Өнер • 23 Қыркүйек, 2020

Қоқыстан салынған картина

616 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Міне, қызық! Жерде шашылған полиэтилен пакеттері пайдаға жарады. Қылқаламсыз-ақ қажетсіз қоқыстан таңғажа­йып дүние салуға болады екен. Өнерде ешқандай шекара жоқ деген – осы. Қазақстандық суретші Сәуле Сүлейменова «Астананың аспаны» деп аталатын сурет салып, көпті таңғалдырды. Ол бұл туындысын бояумен емес, Нұр-Сұлтан қаласынан жиналған пластик пакеттен жасады.

Қоқыстан салынған картина

Бұл идеяны жүзеге асыру үшін Қазақ­станның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы шілде айының басында Нұр-Сұлтан әкімдігінің қолдауымен елорда тұрғындары мен қонақтары арасында полиэтилен пакеттерін жинауды бастаған еді. Бір күнде қаланың үш саябағынан Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы әкімдіктің қолдауымен 4000-нан астам пакет жинады. Сондай-ақ Zeta дүкендерінде орнатылған экобокстардан тағы 1500 пакет алынды. Шара «Stopmusor» әлеуметтік жобасы аясында өтті.

– Картина адамдар мен елорданың бұрынғы аудандарының бірі туралы сыр шертеді. Қазақ даласының қалаға қалай айналғаны жайлы. Бұл жұмыс сайын даладан ғана көруге болатын шексіз үлкен аспан туралы. Қиналған кезде үміт отын жағатын кеңістікті көрсеткім келді. Экология әлеуметтік проблемалармен тығыз байланыс­та. Адамдарды кінәлау оңай, бірақ мұ­ның артында әрдайым қала соғудың ше­шілмеген мәселелері тұрады, – дейді С.Сүлейменова.

Шығармашыл жан осы туынды ар­­қылы азаматтарға экологиялық мә­селелер туралы ой салып, пластиктен түпкілікті бас тартуға үндейді.

Суретте астанадағы Жағалау ауданы­ның кешегі күні бейнеленген. Суретші бұл жерді қала мен даланың шекарасы ретінде таңдап алған. Ол осыған дейін «Берлин аспаны» деген туындысын жасаған болатын. «Мен үшін аспан – үміт пен қолдау», дейді өзі.

Баршаға мәлім, Сәуле Сүлейменова үйдегі «пакеттегі пакет» мәселелерін шешу мақсатында полиэтилен пакеттері­мен жұмыс істейтін санаулы суретшінің бірі. Сондықтан да оның қолынан шыққан өнер туындылары елдің есінде қалып қояды.

«Қоқыс біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Мен түрлі түсті анық беру үшін әртүрлі полиэтилен пакетін қолданамын. Мен боямаймын, салмаймын, пакеттерді тек түсі мен реңіне қарай таңдаймын, барлық түсті осы пластикалық қоқыстан табуға болады», дейді суретші.

 «StopMusor» жобасы халықтың сауаттылығы мен әлеуметтік жауап­кершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтар арасында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған.

Көлемі 5-те 3 метрлік сурет «Жетісу» саябағындағы «Шарын шатқалы» жар­тасының алдында орналасқан.