Елорда • 23 Қыркүйек, 2020

Психологиялық көмекке жүгіне алады

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы КВИ-дың ықтимал жаңа толқынында тұрғындарға психологиялық көмек көрсететін болады. Емханалардың бейінді мамандары осы бағытта жұмыс істеуге жұмылдырылады.

Психологиялық көмекке жүгіне алады

«Қала тұрғындарында КВИ бойынша сұрақтар туындаған кезде халықты то­лық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін емханалардағы Call-орталықтардың жұмысын күшейтеміз. Біздің психологтер халықты толғандыратын сұрақ­та­рға жауап беруге, психологиялық қол­дау көрсетуге дайын» деді басқарма бас­шы­сының орынбасары Әлия Рүстемова.

Call-орталықтардың телефондары басқарманың, қалалық медициналық ұйымдардың сайтында және әлеуметтік желілерде орналастырылады. Сондай-ақ амбулаториялық көмек деңгейінде пациенттерді оңалту бойынша жұмыс жүргізіледі.

Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қар­масы коронавирустың өршуі жағ­­дайында күзгі-қысқы кезеңге дайын­дық жұмыстарын жүргізуде. Осылайша COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күресудің 3 кезеңіне жос­пар құрылған. Бірінші кезеңде 5 медициналық ұйымның базасында 1645 төсектік орын орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар көпсалалы медициналық ұйымдар жедел қабылдау және жоспарлы түрде науқастарды қабылдауды жалғастырады. Екінші кезең бірқатар рес­публикалық клиникаларда қо­сым­ша 1500 кереует орналастыруды қарастырады. Үшінші кезең кереуеттерді тек қалалық ауруханалар мен емханаларда ғана емес, сонымен қатар қонақүй кешендері мен жатақханаларда бейімделген бөлмелерде орналас­тыруды көздейді. Санитарлық дәрігерлердің тексеруінен кейін бірқатар медициналық ұйымдар «ковидтік ауруханаларға» резервте тұр.

«Мұның барлығы 5600-ге дейін жұқпалы төсектік орын орналастыруға мүм­кіндік береді, оның 465-і – реа­нимациялық. Медицина қыз­мет­кер­лері мен медициналық мекеме­лердің ауыртпалығын бір уақытта күрт арттыруға жол бермеу керек», дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ә.Рүстемова.

Бүгінде 50-ден астам өкпені жасанды желдету аппараты (оған дейін сондай 200-дей аппарат алынды), 2 компьютерлік томограф (жалпы қала бойынша 19), өкпенің зақымдану пайызын көруге мүмкіндік беретін 7 сандық рентген жүйесі, 3 оттегі резервуары қосымша сатып алынды. Сонымен қатар қаланың емдеу мекемелеріне 500-ден астам оттегі концентраторы, 250-ге жуық өкпені жасанды желдету аппараты, 300-ге жуық флоуметр, 500 көпфункционалды арнайы кереует жеткізілді. Сондай-ақ 1600-ге жуық оттегі нүктесі бар.

Жақын арада медициналық жаб­дық­тардан басқа жылжымалы флюоро­гра­фиялық кешендер, сандық рентген жүйелері және жоғары дәлдіктегі жел­дет­кіштер де келеді. Қазіргі таңда стационарларды өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтамасыз ету шамамен 94%-ды құрайды.