14 Сәуір, 2010

АДАМЗАТ ТАЖАЛ ҚАРУЫНА ҚАРСЫ ТОПТАСУҒА ТИІС

538 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Вашингтонда өтіп жатқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің бірінші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Кешегі мақала­мыз­да Америка Құрама Штат­та­ры­ның Президенті Барак Обаманың осы елде өтіп жатқан Ядролық қауіп­сіздік жө­нін­дегі жаһандық саммитке арнайы шақырумен кел­ген Мемлекетіміздің басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевты саммит алдын­да қабылдап, бір са­ғатқа таяу уа­қыт­қа созылған кез­де­су­де екі ел ара­сындағы страте­гия­лық әріп­тес­тікті дамыту мәселелері талқы­лан­ғандығын жазған едік. Саммитке қатысу үшін ел астанасы Вашин­гтон­ға бір сәтте елуге тарта елдің мем­лекет басшылары жина­лып отырған қарбаласты сәтте Ба­рак Обаманың “Блэр хаус” құр­мет­ті қонақтарға арналған арнайы қа­был­дау резиденциясында Елбасы­мен бірге болуға осыншама уақыт бөлуі, сөз жоқ, халықаралық аре­на­да тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі мен оның Тұңғыш Президенті бе­делінің барған сайын артып келе жат­қандығының жарқын көрінісі болды. (Мәселен, Украинаның ин­тер­нет ресурстарында Барак Обама саммит кезінде Украинаның жаңа Президенті Виктор Януковичті 10 минөтке жеке қабылдай алар ма екен, жоқ әлде қабылдай алмас па екен деген пікір қызу талқыланып жатты, оның қорытындысы әзірге бізге белгісіз). Саммит алдындағы бұл екі­жақ­ты кездесу айрықша құрмет болды және сол үшін ғана жасалынған ме­зірет емес еді. Оның қоры­тын­ды­сында Қазақстан мен АҚШ пре­зиденттерінің Бірлескен мәлімде­ме­сі қабылданды. Газеттің мұның алдындағы нөмірінде жарияланған бұл құжат екі ел арасында қалып­тас­қан стратегия­лық әріптестіктің одан әрі дами беретіндігін анық байқатты. Шынын айтқанда, бір сапар үшін мұның өзін үлкен табыс деп айтуға әбден болады. Өйткені, АҚШ кез келген елдің бәрін өзінің стратегиялық әріптесі деп танып, оны ресми құжаттарда әйгілей бер­мейді. Елбасының Барак Обамамен жеке кездесуінен бір күн кейін, яғни Америка уақыты бойынша дүйсенбі күні кешкі сағат 18.00-де (бұл Қазақстан уақыты бойынша сей­сенбі күнгі түнгі сағат 4.00, Вашингтон уақыты Астана уақы­ты­нан 10 сағат кейін жүреді) Вашинг­тон­дағы атақты Конгресс орта­лық­та АҚШ Президентінің саммитке қатысуға келген елдер басшыларын салтанатты қабылдауы (қонақасы беруі) басталды. Осы оқиғадан ақ­парат беру үшін Конгресс орта­лық­тың баспасөз залына әлемнің әр шалғайынан мыңнан астам жур­на­лист жиналды (естуімізше, саммит үшін жиналған журналистердің жал­пы саны екі мыңға жуықтайды). Бұл Конгресс орталық өзінің көлемі жағынан Вашингтондағы екінші үлкен ғимарат екен. Оның ортасында орналасқан үлкен залға бес мың адамды еркін жайғас­ты­ру­ға болады. Ғимараттың негізгі құ­рылысы 1847 жылы салынған, 1893 жылы екінші қабатта бес мың адам­дық қосымша қосылған, кейін­гі жылдары қайта жаңғыр­тылып, кеңейтіліп отырған. Осы ғимаратқа, хаттамада бел­гіленген уақытына байланысты, рет-ретімен келіп кірген мем­ле­кеттер басшыларының әрқайсысын АҚШ Президенті қарсы алып, құр­мет көрсетті. Осы қарсы алу ша­ра­сы­ның өзі, біздің мөлшерімізше, бір сағаттан астам уақытқа созылды. Шамасы, қонақтардың бас-аяғының жиналуын көп күтіп қалмау жайы ескерілгендіктен бо­лар, мұнда да ел арасында кеңінен таралған дәстүрдегідей, неғұрлым салмақты елдердің басшыларының ғимаратқа келіп кіру реті соңына таман қойылған екен, біздің Ел­ба­сы да ғимаратқа әлемнің ірі ел­де­рінің басшыларының қатарында әбден соңына таман кірді. Барак Обама алдынан шығып қарсы алып, қол беріп амандасып, хаттамада қарастырылғандағыдай, бірге суретке түсті. Осы күннің ертесінде Вашинг­тон уақыты бойынша сейсенбі күнгі таңғы сағат 9 сағат 30 минөт­те (Астана уақыты бойынша сей­сен­бі күнгі кешкі сағат 19 сағат 30 ми­нөтте) әлемдік баспасөз бетте­рінде көптен бері айтылып келе жатқан Ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі жаһандық жиынның бірінші сес­сиясы басталды. Бұл жиын “Ядро­лық лаңкестік қатерін азай­тудың және ядролық материал­дар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұлттық шаралары” деген тақы­рыппен ұйымдастырылды. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, әлемде алғаш өтіп отырған жаһан­дық саммитке әлемнің елуге тарта елінен мемлекет басшылары мен ресми делегациялар өкілдері келді. Сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысы, МАГАТЭ Бас директоры, Еуропа­лық Кеңестің Жоғарғы өкілі, НАТО Бас хатшысы қатысып отырды. Енді осы саммиттің мән-мағынасы, адамзат үшін маңызы туралы аздап әңгіме қозғайық. Өткен жылдың сәуір айында Прагада өткен жиындағы сөйлеген сөзінде Барак Обама АҚШ әкім­шілігінің ядролық қарусыздану және оны таратпау жөніндегі негізгі қағидаттарын жариялай отырып, былай деген еді: “Бүгін мен бейбіт өмірді сақтау және әлемде жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Америка қабылдаған міндеттемені ортаға сал­мақпын. Әрине, бұл мақсат жуық уақыттың ішінде, бәлкім менің өмірімде жүзеге аса қоймас. Ол шыдамдылықпен қатар, ерекше күш-жігер жұмсауды да қажет етеді. Дегенмен, біз қазір “әлемді өзгер­туге болады” деген түсінікті теріске шығарушылардың ғана үніне құлақ асып, соларды тыңдап, құрқол отыра беруге тиісті емеспіз”. Вашингтонда сейсенбі күні басталып кеткен Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммитті АҚШ Президентінің осы мәлімдемені іске асыруға шын мәнінде кіріскен­ді­гінің жарқын көрінісі ретінде бағалауға болады. Ядролық қарусыздану сала­сындағы АҚШ саясатының басты мақсаты “жаһандық нөлге” дейін жетісу, яғни жер бетіндегі барлық ядролық қаруларды және оларды өндірудің алғышарттары мен жасау құралдарын жою болып табылады. Егер жүзеге асса, бұл адамзат ал­дын­дағы үлкен абыройлы іс бол­мақ. Адамзат жер бетінде бүкіл тір­шілік иелерімен қатар, өзінің жой­ы­л­ып кетуіне төтенше ықпал ететін ең тажалды фактордан арылатын болады. Міне, осындай игі мақсат үшін ғана, бұл жаһандық жоба әлі іске асу ыңғайында дұрыс жолға тү­сіп кете қоймаса да, былтырғы жыл­дың соңында Барак Обамаға бей­бітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілген еді. Нобель сый­лығы осы уақытқа дейін ешкімге аванс үшін берілмеген. Демек, адам­зат қауымы атом қаруын ең бірінші болып жасаған алып ел – Америка Құрама Штаттарының енді осы тажалға қарсы үдерістерге жетек­шілік ету мен жүзеге асыру ниетіне үлкен үмітпен қарауда. Саммиттегі сөзінде Барак Обама аталған мақсатқа жетудің төрт негізгі тәсілін алға тартты. Олар – Ядролық қаруларды тарат­пау жөніндегі шартты күшейту; ядролық қаруларды таратуға қарсы іс-қимылды күшейту; ядролық материалдардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету және Шартқа мүше ел­дердің бейбіт мақсаттағы ядролық технологияларға қолжетімділігін қамтамасыз ету. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңес аппара­тының басшысы Марк Липперттің айтуы бойынша, АҚШ Президенті “қа­зіргі күні жаһандық қауіпсіз­дік­ке төнетін ең кең тараған және ең төтенше қатер ядролық лаңкестік­тен туындайды”, деп есептейді. Осыған байланысты Барак Обама ұзақ мерзімдік нақты мін­дет­терді айқындаған. Олар – ядро­лық сынақтарға тыйым салудың жалпыға ортақ шартын жүзеге асыру; бөлшектелетін жарылғыш заттардың шекті көлемі туралы шарт­ты жасау және ядролық лаң­кестікпен күресті күшейту. Осы міндеттердің орындалуы үшін төмендегідей шаралар іске асырылуы қажет: төрт жылдың ішінде бүкіл әлем бойынша нысандардағы ядролық материалдардың сенімді және қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету; жыл ішінде АҚШ-та ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит өткізу (бұл осы саммит – С.Ә); ядролық материалдарды сақтау жөніндегі жаңа стандарттарды жасап бекіту және жаңадан әріп­тестік жасасу; ядролық лаңкестікпен күрес жөніндегі жаһандық белсенділік пен тарату қауіпсіздігі жөніндегі бел­сенділік секілді уақытша және қысқа мерзімдік акциялардан тұ­рақты жұмыс істейтін халықаралық институттарды құрып, қалыптас­ты­ру; ядролық материалдар мен қару-жарақтардың көлеңкелі рынок­та­ры­на қарсы күресті күшейту және олардың қаржыландыру көздерін жою. Сонымен, АҚШ әкімшілігінің жалпы ядролық стратегиясының негізгі мәні – біріншіден, қазіргі қолданыстағы ядролық арсеналдар­ды қысқарту және бірте-бірте жою шараларын алға жылжыту; екін­шіден, Ядролық қаруларды тарат­пау жөніндегі шартты күшейту; үшіншіден, ядролық қарулардың лаң­кестер қолына түсу қаупінің алдын алу секілді айқын әрі бір-бірімен тығыз байланысты үш бөліктен тұрады. АҚШ Президенті Барак Оба­маның бастамасымен адамзат қауы­мы енді ғана шын мәнінде кі­рісуді ойластырып жатқан ядролық қарусыздану мәселесіне Қазақстан­ның қосқан үлесі қазірдің өзінде ұшан-теңіз деуге болады. Қазақстан әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартты. 1989 жылы Қазақстанда сол уақытқа дейін 468 ядролық сынақты жүзеге асырған Семей полигонындағы ядролық сы­нақтарды тоқтатып, жабуға ша­қырған “Невада-Семей” халықтық қозғалысы дүниеге келді. 1991 жыл­дың 29 тамызында еліміздің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев арнайы Жарлығымен Семей полигонын жапты. 2009 жылы Елбасы 29 тамызды Ядролық қару­дан бас тартудың бүкіләлемдік күні деп жариялау жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсыныс БҰҰ тарапы­нан қолдау тапты. Адамзат қауымы ядролық қару­сыздану жөніндегі үдеріске Қазақ­станның қосқан баға жетпейтін үлесін, соның ішінде осы істі саяси қайраткерлер мен мемлекет басшы­ларының арасында бірінші болып бастаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігін көріп, танып, бағалау үстінде. Жуықта БҰҰ Бас хат­шысы Пан Ги Мунның Қазақ­станға жасаған сапары осының әдемі көрінісі болды. Бас хатшы Қазақстан Прези­дентімен Астанадағы кездесуінде өзінің Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ аймағынан үлкен әсер ал­ға­нын мәлімдеген еді. “Семей поли­гонындағы сынақтар барысында зардап шеккен миллиондаған адам­дардың қасіреті мен ондағы эко­логиялық ахуалдың қиындықтарын суреттеуге тіл жетпейді. Тіпті, оны елестетудің өзі аса ауыр. Егер Сіз­дің көрегендігіңіз бен басшы­лы­ғыңыз болмаса, кім білсін, қазір де миллиондаған адам сол қасіретті бастан өткеріп жатқан болар ма еді? Мен Сізге Семей ядролық сы­нақ алаңын жапқан және Қазақ­стан аумағында барлық ядролық инфрақұрылымды жойған ұлттың басшысы ретінде шексіз ризашы­лы­ғымды айтқым келеді... Ядролық қарусыздандыру туралы айтуға, оны терең талқылап, басқа мем­лекет басшыларына пікір айтуға Сіздің барлығынан жоғары мораль­дық құқығыңыз, күшіңіз бар, сондықтан да дауысыңыз жарқын шығуы тиіс деп санаймын”, деген болатын Бас хатшы Елбасына қара­тып айтқан сөзінде. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы ядролық қару­ларды сынауға тыйым салу және оны таратпау жө­ніндегі келісім­дердің сөзсіз орын­далуы қажеттігін айта келіп, Елба­сының Орталық Азия­ны ядролық қарудан ада аймақ деп жариялау туралы бас­тамасын және оның орын­да­луын қадағалауға сіңіріп жүрген еңбектерін атап көрсетті. “Сіздің Ор­талық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру бастамаңызбен сол­түстік жарты шарда ондай аумақ тұң­ғыш рет құрылғанын да зор ри­зашылықпен айта аламын”, деген еді Пан Ги Мун. Сонымен бірге, Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ мен ИКҰ төрағасы ретінде Таяу Шығыста да осындай бастама көтеруіне болаты­нын ауызға алып, бұл бастаманың БҰҰ тарапы­нан қызу қолдауға ие болатындығын да жеткізе кетті. Иә, бүкіл әлемнің басын қосып отырған ең үлкен ұйым басшы­сы­ның айтқан бұл пікірі Қазақстан ғана емес, басқа елдер үшін де ма­ңызды болып табылатындығына сөз жоқ. Мұны аз десеңіз, Қазақ­стандағы ядролық қарусыздануға байланысты атқарылған жұмыс әлемнің ең қуатты елі АҚШ тара­пынан да жоғары бағаланып отыр. Бұл баға Елбасының АҚШ Пре­зиденті Барак Обамамен кездесуінде және осы кездесу соңында қабыл­дан­ған Қазақстан мен АҚШ пре­зи­денттерінің Бірлескен мәлімде­ме­сін­де де жақсы көрініс тапты. Бір­лескен мәлімдеме әр сөзі тайға таң­ба басқандай анық және жеті өл­шеп, бір кесіп, барынша дәлдікпен айтылатын ресми құжат болып есептелетіндіктен, оның кейбір жерлерінен төмендегідей үзінділерді келтіре кеткенді жөн көрдік: “11 сәуірде Вашингтонда өткен кездесудің барысында Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаев пен АҚШ Пре­зиденті Б.Обама Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріп­тестікті нығайту мәселелерін тал­қылады әрі ядролық қауіпсіз­дік­ті және таратпау үдерісін, Орталық Азия­дағы өңірлік тұрақтылықты кү­шейту, сондай-ақ экономикалық өр­кендеу мен жалпыға ортақ құн­ды­лық­тардың игілігі жолындағы өз­дерінің екіжақты ынтымақтас­ты­ғын белсенді ете түсуге ұмтылысын қуаттады”. “Мемлекеттер басшылары Қа­зақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы 15 жылдық тығыз ынтымақ­тас­тықтың маңызын және Қазақстан мен бүкіл әлемдегі ядролық қатерді азайту ісіндегі табысты атап өтті. Олар ядролық қарудан ада әлемге қатысты өздерінің көзқарастарын баян етті. АҚШ Президенті Н.На­зарбаевтың елді басқаруын, сондай-ақ Қазақстанның ядролық қару­сыздану және таратпау ісіне қосқан үлесін жоғары бағалайды”. “Президент Н.Назарбаевқа оның Қазақстан территориясында Ядро­лық отынның халықаралық банкін құру жөніндегі ұсынысына алғыс айта келіп, Президент Обама Қазақ­станның МАГАТЭ басқару­шы­лары­ның кеңесі құрамына кіру ниетіне қолдау білдіретінін мәлім­деді”. Бірлескен мәлімдемеде, міне, осылай деп жазылған. Енді Вашингтондағы саммиттің негізгі мақсатына келетін болсақ, ол ­– мемлекеттер көшбасшы­лары­ның ядролық лаңкестіктен туын­дай­тын қатерге қатысты жалпыға ортақ түсіністікке келіп, ядролық нысан­дар, материалдар мен тех­но­логиялар қауіпсіз жерде сақталуы­ның тиіс екендігін және олардың лаңкестер қолына түспеуі қажетті­гін ұғынуы. Сондықтан саммит ба­рысында оған қатысушы мемлекет­тердің өздерінің бұрын қабылдаған міндеттемелерін тағы бір кепілден­діруі жоспарланған. Күн тақыры­бына қойылған мәселені талқылау қорытындысында ядролық мате­риал­дарды сақтаудың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету, ядролық материал­дар контрабандасының алдын алу, ядролық лаңкестікке қарсы тұру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзір­леп, жаһандық ядролық қауіпсіз­дік­тің бірыңғай стандартын қабылдау көзделуде. Саммиттің түске дейінгі бірінші сессиясында, яғни алдыңғылар қа­тарында Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа сөз берілді. Өз сөзін саммитті ұйымдас­ты­ру­шыларға, Барак Обаманың жеке өзіне алғыс айтудан бастаған Елба­сы Семей ядролық полигонын жау­ып, әлемде төртінші орында тұрған ракеталық-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан Қазақстанның ядролық қатерді төмендету мен та­ратпау жөніндегі жаһандық үдеріс­тің МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақ­тас­тықтағы