Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2020

Атшабарды көшіру кімге тиімді? Шымкентте ел пікірі екіге жарылды

1290 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Шымкентте тағы бір мәселе қоғамдық талқыға түсіп, жұртшылық пікірі екіге жарылды. Даудың басы – қаладағы атшабардың (ипподром) орнына әкімдіктің көпқабатты үйлер салмақ болуы.

Атшабарды көшіру кімге тиімді? Шымкентте ел пікірі екіге жарылды

Премьер-Министрдің орын­­басары Роман Скляр­дың Шымкентке сапары ке­зінде қала әкімі Мұрат Әйтенов BI Group компа­ния­сының басшысы Айдын Ра­хымбаевпен бірге Бәй­дібек би даңғылындағы иппо­­дром орнында пайда бо­латын болашақ кешен тұ­жы­рымдамасын таныс­тырған еді. Сөз арасында шаһар бас­­шысы инвестициялық жоба ұсынушы­лармен «сәтті сауда­ластық» деп әзіл­деген-тұғын. Іле-шала әкімдіктің бас­пасөз қызметі BI Group компания­сы Шымкентке 135 миллиард тең­ге инвестиция салуға да­йын екенін, ол қаржыға  қала­ның ең жай­лы аумағында көп­қабатты тұрғын үй орамы са­лынатынын сүйін­­шіледі. Осы хабар біраз­дан бері тыныш жатқан Шым­кент­тің қызуын кө­терген қоғам­дық талқылауға ұласты. Елдің алды болып Шымкент қала­сы­ның Бас жоспарын жасау­ға атсалысқан сақа сәулет­шілер, құрылыс саласының білгірлері, әлеуметтік желі бел­сенділері өз пікірлерін біл­дір­ді.

Мысалы, «Шымкент қала­лық сәулетшілер қауым­дас­тығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Мамырбаев Шымкент қаласының қол­да­ныстағы Бас жоспарына сәйкес, жоғарыда аталған аумақ демалыс және саяжайлар аумағы болып бекі­тіл­генін, жан-жағы саябақ еке­нін айтып, солардың қақ орта­сына әкеліп тұрғын үй ке­шенін салудың жөні жоқ­ты­ғын алға тартты.

«Тек қолайлы инвестиция үшін ғана ма? Сол бір ком­панияның қалауына бола қаланың Үкімет бекіткен Бас жос­парын бұза саласыз ба? Ондай құқық қайдан берілген сізге? Әлде біз біл­мейтін арнайы заң­дар бар ма? Онан да өзіңізге дейінгі әкімдердің миллиардтаған қаржыға инфрақұрылым тартқан 420 гектарды құрайтын «Shymkent City» тұрғын үй жобасын игеру қажет еді. Осындай ірі жобаларға неге жергілікті сәулетшілер тартылмайды? Қаланың сәулеті мен құрылыс жағдайын жергілікті мамандар жетігірек білсе керек. Қаланың бола­шақ тұрғындарының, ізбасар әріп­­тестеріміздің алдында да жүзіміз ашық болғанын қалаймыз. «Кезінде бүлінген жобаларды неге сынға алып, түзетуге тырыспадыңдар» деген сөзге қалғымыз келмейді. Қаланың Бас жос­парынан ауытқу жағдайы бұрын да болған. Онда да үнсіз қалмағанбыз. Есе­­сіне мемлекет қызметінде жүрген біразымыз қудалауға ұшырап, жұмыссыз қалғанымыз да болған. Ондай жағдай қайталанбайтынына сенгіміз келеді. Біздің жанайқайымыз жеке бастың қамы емес, қала сәулеті мен құрылысының жоспарға сәйкес атқарылуы үшін», деп жазды шаһар басшысына «Ашық хат» жолдаған А.Мамырбаев.

Шындығында, осыдан бірнеше жыл бұрын қаланың экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахимовтың тұсында шаһардың сол­түстік аймағында (Қаратау ауданы) жаңа қалашық – «Shymkent City» тұрғын үй жобасының іргетасы қалана бастаған еді. Аталған бірегей жоба Тұңғыш Пре­­­зи­дентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың алдында таныстырылғаны да есте. Міне, сол тұста BI Group компаниясы «Shymkent City» аумағында салынатын «Конгресс Холл» кешені құрылы­сының мердігері атанған еді. Алайда тарихи жобаның құрылысы бүгінде тоқтап тұр.

Осы орайда ел арасында соңғы жылдары «бұрынғы басшының жобасын жаңа басшы көп жағдайда қолдай бермейді немесе жоққа шығарады» деген пікір бар екенін де айта кеткен жөн болар.

