Спорт • 23 Қыркүйек, 2020

Мұрат Темірәлиев: Тұғырымыз бүгінгіден де биік болатынына сенемін

327 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде күллі әлемде құлашын кеңінен жайып, тасы өрге домалап тұрған таеквондо өнерінің Қазақстанда іргетасын қалаған Мұстафа Өзтүрік екенін барша жұрт жақсы біледі. Жырақта туып-өскен қандасымыз қазақтың тағы бір абзал азаматы Бексейіт Түлкеевпен бірге спорттың бұл түрін өркендетуге бел шеше кірісіп, көкжиегін кеңейтуге орасан зор үлес қосты. Нәтижесінде бұған дейін біз үшін таңсық болып келген өнермен елімізде сан мың адам шұғылдана бастады. Тоқсаныншы жылдардың басында таеквондоның тұнығына бойлаған сондай жалынды жастардың бірі Мұрат Темірәлиев еді. Бұл күндері Алматы қалалық федерациясының вице-президенті қызметін атқарып отырған азаматпен жуырда жүздесудің реті келді.

Мұрат Темірәлиев: Тұғырымыз бүгінгіден де биік болатынына сенемін

– Бәрі де бозбала шағымыздағы елік­­теуден басталды, – дейді Мұрат Әбдімәлікұлы. – Әуелде мен футболға қатты құмарттым. Кіндік қаным тамған қазіргі Түркістан облысы Түлкібас кенітінде өзім құралпылас балалармен ертеден кешке дейін доп тебуден жа­лықпайтынбыз. Уақыт оза грек-рим күресіне аңсарым ауды. Облыс бірін­шілігін ұтып, республикалық жарыс­тарда жүлде алдым. Бойымдағы қабі­летімді байқаған бапкерлерім мені Қара­ғанды қаласында қоныс тепкен Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернатына жіберуді жөн көрді. Ол жерде де көштен қалмауға тырыстым. Мектеп-интернатты тәмамдағаннан кейін Ал­матыдағы технологиялық инс­титутқа құжаттарымды тапсырдым. Жолым оңға­рылып, оқуға түстім. Бұл – 1990 жыл еді. Міне, сол студент кезден бастап, таек­вондоға мықтап ден қойдым.

– Жоғарыда сіз «Бәрі де еліктеуден басталды» дедіңіз. Ал өзіңіз кімге елік­тедіңіз?

– Сексенінші жылдардың соңы мен тоқ­саныншы жылдардың басында Қа­зақстанның күллі қалаларында бейнесалондар қаптағаны белгілі. Жастар Брюс Лиден бастап, жекпе-жектің сан алуан түрін меңгерген бас­қа да спортшылардың өнеріне тамсанды. Соның әсері болса керек, күш-қуаты тасыған көптеген жігіттер түр­лі үйірмелерді жағалады. Менде де шығыс жекпе-жегімен шұғылдансам деген ерекше құлшыныс пайда болды. Оның үстіне, дәп сол кездері Түркияда дүниеге келіп, Германияда тұрып жатқан таеквондоның хас шебері, қазақтың батыры Мұстафа Өзтүрік Алматыға атбасын бұрып, республикамыздың бірқатар қалаларында үйірмелер ашты. Бұл жағдай жергілікті жастардың таңсық өнерге деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті. Содан мен де тәуекелге бел буып, таеквондо үйірмесінің табал­дырығынан аттадым. Атағы алысқа жа­йылған азаматпен танысып, майталман маманның қол астында жаттығуды армандадым.

– Қалай, Алматыда Мұстафа Өзтү­ріктей аңыз тұлғамен танысудың реті келді ме?

– Иә, реті келді. Негізі Алматыда мен Исатай Кабековтің қол астында жат­­тықтым. Дихан Ақаев пен Мақсұт Нар­баев сынды білікті бапкерлерден де тәлім-тәрбие алдым. Біз жаттығатын залға Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкеев жиі келетін. Жаттығу былай тұрсын, сол ғұлама ұстаз, асыл ағалардың әңгімесін естудің өзі бір ғанибет еді ғой. Екеуі де тұнып тұрған шежіре, парасат-пайымы мол тұлғалар. Мұстафа мен Бексейіттің қарапайымдылығы мен қаза­қылығы жайында әңгіме бір бөлек. Олар өз ұлтын шексіз сүйетін. Сондай сегіз қырлы, бір сырлы азаматтармен жолықтырған тағдырыма дән ризамын.

– Кезінде жоғарыда есімдері аталған арыстай азаматтардан дәріс алып, солармен қатар жүрген екенсіз. Ал ондай мектептен өткен спортшының қалың топ­тың арасында қалып қоюға қақы жоқ. Сол себепті сізге де осы сала­дағы биік белестерді бағындыру айтар­лық­тай қиындық туғызбаған болар?

– Біз де шама-шарқымызға қарай көсілдік. Жеті жылға жуық уақыт бойы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында болдым. Үш мәрте ел чемпионы атандым.1993 жылы біздің таеквондошылар тұңғыш рет әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне ие болды. Нью-Йоркте өткен сол байрақты бәсекеде мен де өнер көрсеттім. Орталық Азия біріншілігінде бас жүлдені олжаладым. Бірқатар аса ірі халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілдім. Әрине, одан да биік белестерді бағындыруға болатын еді. Бірақ ол кезде заман басқа. Таңсық өнерге мемлекет тарапынан пәлендей көңіл бөлінбейтін. Көбіне-көп жарысқа шығу үшін қаражатты өзі­міз іздейтінбіз. Кейде жолымыз болса, енді бірде құрқол қайтатынбыз. Осын­дай келеңсіз жайттардың салдарынан бірқатар байрақты бәскелерден сырт қалып, талай несібемнен қағылдым.

– Үлкен спортпен қош айтысқан соң да осы саладан алыстамаған секілдісіз. Білуімізше, бапкерлік кәсіпте бағыңыз жанды ғой?

– Иә, алыстап ешқайда кеткен жоқ­­пын. Осы күнге дейін бапкерлік қыз­мет атқарып, бірнеше жақсы шә­кірт­тер тәрбиеледім. Солардың арасы­нан Нариман Шәкіров, Мерей Ра­си­лов, Рамиль Ашмахунов, Асхат Әбіл­даев, Абзал Анарқұлов сынды са­йып­қы­рандар суырылып шығып, түрлі дүр­мектерде атой салды. 2005-2013 жыл­­дары республикалық таеквондо фе­дерациясына бас хатшы және ко­манда басшысы қызметтерін қатар ат­қардым. 2012 жылы ұлттық құраманы Лондон Олимпиадасына бастап апарған мамандардың бірі болдым. Сонымен қатар төрешілік кәсіпте де бақ сынадым. Бұл ретте де несібесіз емеспін. Әлем мен құрлық чемпионаттарында, Азия ойындары мен Әлем кубогында және басқа да көптеген дүбірлі додаларда қазылық еттім. Ұйымдастырушылар тарапынан еңбегім лайықты бағаланып, түрлі бай­рақты бәсекелерде ең үздік төрешіге тиесілі арнайы сыйлықты иелендім. «Азияның ең әділ қазысы» деген атақ та бұйырды. Сонымен қатар қазірден шә­кірттер тәрбиелеп жүрмін. Қол астымда жаттығатын қандастарымыздың арасында болашағынан мол үміт күттіретін жас­тар аз емес.

– Сөз орайы келгенде, қазылар мә­се­­­лесіне кеңірек тоқтала кетсеңіз. Таек­вондода өтетін аса жауапты жа­рыс­­тарда төрешілерді іріктеу про­цесі қалай жүзеге асырылады? Осын­дай сауал қоюымның себебі, қазақ­стан­дық­тардың аса ірі халық­аралық жа­рыстарда сирек қазылық етіп жүр­гені қын­­жылтады.

