Руханият • 23 Қыркүйек, 2020

Естайға ескерткіш қойылады

655 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл соңына дейін Павлодар қаласында әнші-композитор, ақын Естай Беркімбайұлының ескерткіші бой көтереді.

Естайға ескерткіш қойылады

«Қорлан» әнімен әлемге әйгілі әнші­нің алып ескерткіші Павлодар қала­сындағы Естай атындағы мәдениет са­райының алдына орнатылатын болды. Бұл «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында өңірде жү­­зеге асырылып жатқан бірегей жоба­лардың бірі.

Туындының авторы – астаналық белгілі мүсінші Азат Баярлин. Оның айтуын­ша, ескерткіштің биіктігі 3 метр­ден, ал тұғыры 5 метрден асады. Қоладан құйылатын туындының қазір соңғы жұ­мыстары жасалуда.

– Естай Беркімбайұлының қолда бар сурет­терінің бәрі қартайған ша­ғын­да түсірілген. Ал біз көзінің нұры тайып, қалжыраған қарттың бей­несін емес, өнер дүлдүлінің жас кезін мү­сінге айналдырдық. Ол үшін арнайы ком­­пьютерлік бағдарламаны пайда­ландық. Яғни Естайдың суреттерін заманауи бағдарламаға салып, соның негізінде жас кезіндегі бейнесін жасадық. Мүсіндегі өмірге құштар, махаббаттың символы, ару біткеннің арманы болған жас Естай қолына домбырасын ұстап, Сарыарқаның төсінде аяңдап келе жатыр. Естай мен Қорлан арасындағы кіршіксіз сезімнің белгісі – жүзікті де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Өмірге, Қорланға ғашық Естайдың бейнесін ұсына алдық деп ойлаймын, – дейді Азат Баярлин.

Руханият жанашыры Қуат Есімха­новтың пікірінше, Естайдың жас кезін бейнелеу – мүсінші тарапынан тың шешім болды.

– Ескерткіш – сурет емес. Өкінішке қа­рай, көбіміз ескерткіштен дәл суреттегі бейнені көргіміз келеді. Алайда бұл мүсін өнерінің табиғатына тән емес. Сондықтан Естайдың қартайған шағын емес, жас күнін ескерткішке айналдыру – өте орынды. Онсыз да біздегі ескерт­кіштердің бәрі «қартайып» барады. Автор өмірге, Қорланға ғашық Естайдың обра­зын аша білген деп есептеймін. Десе де ертең ескерт­кішке қатысты «Естайға ұқ­самайды ғой» деп пікір айтушылар сөзсіз табылады. Оларға аса мән берудің қа­жеті жоқ деп ойлаймын. Жалпы, ескерт­кіш өнерді бағалайтын жандардың көңі­лінен шығады деген үміттемін, – деді мү­сіншінің шеберханасындағы бола­шақ мүсінді тамашалап көрген Қуат Есімханов.

Өнер майталманы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбі­ловтің айтуынша, автор мүсін арқылы Естайдың образын дәл берген.

– Мүсіншіге айтылған ірілі-ұсақты кем­шіліктер көңілдегідей реттеліп, про­цестің бәрі ойдағыдай аяқталса, Естай ес­керткіші шетелдіктерге ұялмай көрсететін ерекше дүниеге айналады. Себебі шетел халқы Естайды махаббаттың символы ретінде қабылдап жүр. Ал ертең-ақ тұғырына қонар ескерткіштен махаббат та, еркіндік те, дарқандық та сезіліп тұр, – дейді Шахимардан Әбілов.

Мүсінші Азат Баярлин Естайдың туған немерелері Зекен және Сарыторғай апа­лардың болашақ ескерткішпен танысып шыққанын жеткізді. Айтуынша, олар өнер дүлдүлінің жалпы образын жақсы қабылдап, бет-бейнесіне қатысты кемшіліктер айтқан. Олардың бәрі рет­теліп, тиісті мекемелермен келісілген соң, жақын күндері ескерткішті құю процесі басталмақ.

Еске сала кетейік, Естайдың қола мү­сі­нін қалыптап жатқан Азат Баярлин – Нұр-Сұлтандағы Сәкен Сейфулин, Ом­бы қаласындағы Шоқан Уәлиханов ескерт­кіш­терінің авторы. Бұдан бө­лек Мағжан Жұ­мабаевтың, Тұрар Рыс­құловтың, Қаныш Сәт­баевтың ескерткіштерін жасаған.