Естеріңізге салар болсақ, сол жаңа қалашық аумағына ең әуелі инфра­құрылым тартылып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасала бастаған. Әйтсе де қаржысы көп «қожайындардың» көзі қаланың шекті ауданынан гөрі тіршілік қыз-қыз қайнаған орталығына түсіп тұр. Жұрт осыған наразы. Қазіргі таңда халықтың шығарға жаны қалмай қорғаштап отырған Атшабар аумағы соның дәлелі.

Атшабарды сүріп тастап, орнына ауқымды құрылыс салу бастама­сына наразы қала тұрғындарын «Urban Forum Kazakhstan» жобасы да қолдап отыр. Олар қазіргі таңда өздері дайындаған қарсылық хатына тұрғындардан қол жинап жатыр. «Құрылыс аймағы, қаланың жасыл белдеуіне, яғни ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып келетін Дендро саябақ пен Зообаққа жанасып салынайын деп тұр. Демек, ондаған биік ғимараттың құрылысы саябақ аймақтарының бүкіл экожүйесін бұ­зады. Сонымен қоса қала үшін айтулы табиғи доминантта болып келетін Бәйдібек би төбесін көлегейлеп, қаланың бірегейлігіне қайтымсыз әсер етед», дейді жоба өкілдері.

Ал қала әкімдігі не дейді? Әкімдік тарапы дап-дайын инвестицияны пайдаланып, қаладағы тұрғын үй тапшылығын азайтып, құрылыс жұмыстарына жер­гілікті азаматтарды тарту арқылы жұ­мыссыздықты болдырмаймыз деп отыр.

«Бұл – өте үлкен жоба. Жоба іске асы­рылған жағдайда ондағы инвес­тиция көлемі 135 миллиард теңге, салықтық жеңілдіктер шамамен 15 миллиард теңгені құрайды. Құрылысқа жалпы 6 мыңға жуық адам тартылады. Ал құрылыс аяқталғаннан кейін әлеуметтік және коммерциялық нысандарда шамамен 2 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мектеп, балабақша, білім беру орталықтары және тағы басқа нысандарды салу көзделіп отыр. Жалпы, бұл кешеннің қаланы одан әрі дамытудағы әлеуеті зор. Кешен Наурыз алаңын «Shymkent City» қалашығымен байланыстырады және бұл аумақ одан әрі тартымды бола түседі. Ипподромды көшіру 2018 жылы, Шымкенттің бас жос­пары бекітіліп, қалаға республикалық мәртебе берілген кезде жоспарланған еді. Сол кезде жаңа ипподромның құрылысына шамамен екі миллиард теңге қажет болды. Егер жаңа әкімшілік-тұрғын үй кешенінің жобасы мақұлданса, ипподромды BI Group өз қаражатына салып береді», дейді қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша BI Group әзірге тек өз тұжырымдамасын ұсын­ған. Барлығы егжей-тегжейлі пы­сық­талғаннан кейін Шымкентте қала әкімінің қатысуымен Қоғамдық тыңдау өткізілмек. Егер әкімдік пен инвестор арасындағы жоба халықтың көңілінен шықпай, азаматтардың көпшілігі қарсы болса, бастам жүзеге аспайды. Дегенмен, қала билігі жұртшылықты аталған жоба­ның Шымкенттің ұзақ мерзімді даму бағдарламасы аясында қолға алынып жатқандығын түсінуге шақыруда.

Қырық жылдан аса тарихы бар Атша­барды көшіру туралы әңгіме бүгін ғана айтылған жоқ. Бұл туралы осыдан біраз бұрын жоспарланған. Белгілі бапкер, Оңтүстіктегі ат спортының жанашыры, «Құлагер» көкпар командасының жат­тықтырушысы Ғани Ахметбаев осылай дейді.

«Осы салада жүрген маман ретінде әкімнің қабылдауында болғанымда жөндеу көрмей, тозығы жеткен Ат­ша­бардың жай-күйін айттым. Өз кезегінде қала әкімі BI group компаниясы өкілдерімен кездесіп, олардың Атшабар аумағындағы жобасына қатысты ұсыныстарын тыңдағанын жеткізді. BI group компаниясы әкімдік­пен келісімге келіп, жоба қолдау тауып жатса, қазіргі Атшабардың орнына тұр­ғын үй құрылысын жүргізуге ниетті екен­діктерін тілге тиек етті. Сонымен қатар шаһар басшысы инвесторлар қаланың бас жоспары бойынша белгі­ленген аумаққа жаңа заманға сай Атшабар салып беруге уәде бергенін айтты», дейді Ғани Ахметбаев.

Белгілі бапкердің айтуынша 2013-2014 жылдары Атшабарда бірнеше ат өлген. Себебі Атшабар ойпаңда ор­на­ласқан. Қала деңгейінен 8 метр төмен. Бұл дегеніңіз – Атшабарда жаз­да өте­тін жарыстар мен көкпарға кері әсер етеді. Жел тимейді. Атшабар қазан­дық секілді. Ыстық күнде ауа ауыс­паған­нан кейін көкпарға түскен аттың, бәй­геге шапқан жүйріктің тыныс алуы қиын­дайды екен. Соның салдарынан дем жетпей құлау, тіпті өліп кету жағ­дайлары да тіркелген.

Осыдан соң ат спортының, көкпар­дың ардагерлері жиналып, сол кездегі бас­шыларға ұсыныс жасаған. Өкінішке қарай, мәселе қаржыға тіреліп, осы уақытқа дейін созылыпты. Ал BI group құрылыс компаниясының ұсынысы олар­дың ойын дөп басқан.

Алайда бұған мүлде қарсы пікір де бар. Табиғат жанашырлары Атшабар орнына тұрғын үй кешенін салу қала экологиясына кері әсерін тигізеді деген ойда.

«Кейбір мүдделі адамдар «Атшабар ескірді, сасық, аттар өліп жатыр», деп орнына тұрғын үйлер құрылысын жүргізейік дейді. Жарайды делік, дәл сол логикамен ертең қаланың қақ ортасындағы Абай саябағы тозған кезде, «Абай саябағы тозған, тозған саябақ кімге керек» деген желеумен алпауыт құрылыс компания­лары аталған саябақты өз есебімізден қала сыртына салып берейік, ал оның территориясына «әлеуметтік (қымбат) ЖК» салайық деген ұсыныстар болса ше?!. Атшабар аумағына тұрғын үй салу тиімсіз. Бәй­ді­бек би даңғылында қазірдің өзінде көлік ағыны шамадан тыс. Күні ертең Shymkent City пайдалануға берілгенде не болмақ?. Бұл өз кезегінде аймақтың экожүйесі үшін қосымша стресс болады», дейді заңгер, табиғат жанашыры Мақсат Елібай.

Тағы бір ескеретін жайт, қазіргі ескі Атшабардың ұзындығы – 1600 метр. Бұл қазақи аттарға, төл спортымызға сай келмейді. Мәселен, аламан бәйге 30-35 шақырымға созылады. Ал ұзындығы 1600 метр жерде 35 шақырымға ат жа­рыстыру деген оңай шаруа емес. Қа­зіргі ипподромда аламан өткізу қиын. Қарапайым 16 шақырымдық топ бәйгені өткізгеннің өзінде ат 10 рет айналуы керек. Ал жаңа­дан салынатын Ат­шабар шеңберінің ұзын­дығы 2,4 немесе 3 ша­қырым болады деп жобаланған көрінеді.

Дегенмен, ескі Атшабарға бойы үйреніп қалған қала тұрғындары шаһар шетіндегі жаңа алаңнан гөрі осы аймақ ыңғайлы деп санайды. Тіпті, шаһардың осынау тарихи орнына ғимарат салмай-ақ, туристік орталыққа айналдырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауды сұраған тұрғындардың қарасы қалың.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Еститін мемлекет» тұжы­рым­дамасына сай халықтың пікірін тыңдап, сол негізде талдап, саралап, шешім қа­былдау жергілікті би­лік­тің міндеті. Ендеше, BI group компаниясының заманауи тұрғын үй қалашығын салу туралы жобасына қарсылар мен қолдаушылардың уәжін саралай отырып, қала әкімдігі бұл қоғамдық талқылауға бір нүкте қояды деп үміттенеміз.

 

Түйін:

Атам қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөз бар. Шым­­­кенттің арғы-бергі тарихында осы на­қылдың мәнін түсініп, пайымына бар­ған қоғам қайраткері Асанбай Асқаров болса керек. Оңтүстікті бас­қарып тұрған жылдары салдырған Ден­дросаябақ бүгін­де қаланың ауа тазартқыш өкпесіне айнал­ған. Қала бер­ді Зообақ, Атшабар әліге дейін шаһар тұр­ғындарының қолай­лы демалыс аймағы атанып келеді.

