Қоғам • 23 Қыркүйек, 2020

Түркістандық жастар тарихи орындарды реставрациялауға көмектесіп жатыр

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының ерікті жастары "Отырар төбе" қалашығында реставрация жұмыстарын өткізіп, көне қаланың тарихымен тілдесіп қайтты. Отырар ауданында орналасқан  "Отырар төбенің" реставрация жұмыстары жарты жылдан бері жүріп жатыр, өткен аптада түркістандық 30 волонтер сондағы мамандарға кірпіш тасу мен тазалық жұмыстарына көмектесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістандық жастар тарихи орындарды реставрациялауға көмектесіп жатыр

"Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы және "Birgemiz: Asyl Mura" жалпыұлттық жобасы аясында өтіп жатқан жобаның негізі мақсаты - мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту, тарих, мәдениет ескерткіштері мен мемориалдық кешендерді қалпына келтіру.

"Отырар төбе" біздің халқымыздың тарихын қойнауына сақтап жатқан қасиетті орын, әрі оның халқымыздың тарихында алатын орны ерекше. Түркістан өңірінің еріктілерінің "Отырар төбеге" баруы жастардың ел тарихына, жер тарихына қызығатынын көрсетеді. Ерікті жастар жерде тарихтың қойнауына сүңгіп, рухани байып келді десек те болады. Сондай-ақ, мұндай шаралар жастарды еңбекке баулуға, тұлғалық қалыптасуға көп көмегін тигізеді", - дейді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы "Жастар ресустық орталығы" басшысы Амалбек Дәркенұлы.

"Отырар төбе" қалашығына барған волонтерлер тек көмек көрсетіп ғана қоймай, тарихқа деген қызығушылықтары артып, болашақта осы орындарды туристік аймақтар ретінде танытуды мақсат тұтады.

л

"Отырар қақпасына жетер кезде алдымыздан шыққан ағаның "тарихты көзбен көріңдер" деген сөзі бұл мекенге деген қызығушылығымызды арттыра түсті. Оңтүстікте тұрсам да, Отырарға алғаш баруым. Тарихтан оқыған әңгімелер, сол заманғы оқиғалар есіме түсіп, қалашықты айнала көріп шықтым. Қаншама ғасыр сақталған көне құмыралар, бөлмелер мен ошақтар орны мені сол заманға алып барды", - дейді жас волонтер Мадина.

р

Қазір Түркістан облысында "Birgemiz: Asyl Mura" бағыты бойынша 200-ге жуық волонтер бар. Ол жастар еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға және келешек ұрпақ арасында волонтерлікке қызығушылықты арттыруға өз үлестерін тигізіп жатыр.