Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2020

Көкшетаулық балықшы Андронов мәдениетіне жататын керамикалық бұйымдар тауып алған

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетаулық әуесқой балықшы Камиль Усмановтың қармағына мол олжа ілікті. Балық емес, бағалы зат. Сонау қола дәуіріндегі Андронов мәдениетіне жататын керамикалық ыдыстардың сынықтары, деп хабарлайды Egemen.kz

Көкшетаулық балықшы Андронов мәдениетіне жататын керамикалық бұйымдар тауып алған

Өткен демалыс күндері әуесқой балықшы облыс орталығының іргесіндегі Шағалалы су  қоймасына балық аулауға барыпты. Су қоймасының жағасында отыратын орын іздеп жүрген кезінде су шайған  топырақ  опырылып кетсе керек. Ырсиған сүйектер шығыпты. Білмекке құмарлық бойын билеген балықшы қармағын тастай салып, әлгі жерді қазып көрсе, әуелі төрт тіс тапқан. Өзі көрген адамның немесе жануардың тістеріндей емес, ірі тістер. Су қоймасының өзенге құятын аңғарында биік жар бар. Індете іздеген балықшы ол жерден де керамикалық ыдыстардың сынықтары мен ұсақ моншақ тапқан.

Бір жақсысы, құнды олжаларды тарихи-өлкетану музейіне әкеліп тапсырыпты. Музей мамандары балықшының қармағына іліккен көне жәдігерлерді сараптап көріп, қол дәуіріне тиесілі деп пайымдауда.

–Керамикалық ыдыстардың сынықтарында геометриялық оюлар бар. Осы белгілеріне қарап, біз бұл бұйымдарды сонау Алакөл мәдениетіне тән деп отырмыз. Қолымызда бар археологиялық ескерткіштердің сипаттамасын қарап шықтық. Олардың ішінде мұндай жерлеу рәсімі тіркелмеген екен. Біздің ойымызша, топырақпен жерлеу рәсіміне жатады. Өйткені, мүрде үсті көмілмеген. Қасында қола дәуірге тән тұрақ болған. Шамасы жай адам емес, бақсы немесе тайпа көсемі болуы әбден мүмкін. Биік жардың үстіне етектегі елін рухымен қорғаштап жүрсін деп жерлеген тәрізді, дейді музей директоры Қуаныш Шақшашов.

Әуесқой балықшының қармағына іліккен қазына төңірегінде зерттеу жұмыстары жүргізілетін болды. Бәлкім көне дәуірден есетін көмескі леп ертедегінің елесін айқындай түсер.

 

Көкшетау қаласы