Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Биыл Шығыс Қазақстан облысында 603,4 мың гектар егіс алқабына дәнді-бұршақты дақылдар, ал 281,6 мың гектар алқапқа мал азығының дақылдары егілді. Дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53,62 мың гектарға ұлғайған. Ал жемшөп алқабы керісінше 9,9 мың гектарға азайды.
Өңірде дәнді-бұршақты дақылдар арасында күздік және жаздық бидай, қара бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, бұршақ, соя, ноқат, жүгері, масақ қоспасы, тары, тритикале және құмай қоспасы өсіріледі. Жемшөп дақылдарының ішінде сүрлемдік жүгері, дәнді-бұршақты жемшөп дақылдары бар. Облыс диқандары негізінен бидай және күнбағыс дақылдарын өсіруге көбірек көңіл бөлетінін айта кету керек. Олай дейтініміз, биыл егіс алқаптарының 420,8 мың гектарына бидай, ал 420,5 мың гектарына күнбағыс егілді.
– Облыс аумағында орақ маусымы шілденің соңына қарай қара бидай орудан басталды. Биыл дақылдардың өңдеуден кейінгі салмақта бидайдың өнімі гектарына – 12 центнерден, арпа – 10,4, дәндік жүгері – 16,5, сұлы – 10,9 центнер, тары гектарына – 8,4 центнерден, қарақұмық – 8,6, қара бидай – 10,9, масақ қоспасы әр гектардан – 8,1 центнер, күнбағыс гектарына – 10, соя – 9, рапс – 10,6 центнерден болады деп болжап отырмыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Диляра Жылқайдарова.
Оның айтуынша, алқаптардан орылған өнімді кептіріп, қамбаға құюға мүмкіндік жетеді. Жиналған өнімді ысырап етпей өңдеу үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде 300 механикалық ток және 90 кептіргіш бар. Сондай-ақ алтын алқапты аудандарда астық кептіруге арналған 8 элеватор жұмыс істеп тұр. Алтай, Шемонаиха, Глубокое аудандары мен Семей, Өскемен қалаларындағы элеваторлар, астық қабылдау пункттері мен шаруалардың меншікті қоймалары бір уақытта 1 млн тоннаға жуық астықты сақтауға қауқарлы.
Ауылшаруашылық басқармасының мәліметінше, шығыстан күнбағыс, зығыр және рапс сияқты майлы дақылдар еліміздің өзге облыстарын айтпағанда, алыс-жақын шетелдерге де экспортталады. Мәселен, күнбағыс Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қытайға өткізіледі. Ал зығыр бөлек Аустрияға, Бельгияға, Моңғолияға, Польшаға эспортталады. Рапс та Ресейге, Аустрияға, Иранға, Моңғолияға және Данияға шығарылады.
Еліміздің «Астық сақтау қағидаларына» сәйкес, астық қабылдау кәсіпорны мен астық иесі арасында жасалған шарт бойынша астық төгудің жоспары жасалады. Заңда көрсетілгендей, астық санитарлық-эпидемиялық, фитосанитарлық талаптарға сай қоймаларда сақталады. Ал астықты сақтау бағасы элеваторлар мен қоймалардың саясатына сәйкес қойылатын көрінеді.
Жер емген шаруалар үшін үлкен мәселелердің тағы бірі жанар-жағармаймен қамту проблемасы еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, өңірдегі шаруалардың орақ науқанына 30 мың тонна дизель отынын қажет еткен. Оның 26 мың тоннасын Энергетика министрлігі бөліп, үш мың тоннасы шілдеде жеткізілді. Ал тамыз бен қазан аралығында Павлодар мұнай-химия зауытынан 23 мың тонна дизель отынын жеткізу жоспарланған.
Түгін тартсаң майы шығатын Шығыс өңірінде дәнді дақыл орумен қатар мал азығын дайындау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Өнім мөлшерін сараптап, саралап отыратын мамандардың есебінше, қазіргі уақытта 1693,2 мың тонна шөп дайындалған. Демек, жемшөп дайындау жұмыстарының 70 пайызы орындалды. Тарқатып жазар болсақ, пішендеме 119 мың тонна, сабан 42,5 мың тонна, сүрлем 12,6 мың тонна, құнарлы жем 25,4 мың тоннаны құрады.
Жалпы, құрғақшылық шөп пен сабан жинау көлеміне әсер етіп, олардың өнімділігін төмендетті. Ала жаздай жаумаған жаңбыр күзге қарай сібірлеген. Әлбетте бұл шаруалар үшін қолайсыз. Орғаны ысырап болмауы үшін сақтандыруды қолға алған. Оның шарттарын жасау үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры жүзеге асырады. Биыл топырақтағы ылғалдың артық болуынан сақтандыру келісімі «Qoldau.kz» сайтындағы «Agroinsurance» ақпараттық жүйесінде жасалды. Сақтандыру мерзімі 15 тамыз бен 15 қазан аралығындағы уақытқа есептелген.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Диляра Жылқайдарованың айтуынша, облыста 8 мың гектарда топырақтағы артық ылғал индексін сақтандыруға байланысты төлем төленіпті. Егістіктерді құрғақшылықтан сақтандыру үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 27 млн теңгеден астам сақтандыру төлемдерін алған.
Келтірілген кедергілерге қарамастан, орақ науқаны ойдағыдай жүріп жатыр. Дәнді дақыл рет-ретімен орылып жатыр. Егіс алқаптарын сақтандыру ісі де ілгерілеген. Диқандардың ендігі мақсаты қыс түскенше, ашық жатқан сүрлемді жауып, алтын дәнді қамбаға жеткізу. Әзірге тек күнбағысқа ғана орақ түсе қойған жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы