орынбасары Сапарғали Ыдырысовқа, Шахтинск әкімі Александр Аглиунинге, Абай ауданының әкімі Алтай Елжасовқа сөгіс жарияланды. Приозерск қаласының әкімі Қайрат Қамзин де қатаң сөгіс арқалады. Балқаш әкімі Нұрлан Әубәкіров, Сәтбаев әкімі Әнуар Омаров пен Теміртау әкімі Нұркен Сұлтановқа ескерту жасалды.
Сонымен бірге, облыс әкімі облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының жетекшісіне осы басқарманың орынбасары Татьяна Орлованы тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарда жылу есептеу бойынша құралдарды орнату жұмыстарын ұйымдастыру бойынша қадағалау жүргізілмеуіне байланысты тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Қарағанды қаласының әкіміне «Теплотранзит» ЖШС бас директоры Андрей Ляпуновқа есептеу құралдарын орнатуда жіберген қателіктері үшін қатаң ескерту жасауды тапсырды.
«Жоғарыда аталған қала және аудан әкімдері тиісті орынбасарлар мен басқа лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартып, оларға тәртіптік жаза тағайындасын. Бұйрық жобалары бүгінгі күннің соңына дейін енгізілуі тиіс», - деп қосты Б.Әбдішев.
Сәкен Майлыбай.