Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы мен табиғатты қорғау полициясы мамандарының айтуынша, электрқармақ бізге соңғы 4-5 жылдықта жетіпті. Қолдан жасалған құрылғы әу баста көрші Өзбекстан мемлекетінен келген. Қазір Түркістан облысы аумағында да көптеп саналады. Біздің облыста рұқсат етілмеген құрылғымен балық аулау Шиелі ауданы аумағында жиі кездеседі.
Электрқармақ теңіздің ащы суына жарамайды. Түбі көрінбейтіндіктен аққан өзенге де салу қиындау. Сондықтан да жарығы қандай терең судың да түбін анық көрсететін қытай шамын қолға ұстаған браконьерлер түнгі көл бетін торуылдайды. Ең қиыны, бізде осы құрылғының қаншалықты зиян екендігін, балықтың нақты осының зардабынан өлгендігін анықтап бере алатын маман жоқ. Осыдан да ұсталған браконьерлердің барлығы дерлік сот алдына барғанда сүттен таза, судан ақ болып шығып жататын кезі көп.
– Электрқармақ тікелей түссе балықтың көзі шығып кетеді. Жанамалай тигеннің өзінде омыртқасына зақым келіп, уылдырық шашу қасиетінен айырылады. Тайға таңба басқандай көрініп тұрған осы өзгерісті сот биологиялық сараптамада дәлелдеу қиын. Сондықтан да осы сала маманын әзірлеу кезек күттірмейтін мәселенің бірі, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының бөлім басшысы Руслан Сейітмұратов.
– Заңсыз балық аулайтындар да әбден әккі болып алған. Ұстала қалған жағдайда қолындағысының бәрін суға лақтырып, құтылып кетеді. Электрқармақты суға бір малып алсаң болды, істен шығады. Көбі осы әдісті пайдаланады да, сараптама құрылғының жұмыс істемейтіндігі туралы қорытынды береді. Осылайша, басты айғағымыздан сотқа дейін айырылып қалып жатамыз.
Жалпы, электрқармақ салу – қылмыстық іс. Ал оны тасымалдауға тыйым салынбаған. Сондықтан да табиғат қорғаушылар мен полицейлер көлігінен осы құрылғы шыққан адамға ештеңе істей алмайды.
Мәлімет іздеп, интернетті ақтардық. Электрқармақтың неше түрі жайлы дерек таптық. Көбіне Ресейден шығады екен. Ақысын төлесеңіз, арзанға Қытайдан да алдыруға болады. Тіпті осы құрылғыны қалай жасауды үйрететіндер де көп кездесті.
Облыста биылдың өзінде Шиелі ауданының аумағынан электрқармақ салған 2 адам ұсталыпты. Соның бірі сотқа жетпей қысқарып кетсе, екінші іс бойынша қазір тергеу жүріп жатыр.
Ашкөздікке салынған адамның ойына не келмейді десеңізші. Қазір көрші Түркістан облысынан арнайы адам шақырып, өңірдегі көлдерге электрқармақ салдыратындар бар. Оның зардабы тиген балық тірі қалса да енді уылдырық шаша алмайтыны бір күндік пайданы көздегендердің ойына кірмесе қайтесіз. 12, 24 вольттік, кейде тіпті қуаты одан да жоғары құрылғымен ұрғаннан кейін судағы микроорганизмдер де жойылып кетеді. Бұл көлдегі балық біткен азығынан айырылды деген сөз.
Бұл құрылғының электрогон деген тағы бір ауыр түрі бар. Браконьерлер кәдімгі ау салғандай қайықпен жүзіп отырады, олардың ізіне су бетіне шыққан балықтарды жинайтын тағы бір қайық ілеседі. Көлдер мен ағысы баяу каналдардың мына басынан түскендер белгіленген жерде күтіп тұрған көлікке жеткенше жүздеген балық алады. Олар қажетіне жаратпай кеткен майда балықтар су бетінде қала береді.
Мамандар жылына жүздеген рейд, тексерулер ұйымдастырады. Сондай сәттерде саны басым браконьерлердің бұларға балта алып жүгірген сәттері де болған. Айғақ заттарын тастап үлгере алмай қалғанда айбат көрсетіп, өмірлеріне қауіп төндіргендері де бөлек әңгіме. Осындай қиындықпен ұсталған ұрылардың жазаға кесілмей құтылып кететіні қынжылтады бұларды. Аз айт, көп айт, заң әзірше сол түн жамылып көл бетін тіміскілегендердің «сөзін сөйлеп» тұр.
Облыстық полиция департаменті табиғат қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Жасұлан Жакияеевпен де тілдестік. Көктемнен бастап қара күзге дейін рейдте жүретін маман бізде сараптамалық технология уақыт талабына ілесе алмай келе жатқанын айтады. Мысалы, бір көліктен электрқармақ пен балық шықты делік. Бірақ сол балықтың заңсыз құрылғыны пайдалану арқылы ауланғанын дәлелдеуің керек. Бәрі де «электрқармақты тауып алдым» деген жауаптан танбайды. Істеген қылмысына сай жазаға тартылмаған соң келесіде тағы да түн жамылып жорыққа шығады.
Неше жыл су жағалап, рейдке шығып жүрген мамандардың бұл мәселенің алдын алу жөнінде ұсыныстары да бар. Соның бірі – заңсыз құрылғыға қарсы күреске жергілікті тұрғындарды тарту. Осы бағытта неше жылдан бері ауыл-аймақтарды аралап, ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Сол тұрғындардың хабар беруімен оңай олжа іздегендердің жолын кесетін кездері көп.
Браконьерлерді басындырмаудың тағы бір амалын облыстық полиция департаменті табиғат қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Жасұлан Жакияеев айтты. Бұл үшін қашықтан басқарылатын шағын ұшақтар алу қажет. Радиусы 50 шақырымды қамтитын ұшақтар түнде 3 шақырымнан фото мен видоға түсіре алады. Табиғат қорғаудың барлық саласына пайдалануға болатын мұндай құрылғы өз бағасын ақтайды. Біздің кейінгі ұрпаққа қалдыратын басты байлығымыз осы табиғат емес пе?
Мамандар тым болмағанда көктем мен күз аралығында көлдер мен айдындар маңында электрқармақ тасымалдауға заң жүзінде тыйым салынса деген тілегін де айтты. Қалай болғанда да түн жамылып көл кезген жырындылардың жолын кесудің бар амалын жасауымыз керек. Әйтпесе, табиғатты тонаудан көл-көсір табыс тауып отырғандар балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған талай көлдің түбіне жетері анық.
Қызылорда облысы