Анығында, қаланың бұрынғы бас жоспары бойынша Атшабар аумағы да Шымкенттің жасыл аймағына жатады екен. Демек, онда ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеуі тиіс. Өкінішке қарай, соңғы жылдары осы жасыл аймақ­тың біршама бөлігі қалталылардың мен­шігіне өтіп кеткен. Бір ғана мысал, 2007 жы­лы сатылып кеткен Шымкент Зооба­ғы­ның шағын аумағы туралы даулы мә­селені жұртшылық тағы да талқыға салуда.

 

Сіз не дейсіз?

Шыңғыс Мұқан,

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

– Ипподромды көшіру туралы мәселе осыдан екі жыл бұрын мәслихатта бекітілген екен. Алайда 2-4 млрд теңге қаржы қажет болған соң бұл кейінге қалдырылған. Жалпы, Атшабардың санитарлық талапқа сай еместігі, яғни 50 шақты жылқы ұстайтын болса, оның арақашықтығы сақталуы қажет дейтін талап тағы бар. Атшабардың жанындағы 52 гектарды алып жатқан зообақтың бүгінде 30 гектары ғана қалғанын, 22 гектар жер кезінде сатылып кеткенін де естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан ат шабатын аймақ тарлық етеді екен.  BI Group компаниясының басшылығы өзінің тұжырымдамасын ұсынғанда әкім оларға «4 млрд теңге болатын жаңа ипподромды салып беруге келісесіздер ме?» деп сұраған. Алғашында ойланғанымен, кейін бұл шартқа келісті. Одан соң тұрғын үй салынатын аумаққа мектеп, емхана керек екенін ескертіп, «мұны да салып бересіздер ме?» деп сұрады. Компания бұл талаптарға да келісіп отыр. Одан бөлек, сол жердегі  тұрғындар серуендеп жүретін «Тұлпар» көлінің аумағын абаттандырып беруді де міндеттеді. Әрине мұның барлығы да компанияның ұсынысы. Шешім толық шыққан жоқ. Сондықтан әзірге байбалам сала беруге болмайды, қоғамның пікірі ескеріледі.

 

Өмір Шыныбекұлы,

тарихшы, өлкетанушы:

– Салынғанына 40 жылдан асқан ипподром моральдық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да ескіріп, бүгінгі күннің талабына жауап бере алмай отыр. Ежелгі өзеннің кеуіп кеткен арнасында орналасқан ипподром теңіз деңгейінен шамамен 485 метр, ал әлгі кепкен өзеннің жағалауының биіктігі теңіз деңгейінен 525 метр биікте, яғни ипподром орналасқан жерден 40 метрдей биікте тұр. Өзеннің арнасы шығыстан батысқа қарай созылып жатыр.

Енді Шымкентте соғатын желдердің бағытын анықтап көрейік: Мәселен,  солтүстік-шығыстан («Шақпақ» желі) және оңтүстік-батыстан соғады... Яғни екі бағыттан да өзен арнасына көлбеу соққан жел  жылқылардың тезегі мен терінің иісі, күн суытқанда көмір жағатын жеке тұрғын үй секторынан шыққан түтінді дәл осы қазаншұңқырға жинайды. Бұл аттарға да, адамдарға да зиян. Егер санитарлық-эпидемиялық талаптарымыз еуростандартқа көшсе, мына жердегі санитарлық-тазалық жағдайы оған жауап бере алмайды. Сондықтан ипподромды басқа жерге көшіру – заман талабы.

Түбі ипподроммен іргелес тұрған зообақтың да жерін дендросаябаққа беріп, зообақты жел тиетін тегіс жерге көшіру керек. Осыған қатысты екінші мәселе, қаламызға келіп жатқан еліміздегі аса ірі BI Group құрылыс компаниясы осы жерді үй салу үшін сұрап жатса беру керек.

 

Бақытжан Әшірбаев,

Қазақстан Сәулетшілер одағының вице-президенті:

– Шымкенттің бас жобасын бұзған адам заң бойынша жауап беру керек. Ал Бас жоспар бойынша, Шымкентте

3 мың гектар жерде көпқабатты үйлердің соғылуына жер дайындалып қойылған. Егер сол жерлерде көпқабатты үйлер соғылса, 24 миллион шаршы метр баспана салынбақ. Демек, онда миллионнан астам тұрғын қоныстанады деген сөз. Мүмкін қазіргі әкімдерге Атшабар (ипподром) керек емес шығар. Көп қаражатты талап етеді. Бірақ сол Атшабарды саябаққа айналдыруға немесе бұрынғыдай этноауыл күйінде қалдыруға болатын еді.

 

 Шымкент