– Төрешілерге қойылатын талап өте қатаң. Ең бірінші кезекте біліктілік пен шеберлік деңгейі басшылыққа алынады. Одан да басқа талаптары көп. Олардың ешбірі комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмайды. Мәселен, мен 2021 жылы Токиода алауы тұтанатын Паралимпиадада қазылық етуге үмітті төрешілердің тізіміндемін. Бастапқыда үміткерлер санатында әлемнің әр қиы­рынан жиналған 500-ге тарта маман болды. Соларды түрлі жарыстарға қатыс­тырып, іріктеуден өткізді. Қалыс және шалыс басқандары, өрескел қателікке бой алдырғандардың аты-жөндері тізімнен сызылып тасталады. Осылайша, бірте-бірте үміткерлер қатары сирейді. Қазір тізімде 50 адамдай ғана қалды. Солардың отызы ғана дүбірлі додада қазылық етеді. Бұйыртса, мен де Токиоға сапар шегемін деп ниеттеніп отырмын.

– Елде білім алумен ғана шектеліп қалмай, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Швейцарияда да оқыған екенсіз. Ол елде қандай мамандықты меңгердіңіз?

– Лозанна қаласында орналасқан AISTS MAS мектебінде «Спорттық менеджемент» мамандығы бойынша білім алдым. Бұл – күллі әлемдегі спорт саласы бойынша білім беретін ең ірі орталық. Осы салада жүрген мамандардың дені Лозаннадағы ұстаздардан тәлім алуды армандайды. Бағыма орай, «Болашақ» бағдарламасы арқылы маған да AISTS MAS мектебінде түлегі болу бақыты бұйырды. Одан бөлек, қолымда Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында орналасқан Кенг Хи университетінің сертификаты, Алматыдағы технологиялық университет пен Қазақ спорт және туризм академиясының дипломдары бар.

– Сіз жайында ақпарат жинаған кезде «Әйгілі «Куккивон» академиясының халықаралық инспекторы» деген жазуды да көзім шалды. Осы академия жайында қысқаша ақпарат берсеңіз.

– Таеквондо өнерін серік еткен саңлақтарға спорттық дан және түрлі белбеулерді тағайындайтын әлемдегі жалғыз ұйым дәл осы – «Куккивон». Оңтүстік Кореяның бас шаһары – Сеулде орналасқан айтулы академияға халық­аралық инспектор ретінде тіркелу үшін мен көптеген сынақтан өттім. Осы спорт түрінің майталмандары алдында бұл жұ­мысты атқаруға лайық екенімді дәлел­дедім. Қазіргі кезде әлемдегі кез келген таеквондошыдан емтихан қабылдап, оларға дан және белбеу беруге менің де құқығым бар.

– Халықаралық таеквондо феде­рациясының (WTF) филиалда­ры­ның бірі Швейцарияның Лозанна қала­сында орналасқаны белгілі. Альпі тауы етегіне жиі атбасын бұрып тұрға­ны­­­ңызға қарағанда, сол ұйыммен ты­ғыз бай­ланыстасыз ғой?

– Негізінен мен Швейцарияға тә­жірибе жию және білімімді жетілдіру үшін барамын. Ара-тұра халықаралық федерацияның жұмысына да араласып тұрамын. Федерацияда мен босқындар мәселесімен айналысамын. Қазір Жер жаһанда соғыс оты өршіп тұрған және жаппай кедейшілік белең алған мемлекеттер аз емес. Соның салдарынан Сирия, Ливия, Ауғанстан және Африканың бір­қатар елінің халқы өз отандарынан безіп, жан-жақтан пана іздеуде. Солардың қа­тарында спортшылар қауымы да бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) мен Халық­аралық Олимпиада комитеті (ХОК) осы проблеманы назарда ұстап, үнемі шешу жолдарын қарастыруда. Бүгінгі таңда сол босқындар түрлі дүбірлі додаларда өз елдерінің емес, Халықаралық федерацияның туы астында өнер көрсетіп жүргенін де жақсы білесіздер. Міне, біз осы жағдайды жан-жақты зерттеп, зерделеп, талдап, реттеп, заңдастыру мәселесімен айналысып жүрміз.

