Оқиға • 23 Қыркүйек, 2020

Көктерегін көркейткен кәсіпкер

149 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Туған жерге ыстық ықыласы жұртқа өнеге боларлық көкше­таулық кәсіпкер Жұмағұл Жол­дықов кіндік қаны тамған Көктерек ауылын көркейтуге көп еңбек сіңіруде.

Көктерегін көркейткен кәсіпкер

Елін аңсап, сағыныштан сарғайып жүрген шақ еді. Таң алдында түс көріп­ті. Әулиетастың үстінде шымқай ақ жамылған әлдекім қабағын түйіп қарайтындай ма, қалай? Бір сәт жүзін әрі бұрды. Оянып кеткен екен. Ен­дігі арада ұйқы қашқан. Көлігіне мініп ауылды бетке алса керек. Ауы­лы – Зеренді ауданындағы шоқжұл­дыз­­дай ғана Көктерек. Атауы айтып тұр­­ғандай қолдың саласындай ақ қа­­йың мен мәңгі жасыл қарағайлар көм­керген, ұшар басы бұлт бауырын сыз­ғандай биік-биік теректер бір-бірі­мен жарыса өскен жер жәннаты. Үлкен жолмен Көктерекке таяп келіп, атбасын аттанар жағыңа бұрсаңыз, дәл бүйірден Әулиетас қылаң береді. Пәлендей қашық емес, шылбыр жетер жерде.

Күн арқан бойы көтерілген уақыт­та алып ұшып ежелден ел қасиетті санайтын Әулиетасына жеткен. Міне, бал күлкілі балалық шағы өткен топы­рақ. Ертеректе ел қасиетіне құ­лай сенген, қысылған жан медет сұра­ған Әулиетас. Тек соңғы кезде ма­ңа­йы аздап тозыңқыраса керек. Өк­пек жо­лау­шылар Әулиетасқа көзі түссе, ба­сына келуге ынтық. Семіз жыл­қы­ның қартасындай бұйра-бұйра болып жатқан көркіне көз салады. Ел ішіндегі ескі, есті әңгіме айтылады. Әттеген-айы, ішілген астың қалдығы, босаған бөтелке, шала тартылған темекі бей-берекет шашылып жатыр. Осы арада туған жердің оттай ыстық топырағына табанын тигізіп, мауқын басып, мейірін қандыруға келген Жұмағұл таң алдында көрген түсінің тегін емес екенін сезінді. Жарықтық әулиелер өкпелеп жатыр ма, қалай?! Тас болса да тілі бар тәрізді, мұңын шағатындай, арызын айтатындай.

Іле кейін оралған. Өзі басқаратын кәсіпорынның бар жұмысшысын, күллі техникасын жеткізді. Бір-екі күннің ішінде маңайын тап-тұйнақтай етіп жинап, ұзындығы әлденеше жүз метр темір қоршау жасатып, әдемілеп қақпақ соқтырып, мәрмәр тасқа Әулиетастың қасиетін жалғыз ауыз өлеңге сыйғызып жаздырды. Бұдан былай атбасын бұрған адам қасиетті жерді ардақтай білуге шақыратын, құйылып түскен өлең көкірегінде сәулесі бар жанға ел мен жердің қадір-қасиетін ұқтырады.

Ертеректе осы маңда бұлақ ағып жа­татын. Мал аяғы басқан соң көзі де бітеліп қалыпты. Түртінектеп іздеп жү­ріп бұлақ көзін тауып, қаздырған. Жа­рық­тық жарық дүниеге шыға ал­май булығып жатыр екен, тап-таза, мөп-мөлдір су бұрқырай ағып, еңіс­ке қарай жүгірсін. Дәл осы сәтте Жұма­ғұл­дың да жүрегі бір дір етіп, көз алды кіреу­келеніп кетті. Жалма-жан су ар­на­сын тегістеп, кеңейтіп, төңірегін абат­тандырып қойды. Бұл ауылда бұ­лақ көп. Тасбұлақ, Қойбұлақ деген тә­різ­ді. Ал ескіден есін жиған жаңа бұ­лақ­ты ел «Жұмағұл бұлағы» атап кетті.

Өткен жылы кәсіпкер туған ауылы­ның тоқсан жылдығына байла­ныс­ты абаттандыру жұмысына айрық­ша көңіл бөлді. Ауылдың көше­лері мың шұңқыр болып жататын. Тегіс­теді. Ойылған жеріне тас төседі. Ауыл ірге­сіндегі бұрынғы мал базынан қалған ырсиған қабырғалар көрген адам­ның иманын қасым қылатын. Оны да діңгегімен қосып жұлып алып, тазалап шықты. Әулиетастың басына үй тұрғызды. Көктеректің бір кезде көп-көрім даңқын шығарған бақша болу­шы еді. Бұл бақшаны 1949 жылы жер­гілікті мектептің директоры, Ұлы Отан соғысының ардагері Бексұлтан Сү­лей­менов бастаған қауым еккен бола­тын. Уақыт өте келе аз-маз күтімнен қа­ғыс қалып тозыңқыраған жайы бар еді. Жұмағұл бастаған жігіттер қура­ған ағаштарды алып тастап, орнына жаңасын отырғызды. Бақшаны бап­таған мектеп директоры тұрған үй қай­та­дан жаңғыртылып, әдеміленіп қор­­шалып, іргесіне ескерткіш тақта ор­нат­ылды. Бексұлтан ағаның бекем тір­лігі, ұстаздығы ғана емес, ауыл­дас­т­ары­на көрсеткен үлгісі, табиғатқа жанашы­р­лығы тағылым болсын деген ниетпен.

Облыс орталығынан келіп, оңды істерді қолына алып жатқан кәсіп­кердің бастамасы ауылдастарына да үлгі болды. Тіпті карантин кезінде де барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, туған ауылдың ажа­рын келтіру үшін қолдарынан кел­ген бірсыпыра істі тындырды. 120-ға жуық алма, шие ағаштары отыр­ғы­зылды. Жаман тұмау зардабы жойыл­ған соң жаңадан салынған, соғыс арда­гер­леріне арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтпек.

Перзенттік пейілмен емірене еңбек етіп, елге үлгі болған Жұмағұл Жол­ды­қов­қа ауылдастары дән разы. Өз­дері де қолғабыстарын тигізіп жатыр. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Сәлімжан Шо­матов өзінің отбасы атынан ауыл жас­тарына сыйлық ретінде гүлзарлар ор­нат­пақ. Би алаңы мен орындықтар көз жауын алатындай көрікті етіп істелді.

Майдангер Бексұлтан Сүлейменов­тің ұрпағы да қарап қалған жоқ, бұл күнде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын кәсіпкер Жақсылық Сүлейменов те ауыл перзенттерінің арқасында ажары кіріп қалған туған елінің еңсесін көтеруге айтарлықтай үлес қосуда.

Ел еңсесін тіктеуге дәл осындай ұйытқы болатын, жақсы істерге жұ­мыл­­дыратын бір бастама керек екен. Бастаушысы болса, қостаушысы табылатынына көз жетті.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы