Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2020

Диқандар дәнді дақыл оруды аяқтады

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде күзгі жиын-терін жұмысы қарқынды жүріп, өнімнің негізгі бөлігін жинау аяқталуға жақындады. Жалпы, биыл облыс диқандары 968,6 мың гектарға егілген дәнді дақылдардан өнім жинауы тиіс. Болжам бойынша орылған дәннің өнімділігі көңіл қуантарлықтай екен.

Диқандар дәнді дақыл оруды аяқтады

Дәнді дақылдарға алдымен орақ салған ауданның бірі Ақсу еді. Қазір диқандар 29,8 мың гектардағы күзгі жұмыстарды толық аяқтап, дәнді дақылдарды 100 пайызға орып алды. Яғни ақсулық диқандардың қамбасына 63,5 мың тонна таза өнім түс­кен. Ал әр гектардың орташа өнім­ді­лігі 21,3 центнерден айналыпты.

Ауданда дәнді дақылдармен қатар майлы дақылдардың жиын-теріні де қызу жүріп жатыр. Биыл диқандар 15,6 мың гектарға осы дақылдың дәнін сепкен болатын. Қазір егістіктегі жұмыс 70 пайызға жеткен екен. 1,6 мың тонна өнім алынып, орташа өнім­ділік 9,6 центнерден айналуда.

Жалпы, аудандағы күзгі жиын-терін жұмысына жеңілдетілген бағамен бөлінген 120 тонна жанармай жеткізілген-ді. Бұған қосымша шаруалар 350 тонна дизель отынын өз қаржысына сатып алған. Нәтижесінде астық жинау науқаны тоқтаусыз өтіп жатыр. Қазір диқандар дәнді да­қылдардан бөлек бақша өнім­дерін жинауды да толықтай аяқтапты. Биыл аудан бойынша егілген картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарының аумағы 2,2 мың гектарға жеткен болатын. Қазір осы жерден 45,7 мың тонна өнім алынды. Ал ауданда жиналған ас­тықты сақтауға арналған бір қойма бар. Оған 2 мың тонна дән сияды екен. Мұнан бөлек, алдағы жылдың тұқым қоры да жасақталған. Келешек қамы үшін 5,1 тонна қор жиналды, бұл аудан бо­йынша қажетілікті 95 пайызға өтейді.

Айтпақшы, Ақсу ауданы тұр­ғындарының арқа сүйер ба­ғы­тының бірі мал шаруашылығы екенін ұмытпауымыз керек. Сол себептен де шаруалар қысқа мал азығын қамдауға ерекше көңіл бөледі. Есеп бойынша қазір аудан­да 158 мың тонна пішен дайын­далып, 10,2 мың тонна сүрлем жиналған. Сонымен қатар 42,1 мың тонна сабан бас­тырылып, 26,7 мың тонна арпа оры­лыпты. Яғни аудандағы мал ба­сына қажетті азық қоры толық­танды.

 

Алматы облысы