– ХОК, ФИФА, УЕФА секілді көп­теген спорттық ұйымдардың штаб-пәтерлері Лозаннада көптеп шо­ғыр­лан­ғаны белгілі. Сол себепті де түрлі деңгейдегі басшылар мен спорт жұл­дыз­дарының аталған шаһарға жиі қа­тынауы заңды. Сіз сондай мықты­лармен жолыға алдыңыз ба?

– Осы орайда мына бір оқиғаны баян­дайын. Бірде-бір топ азамат жұмыс бабымен Қазақстаннан Швейцарияға келдік. Менің Криштиану Роналдудың жеке дәрігері Антонио Гашпармен жақын араласатынымды жақсы білетін, футбол десе ішкен асын жерге қоятын сыйлы ағаларымыздың бірі «Әлемдік футболдың шоқжұлдызымен жолықтыра аласың ба?» деген сыңайда әңгіме қозғады. Мен «Антониомен ақылдасып көрейін» дедім. Досым бірауыз өтінішімді жерге тастамады. Сөйтіп, Лозаннадағы әсем бір кеңседе Роналдумен кездесудің сәті түсті. Қонақүйде қазақы дәстүрмен үлкен дастарқан жайылып, талай тартымды әңгіменің тиегі ағытылды. Теңбіл доптың теңдессіз шебері Қазақстан жа­йында өзінің жылы лебізін білдірді. Біздің ел оған таңсық емес. «Еуро-2008» додасының іріктеу турнирі барысында Криштиану Алматыға келгенін айтты. Сол сапардан алған әсерімен бөлісті. Бір ғажабы, ол Португалия ұлттық құра­масы сапындағы өзінің алғашқы ойынын 2003 жылдың тамыз айында дәл біздің Қазақстан командасымен өткізіпті. Ол кезде болашақ жұлдыз 18 жаста екен. Қазақтың көңілі де, пейілі де кең ғой. Біздің жігіттер де қарап қалмай, Криш­тиану Роналдудың иығына зерлі шапан жауып, «Алтын адамның» мүсінін сыйға тартты. Арасында естелік суретке де түсіп үлгердік.

– 2008 жылы Бейжіңдегі додада Арман Шылмановтың атой салып, қола медальді олжалағаны белгілі. Бұл – отандық таеквондошылармыздың Олим­пия ойындарында олжалаған алғашқы және әзірге жалғыз жүлдесі. Қалай ойлайсыз, келесі жылы Токиода алауы тұтанатын байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері же­тетін қазақтың ұл-қызы табыла ма?

– Біздің қазіргі командамыз да өте күшті. Әсіресе, Руслан Жапаров пен Қайрат Сарымсақовтың өнері көпшіліктің көңілінен шығуда. Олардың бойында Олимпия ойындарының алтын тұғырына көтерілуге қажетті қасиеттердің барлығы бар. Жансел Дениз, Нұрлан Мырзабаев, Феруза Алдоңғарова және Смайыл Дүйсебай сынды шеберлерімізге зор сенім артылып отыр. Солардың арасынан бір-екеуі Жапонияда жасындай жарқырап, жеңіс тұғырына көтерілсе, күллі Қазақ елі үшін үлкен абырой болатыны даусыз. Қазақстан таэквондосының тұғыры бүгінгіден де биік болатынына мен кәміл сенемін.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет. Мұс­тафа мен Бексейіттей арлы азаматтар ірге­тасын қалаған Қазақстан таэк­вон­до­сының тұғыры бүгінгіден де биік болсын!

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»