Экономика • 23 Қыркүйек, 2020

Астықтың көлемі де, сапасы да артты

476 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында биыл егін орағының барысы мен тұтынушылар құқын қорғау мәселесі қаралды.

Астықтың көлемі де, сапасы да артты

18 миллион тонна астық бастырылды

Бірінші мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі А.Мұ­хам­бетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкі­мі Қ.Ақсақалов, сондай-ақ аталған өңір­лердің агробизнес өкілдері – «Логос Грейн» ЖШС басшысы А.Құдай­бер­генов, «Қарқын» агрофирмасы» ЖШС басшысы Е.Бұқанов, «Biooperations» ЖШС басшысы Ә.Талғатбек баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, биыл елімізде егін жинау жұмыстары уа­қ­ты­лы басталды, бұл ретте егін орақ нау­қа­нының қарқыны өткен жылғыдан жоғары. Бүгінгі таңда республика бо­йынша барлығы 14,8 млн гектардан ас­там дәнді және дәнді-бұршақты дақыл­дар немесе олардың жалпы жинала­тын алаңының 93,4%-нан егін жиналды. Гектарына 12,3 центнер орташа түсім­мен 18,2 млн тонна астық бастырылды (2019 жылы – 11,4 млн тонна).

– Дәнді және дәнді-бұршақты да­қылдар өндірісінің болжамды көлемі еліміздің ішкі қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді С.Омаров. 

Министрдің айтуынша, келесі қадам – егіннің көлемі мен сапалық сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы алғанда, елдегі қолда бар сақтау қуаты өткен жыл­дардағы ауыспалы қалдықтарды есепке алғанда болжамды өнім түсімін сақ­тау үшін жеткілікті. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды, оның 12,1 млн тоннасы – астық қабылдау кәсіп­орын­дарында, 16,7 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы өндірушілерінде.

– Сонымен қатар әкімдіктер элева­торлардың 2020 жылғы түсімді уақтылы қабылдауына үнемі мониторинг жүр­гізуі, сондай-ақ астықтың үздіксіз орын ауыстыруын тұрақты бақылауда ұстауы қажет, – деді С.Омаров.

Жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3 млн тонна астық түсті, бұл 2019 жылғы осындай мерзімде астық қабылдау кәсіп­орындарына сақтауға келіп түскен астық көлемінен 2,1 есе көп. Аталған дерек егін жинау қарқынының өткен жылмен салыстырғанда жоғары екендігін тағы бір рет растайды.

– Жаңа егін астығының сапасы жоғары көрсеткіштерге ие екенін бай­қауға болады. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тап­сы­рылған жалпы бидай көлемінің 83,8%-ы 1-3 санаттарға жатқызылды, бұл көр­сеткіш 2019 жылы 67,2%-ды құраған бо­латын. Тиісінше, 4-5 санатты және санатсыз бидайдың үлесі 2019 жылғы 32,8%-дан 16,2%-ға дейін төмендеді, – деді С.Омаров.

Астық қабылдау кәсіпорындарына түскен астық сапасы туралы деректерге сәйкес, дән маңызы жоғары бидай үлесінің едәуір өскені байқалуда. Бұл бидайдың маңызды сапалық көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Соның ішінде дән маңызының мөлшері 28% және одан жоғары болатын жоғары сапалы, жоғары сұранысқа ие HI-Pro бидайының үлесі 59%-ға жетті, өткен жылы бұл 42,8% болатын.

С.Омаров атап өткендей, сапалы өнім­нің алынуы мемлекеттің өсімдік шаруашылығына қолдау көрсету жөнін­дегі мақсатты саясатының арқасын­да мүмкін болды. Осы жылы тұқым шаруа­шылығын субсидиялау көлемі 49%-ға ұлғайды (9,4 млрд теңгеден 14 млрд теңгеге дейін), бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жоғары репродукциялы тұқым сатып алуға қолжетімділігін 2019 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге арттыруға (39,4 мың тоннадан 135 мың тоннаға дейін) мүмкіндік берді. Тыңайтқыш сатып алуды субсидиялау көлемі 38%-ға едәуір ұлғайды (19 млрд теңгеден 26,1 млрд теңгеге дейін), бұл тыңайтқыш енгізу көлемін ғылыми қажеттіліктің 20%-ына дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Кепілдендірілген және сапалы өнім алуда егістерді зиянкестер мен ау­ру­ларға қарсы химиялық өңдеу бойынша қабылданған шаралардың маңызы зор болды. Биыл пестицидтерді субси­дия­лауға 36,4 млрд теңге көзделді, бұл 2019 жылға қарағанда 9 млрд теңгеге көп. 2020 жылға дейін тек гербицидтер (арамшөптерге қарсы препараттар), биопрепараттар мен биоагенттер суб­си­дияланғанын атап өткен жөн. Осы жыл­дан бастап пестицидтердің инсектицидтер мен фунгицидтер (өсімдіктер зиянкестері мен ауруларына қарсы препараттар) сияқты басқа да түрлері субсидияланады.

Астық жөніндегі халықаралық кеңес­тің есебіне сәйкес (2020 жылғы 27 тамыз) астық өндірісінің Ресейде, Кана­дада, Аустралияда өсуіне байланысты 2020 жылғы өнім көлемі әлемдік рекорд­тық деңгейде – 2,2 трлн тонна бола­ды деп бағалануда, маусым жоғары астық қорымен – 630 млн тонна мөлшерін­де аяқталады.  «Оның ішінде Астық жө­ніндегі халықаралық кеңес Қазақстанда 17,7 млн тонна көлемінде астық жиналады деп болжауда, біздің бағалауымыз бойынша өнім 18 млн тоннаны құрайды» деді С.Омаров.

Жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұн дәстүрлі түрде Орталық Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолдана­тын болады. Астық сапасының жоғары бо­луы­нан Қытайға бидай (HI-Pro) жөнел­тілімі артуы мүмкін.

– Биыл ауыл шаруашылығы өндіру­шілерінің көптеген өтініші бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорация­сы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, оны өткізу үшін республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді,– деді С.Омаров.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кепілмен қамтамасыз етуге қатысты қиындықтарын ескере отырып, фор­вард­тық сатып алу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен жүзеге асырылды, 516 мың тонна өнімі сатып алуға келісімшарт жасалды. Министрдің айтуынша, нарықтағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ бидайды сатып алу бағасын сапасына қарай 83-87 мың теңге дәлізінде, 4-санатты бидайға – 78 мың теңге, 2-санатты арпаға – 50 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынады. Форвардтық мәмілелер бойынша күнбағыс пен қарақұмықтың сатып алу бағалары осы дақылдарды жинау аяқталған кезде кейінірек белгіленетін болады.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Қазіргі таңда елімізде егін жинау жұмыстарының 93%-дан астамы орындалды. Өнім көлемі 18 млн тонна астық деңгейінде жоспарланып отыр. Өнімділік – гектарына 12,3 центнерден келеді. Жаңа өнімнің экспорттық әлеуеті шамамен 7,5-8 млн тоннаны құрайды.

– Жаһандық үрдіске қарағанда әлемдік нарықта азық-түлікке деген сұраныс пен баға тек арта бермек. Сондықтан біздің басым міндетіміз – астық өсіру мен одан жасалатын өнімдер экспортының көлемін айтарлықтай ұлғайту, – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне дәнді және бұршақты дақылдарды қайта өңдеу саласын дамыту, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыру бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды. Әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қысқа мерзім ішінде астық жинау жұмыстарын аяқтап, егіннің сақталуын қамтамасыз ету, астыққа сатып алу бағасын белгілеу және нарық қатысушыларын хабардар ету, форвардтық сатып алу тетігі аясында қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету тапсырылды. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, астықты үздіксіз тасымалдау үшін жылжымалы құраммен қамтамасыз ету шараларын қабылдау тапсырылды.

 

Тұтынушылар құқы қалай қорғалуда?

Үкіметтің селекторлық отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері де қаралды. Атқары­лып жатқан жұмыстар туралы Сау­да және интеграция министрі Б. Сұл­та­нов, «Атамекен» ҰКП төрағасы А.Мырзах­метов баяндады. Жоғарғы соттың судьясы А.Түкиев пен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы М.Әбенов түсініктеме берді.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі таңда Қазақ­стандағы тұтынушылардың саны 18,7 млн адамды құрайтынын, олар күн са­йын 6 млн-нан аса тауарлар мен қыз­мет­терді сатып алу транзакцияларын (кас­салық бақылау аппаратымен бөлшек сау­дадағы операциялар саны) жүзеге асыратынын айтты.

Биыл қазақстандық тұтынушылар бөлшек сауда желісі арқылы 6,8 трлн теңгеге тауар сатып алып, 4 трлн теңгеге қызметтерді тұтынған. Олардың ішінде сауданың негізгі үлесі тамақ өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тұрмыстық заттарға, жылжымалы және жылжымайтын мүлік операцияларына, демалыс қызметтеріне тиесілі.

– Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік жүйесіне 19 орталық және 17 жергілікті атқарушы орган кіреді. Тізілімге сәйкес, мемлекеттік органдар квазимемлекеттік сектор субъек­тілерімен бірге жеке тұлғаларға білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық, байланыс және т.б. салаларда бар­лығы 574 қызмет көрсетеді. Бұл ретте жүйенің бірден-бір қатысушысы тұтыну­шының мүддесіне толық көңіл аудар­м­айды. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғау деңгейінің төмендігі, бұрма­ла­н­ған статистика және «қайтала­натын қателермен жұмыс істеуге» деген қызығушылықтың жоқтығы байқалады, –  деді Б.Сұлтанов.

Аталған бірқатар мәселе ағым­дағы жылдың шілдесінде «Тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулер арқылы шеші­летін болады. Заңды әзірлеу бары­сында министрлік алдыңғы қатарлы ха­лықаралық тәжірибені зерттеді. Оның тұжы­рымдамалық негізіне ЭЫДҰ елдері тиімді пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтының аралас моделі алынды. Мысалы, Германия, Аустрия, Жапония және Лит­ва­да мемлекет «ақылды» басқаруды жүргі­зеді, ал бұзылған құқықтарды қалпы­на келті­румен сотқа дейінгі реттеу инсти­тут­та­ры айналысады. Сондай-ақ Гер­мания, Ресей және Литвада Ведомство­ара­лық кеңестер қызмет атқарады, онда тұты­нушылардың құқықтарын қор­ғау­дың проблемалы мәселелері талқы­ланады. 

Б.Сұлтанов атап өткендей, шағым­дарды қарастырудың үш сатылы жүйесі енгізілді. Бірінші деңгейде сатушы тұтынушының талабын «қазір және осында» қағидаты бойынша жеке өзі қарауға міндетті. Сондай-ақ өзара келісім бо­йынша екі жаққа дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну мүмкіндігі берілген.  Тұтынушыға екінші деңгейді өту міндетті талап емес, шағымды уәкі­летті органға жіберу қажеттілігі туралы шешімді оның өзі қабылдайды. Соңғы деңгейде тұтынушының сотқа жүгінуі көзделген. 

– Біздің ортақ міндетіміз – сатушы мен қызмет көрсетушінің дауларды бол­дыр­мауға, ал олар туындаған кезде бірінші деңгейде шешуге мүдделі болатын жағдайларды жасау, – деді Б.Сұл­танов.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Ма­мин қорытындылады. Премьер-Министр тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қазақстандық жүйесі «тұты­нушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет» өзара іс-қимыл жасау байланысы нақты құ­рылған шетелдік озық тәжірибені еске­руі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте азық-түлік саласына, медициналық қызмет­терге, ТКШ, фармацевтикалық тауар­ларға, сондай-ақ туризмге ерекше назар аудару қажет.

– Сапасына кепілдік беруге болатын өнімдерді өндіруге, бақылау мақ­сатын­дағы сатып алу механизмін пайда­лануға, адал жарнама мен маркетингке бағытталған саясат жүргізу қажет, – деді А.Мамин. 

Үкімет басшысы осы жылдың соңы­на дейін тұтынушылардың құқық­тарын қорғау саласында қоғамдық ұйым­дар бірлестігін құруды, сондай-ақ үкі­меттік емес ұйымдар базасында тұтыну­шы­лар­дың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу мә­селе­сін пысықтауды тапсырды. Ұлт­тық экономика, сауда және әділет ми­нистр­лік­теріне нормативтік-құқық­тық акті­лер жобаларының тұтыну­шылар құ­қық­тарын қорғау жөніндегі реттеушілік әсеріне талдау жүргізу тапсырылды. Бұған қоса осы актілерді әзір­леуге қоғам­дық кеңестердің құрамында үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын қамтамасыз ету керек. 

Сауда министрлігіне Ұлттық эконо­­мика министрлігімен бірле­сіп, мем­лекеттік органдардың, жер­гілікті ат­қарушы органдар мен квази­мем­ле­кет­тік ұйымдардың тиімділік көрсет­кіш­теріне (KPI) тұтынушылар тарапы­нан қанағаттану және сенім деңгейін бағалауды қосу тапсырылды. «Ата­мекен» ҰКП Ерікті іскерлік тәжі­рибе ережелерінің жиынтығын және тұ­ты­ну­шылардың мүдделері мен құқықтарын ескеретін үлгілік шарттарды қабылдау, сондай-ақ ұсынылатын қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсарту үшін бизнесті ынталандыру шараларын пысықтауы тиіс.

Премьер-Министр 2020 жылғы 1 қарашаға дейін Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесін құру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.