Осыдан сегіз жыл бұрын Бурабай баурайындағы Қоянды ауылына Шығыс Қазақстан облысынан көшіп келген Қазбек Ахметов бүгінде төрт құбыласы тең, өрісі малға толған, босағасына береке байланған отбасы. Курортты аймақтағы Қоянды ауылы өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдай алмай, соңғы қазығын суыруға шақ қалған. Алдымен кәсіп іздеп жастар кетті, кейін туған жерін қимай-қимай егде адамдар да көш басын облыс орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласына бұрған. Түгін тартса майы шығатын жердің игілігін көру үшін белсенді жұмыс істеуі керек еді. Бәлкім, осы бір қасиет кемдік еткен шығар. Ал жаңа қонысты жатырқамаған Қазбек Нұрсайынұлы болса, 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 млн теңге несие алып, сонау Чехиядан өнімділігі мол, асыл тұқымды ірі қара мал сатып әкелді.
Құнарлы топырақта жайқалған жасыл шалғын Чехиядан артық болмаса кем емес шығар. Таза қанды, асыл тұқымды мал кірпияз, кінәмшіл болады деп естіген. Мал түгіл адамның өзі көргенде көркіне көзі тоймайтын Бурабай баурайы неге жақпасын, жақты. Бұл күнде тәп-тәуір жерсініп кетті. Түлікті өз төлі есебінен өсіруді мұрат тұтты. Әуелі мал басын біршама көбейтіп барып, биыл тауарлы сүт фермасын ашты. Асыл тұқымды сиырлардың сүті бұлақтай екен. Жергілікті, тұқымы азған малдың желініне мұнша сүт бітпес еді. Шетелдік ірі қара мал қымбат болғанымен, малсақ қауымның бейнетін ақтайтын түрі бар. Бір жақсысы, мал азығын сатып алмайды, өздері егеді, өздері шабады. Егер сатып алса, сүттің өзіндік құны қымбаттап кетуі кәдік. Бір дәтке қуаты, тау етегінде шабындық жер көлемі шағындау болғанымен, өзге өңірлерге қарағанда өнімі көл-көсір.
«Қоянды» агрошаруашылығының басшысы Қазбек Ахметовтің ендігі арманы – мал басын 250-ге жеткізу. Күш-қуаты қаптал жетіп тұр. Жетпейтіні жайылым ғана. Іштей есептеп көрсе, 2 мың гектарға жуық шабындық және жайылымдық жер керек екен.
Қисынға келмейтін бір гәп, жайылым мен шабындық жердің аздығы. Былай қарасаңыз, облыста жер жеткілікті. Жер қоры 14 млн 600 мың гектарды құрайды, оның 10 млн 800 мың гектарын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға әбден болады. Былайша айтқанда, облыс аумағының 74 пайызы егіншілік пен жайылымға жарамды. Енді мына бір жайға назар аударыңыз, жыл басында ғарыштық мониторинг арқылы ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамды жердің 1 млн 500 мың гектары бос жатқандығы анықталған. Ал Қазбек Нұрсайынұлы тәрізді шаруа қожалықтары мал басын көбейту үшін тоқымдай жер таба алмай жүр.
Сәл көңіл таразысына салып топшыласақ, оның бір себебі, өтпелі кезеңде бұрынғы астықты алқаптарды игере алмай, тоздырып алуымызға байланысты сыңайлы. Арамшөп басқан астықты алқаптар да, көпжылдық екпе шөп те күтімсіздіктің салдарынан құлазып қалды. Шаруашылық басшылары ендігі арада аз жерден көп өнім алуға ұмтылуда. Ол алқаптарды бұрынғы деңгейіне жеткізу үшін, одан да жақсарту үшін тыңайтқыш қажет.
– Топырақтың құнарлылығы – басты мәселе. Тыңайтқыш бағасы қымбат, – дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Әбілжан Құсайынов, – біз жергілікті жерде қалдықтарды тыңайтқыш ретінде пайдалануды ойластырдық. Мәселен, көмір күлі негізінде жаңа тыңайтқыш шығарып, оны агробионат деп атадық. Үш бірдей патентіміз бар. Бірақ өкінішке қарай, өндіріске енгізе алмай отырмыз.
Осындай қадау-қадау, тиімді іс оңынан оралмаған соң тозған жердің топырағын толық құнарландыра алмай отырмыз. Бұл ең алдымен ақ адал еңбегімен өрісін малға толтырғысы келіп отырған Қазбек Нұрсайынұлы тәрізді шаруалардың қолын байлауда.
Қазір шаруашылықта 15 ауыл тұрғыны жұмыс істеп, нәпақа тауып отыр. Сырттан келіп жұмыс істейтіндер үшін құстың ұясындай жып-жылы жатақхана салып берген. Төңіректегі ауылдардан қатынап жұмысқа орналасуға тілек білдіргендер де аз емес. Өйткені мұнда еңбекақы толымды әрі тұрақты, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жасалған. Кәсіпкердің өзі болса, әлі де жұмыс көзінің бар екенін, әсіресе маусымдық жұмыс кезінде адам қолының жетпей жататындығын айтып қынжылады.
Ақмола облысы