Технология • 23 Қыркүйек, 2020

Анықтама сұраса – eGov Mobile сілтемесін жібересіз

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта түрлі анықтама әкелуді талап еткен органдарға eGov Mobile қосымшасы арқылы анықтаманың сілтемесін алып, сұраған жерге мессенджермен жіберуге болады. Бұл туралы Мем­лекет­тік қызметтерді көрсету мәселелері жөнін­де­гі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды.

Анықтама сұраса – eGov Mobile сілтемесін жібересіз

Комиссияның басқа мем­ле­кеттік органдармен бір­лесе өткізген кезекті отырысында анықтамаларды алып тастау мәселелері қа­рал­ды. Ведомствоаралық комиссияның төрағасы – Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әр жерден сұрататын анықтамаларды азайтудың өзекті мәселе екенін, оған қажетті шараларды жедел іске асыру қажеттігін айтты.

– Мемлекет басшысы Жолдауында жиі сұралатын анықтамалар мен мәліметті қағаз жүзінде растауды та­лап етудің күшін жою бо­йынша нақты міндет қойды. Сондықтан біз осы ба­ғытта жұмыс істеуіміз керек. Бү­гін­ге дейін 6 анық­та­ма жо­йылды, оның оң эко­но­ми­калық нәтиже бергенін көріп отырмыз. Біз үнемі жаңа тәсілдерді ұсынып, уақыттан қалыспай, процесті жылжытып, eGov Mobile мүмкіндіктерін кеңейтуіміз керек, – деп атап өтті министр.

Жалпы, елімізде түрлі анықтамалар көп екенін мына бір дерекке қарап-ақ көз жеткізуге болатындай. Мемлекеттік тізілімдегі 694 қызметтің 50-ге жуығы ақпа­раттық қызметтер мен анықтамалар екен.

– Біз бірқатар министр­лік­тердің өкілдерімен кездесулер өткіздік, азаматтардан көп анықтама талап етпеу мәселелерін талқыладық. Соның нәтижесінде биыл  30 анықтаманы қысқартуды ұсынып отырмыз. Мыса­лы, наркологиялық мекемеде тіркелмегені, зейне­та­қы жинақтары туралы, жұмыс­сыз ретінде тір­кел­ге­ні туралы, жылжымайтын мүліктің мекенжайлы анық­тамалар жойылады. Ал сот­талғаны неме­се сот­тал­ма­ға­ны туралы анық­та­маны талап ету қыс­қар­тылады, бірақ ол шетелде көрсету үшін қал­ды­ры­лады. Соның нәти­же­сінде айналымдағы 35 миллионнан астам қағаз құжат азаяды, – деді Мемлекеттік көрсе­ті­ле­тін қызметтер коми­тетінің төрағасы  Дәулет Бекманов.

Қағаз құжат айналымын қысқарту eGov Mobile мо­биль­дік қосымшасындағы жаңа құралдарды да азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, жақында eGov Mobile-дан ақпаратты тікелей мессенджерлер арқылы жібере оты­рып, қосымшада жеке мәлі­меттерді бөлісуге болады. Мысалы, кез келген ың­ғайлы жолмен ақпаратты жібере отырып,қосымша арқылы мекенжай дерегімен бөлісуге болады. Бұл ақпа­рат­ты талап етуші мекеме­лер­ге eGov Mobile-ден сілтеме жібере саласыз. Бас­қа да жеке ақпаратты солай жіберуге болады. Егер құжат талап еткен мекемеге жақын жерде болсаңыз, онда мәліметті QR код арқылы да жіберуге мүмкіндік жасалады.

Тағы бір айта кетерлігі, eGov Mobile-дан электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу да жеңілдейді. Ол үшін биометрияны сәйкес­тен­діру­ден өтіп (жүйе азаматтың жеке басын ска­нер­лейді), сұрақтарға жауап беріп, телефон нөмірін енгізу қажет. Сол кезде телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркеліп, ЭЦҚ телефонға орнатылады. Бұл процесс eGov Mobile-дың көмегімен электронды үкімет порталын пайдаланушыларды тіркеуді оңайлатпақ.

Жиында азаматтар ең көп сұрайтын мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мәселелері қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің өкіл­де­рі көп балалы отбасына жәрдемақы тағайындау, бала кезінен 1-топтағы мүге­дек­ке күтім жасау, еңбек ету қабілетінен айырылу жағ­­дайларына төлем­дер тағы басқа қызметтер көр­сету мерзімдерін қыс­қар­­ту бо­йынша бизнес-про­цес­терді ұсын­ды. Smart Bridge плат­фор­масындағы интег­ра­ция­лық сервистер бойынша бизнес өкілдерінің ұсыныстар қаралды.