белсенді жақтаушысы екендігін айтты. Міне, осы се­беп­тен де Қазақстанның халықаралық қауымдастық үшін бірқатар қа­ғи­датты шараларды ұсынатындығын биік мінберден жеткізді (Елбасы­ның саммитте сөйлеген сөзі газет­те жеке жарияланып отыр — Ред). Елбасы Вашингтонда болған осы үш күннің ішінде саммитке қа­тысуға келген көптеген мемле­кет­тер­дің көшбасшыларымен, АҚШ-тың аса ірі трансұлттық компания­ларының басшыларымен кездесу­лер жасады. Бірінші күнгі кез­де­су­лер жайын кешегі нөмірде қысқаша жариялағанбыз. Ал кеше АҚШ-тың Энергетика министрі Стивен Чумен кездесу кезінде энергетика са­ласындағы, соның ішінде ядро­лық энергетика, жаңартылған энер­гия көздері салаларындағы екі жақ­ты ынтымақтастықты тереңдету ту­ра­лы әңгіме болды. Қазақстан мен АҚШ-тың энергетикалық әріп­тес­тігі жөніндегі Бірлескен комис­сия­сының шешімін жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында, атап айтқанда, алдыңғы қатарлы энергиямен қамту технологиясын ен­діру және баламалы энергия көз­дерін пайдалану жөніндегі Қазақ­стан­дағы жобаларды жүзеге асыруға америкалық компаниялардың қа­ты­суын кеңейту туралы айтты. Сон­дай-ақ екі елдің ғылым және білім беру мекемелерінің анағұр­лым тығыз байланысына Қазақ­стан­ның мүдделі екені атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев америка­лық әріптестерді Астанадағы Жаңа университет тәрізді перспективасы зор қазақстандық жоғары оқу орын­дарымен тығыз ынтымақ­тастық орнықтыруға шақырды. “Дженерал электрик транс­портей­шн” компаниясының бас­шы­сы Л.Симонеллимен кездесу барысында компанияның Астана­дағы маневрлі локомотивтерді жи­нау және сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ Қазақстанда пойыздар қозғалысының арақашықтығын реттеу жүйесін құру жобаларын жү­зеге асыруға қатысу мәселесі талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев “Шев­рон” компаниясы директорлар ке­ңесінің төрағасы Джон Уотсонмен отын-энергетикалық саладағы ын­тымақтастықты тереңдету жоспа­рын талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев Бүкіл­әлем­дік еврейлер конгресінің бас­шылығы – БЕК президенті Ро­нальд Лаудермен, Еуразиялық ев­рейлер конгресінің президенті Александр Машкевичпен, АҚШ негізгі еврейлер ұйымы прези­дент­тері конференциясының төрағасы Алан Солоумен және вице-пре­зи­дент Малколм Хонлейнмен, АҚШ ұлттық конференциясы кеңестік еврейлер ісі жөніндегі атқарушы директоры Марк Левинмен кез­десті. Мемлекет басшысымен әңгіме­ле­сушілер қазақстандық көшбас­шы­ның Қазақстанда халықаралық бейбітшілік пен толеранттылықты, өңірде қауіпсіздік пен тұрақты­лық­ты нығайтудағы, оның халық­аралық саясатқа белсенді қаты­суда­ғы маңызды рөлін атап өтті. Қа­зақ­станда барлық азаматтардың ұл­ты­на және діни сеніміне қарамастан, олардың тең құқылығын нақты қамтамасыз етіп отырғандығы атап өтілді. Бұл Қазақстан халқы Ассам­блеясы қызметіне белсене қатысып келе жатқан ұлты еврей азамат­та­рына қатысты. Бүкіләлемдік еврей конгресінің басшылары Қазақ­стан­дағы келісім мен толеранттылық моделі әлемнің көптеген өзге елдері үшін айқын мысал болып табы­латынына тоқталды. Саммит аясында Мемлекет бас­шысы ҚХР Төрағасы Ху Цзинь­тао­мен, Италия Үкіметінің Төрағасы С.Берлусконимен, Украина Прези­денті В.Януковичпен, сондай-ақ Түркия Премьер-министрі Р.Эрдо­ғанмен және Пәкстан Премьер-ми­нистрі Ю.Гиланимен әң­гімелесті. Бүгін, яғни сейсенбі күні сам­мит мәжілісінен тыс уақыттары Гер­мания Канцлері Ангела Мер­кельмен, Иордания Королі Абдолла ІІ-мен, Франция Президенті Ни­коля Саркозимен, Жапония Пре­мьер-министрі Юкио Хатаямамен кездесу болады деп күтілуде. Сұңғат ӘЛІПБАЙ – Вашингтоннан. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.