Қыруар қаржы желге ұшуы мүмкін
Сұлтанғали Оспанов ақсақал Қостанайға қоныс аударғанына біраз жыл өтсе де, туған ауылы Шиліден күн сайын хабар алып, елдің жағдайын сұрап-біліп отырады. Былтыр облыс әкіміне хат жазып, Жанкелді ауданына қарасты ауылдың жанындағы өзенге бөгет салып беруді өтінген. Шалғайдағы елдің жай-күйіне қанық Архимед Мұхамбетов ақсақалдың өтінішін жерге қалдырмай бұл шаруаны «Жұмыспен қамтудың жол картасына» енгізуді тапсырыпты. Өйткені негізгі тіршілігі төрт түлікке байлаулы шалғай Шилінің тұрмысы ауыл іргесінен жылғалап ағып өтетін өзенге салынған бөгетпен тығыз байланысты. Ауыл маңындағы кең алқаптың жайылымға жайлы құйқалы болуы да, малдың қыстан қысылмай қоңды шығуы да осы бөгетке тіреліп тұр.
Шиліліктер үшін тіршілік көзіне айналған ескі бөгет осыдан 85 жыл бұрын Сұлтанғали ақсақалдың әкесі, өңірге белгілі ақын, дін қайраткері Әлмағамбет Оспанұлының бастамасымен салынған.
– Ескі бөгет бертінге дейін тұрды. Әкем өле-өлгенше сақтап келді. Көктемде адамдарды жинап, басына кезекші қойып, түнімен күзетіп, бөгеттің бұзылмау амалын істеді. Тоқсаныншы жылдардан кейін халық жан-жаққа көше бастады ғой. Бірнеше жылда ауылда адам қалмады. Сонымен біреулер бөгеттің бергі басын жырып жіберген ғой. Шилі жақтағы бергі басы құмайт. Бір су кетсе, түгел жырып алып кетеді. Негізінен, суағары арғы бетте еді, – дейді Сұлтанғали Оспанов.
Биыл жаз шыға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 200 млн теңгенің үстінде қомақты қаржы бөлініп, Шиліде бөгетті бүтіндеу жұмыстары басталып кетті. Бөгет басындағы жұмыс ауылда бос жүрген жиырма шақты жігіттің еңбекке тартылып, айына 80 мың теңге жалақы алуына мүмкіндік беріп отыр.
– Науқастанып бір аунап тұрғаннан бері Шиліге барып, елді көргім келіп аңсап жүр едім, соның реті келіп ауылға барып келдім. Ел аман, жұрт тыныш екен. Шилінің жұпар ауасын жұтып, жусанын иіскеп, бір рахатқа бөленіп қайттым. Енді ауылда жүріп жатқан басты шаруа бөгет жұмысы ғой. Басына барып, аралап көрдім. Шынын айтқанда, көңіліме ұнамады. Бөгет басында жұмыс істеп жүрген жігіттер де мен барған бетте «Аға, суағарды көтермей болмайды. Ертең сусыз қаламыз. Соны айтыңызшы тиісті жерге, бізді тыңдамайды» деп өтініш жасады. Басшысы Берік деген жігіт екен, тауып алып, бөгеттің басына жетелеп алып келіп, көрсетіп айттым. Ол «Аға, жоба бойынша солай жасалған. Мен бұдан артық жасай алмаймын. Өзгертуге құқым жоқ. Қазірдің өзінде 10 сантиметрдей көтердім. Мұны біліп қалса маған айыппұл салады. Сондықтан жоба сызбасынан асып кете алмаймын» деді. Бөгеттің жағдайы осы. Қыруар қаржы бөлініп отыр. Жобасын кім жасағанын білмеймін, ескі бөгеттің суағары ит қырылғаннан бері арғы бетте болатын. Су толған кезде бөгеттің жанбұлағын ашып жіберіп, су орталана бергенде қайтадан жаба қоятын. Қазір жаңа бөгеттің суағарын арғы бет емес, бергі беттен істепті және онысы өте аласа. Жай көздің өзіне көрініп тұр, өзеннің табаны мен суағардың биіктігі бірдей. Яғни бұл ертең су жиналмайды деген сөз. Келген су тоқтамай ағып өте шығады, – деді Сұлтанғали ақсақал.
Аудан әкімі Шота Оспановқа хабарласып: «Шиліден ши шықты. Бөгет дұрыс салынбай жатыр» деп едік, бұл мәселеден ол кісі де хабардар екен.
– Бөгетке бөгет болу қолымнан келмейді. Құрылыс жобасы әу баста солай жасалған. Оны өзгерту үшін арнайы комиссия келіп, қайта қарап, шешім қабылдауы керек. Мұны сол комиссияның шешімі ғана өзгерте алады, – деп түсіндірді.
Алдағы қазан айының соңына таман құрылыс толық аяқталып, бөгет ел игілігіне тапсырылуы тиіс. Бірақ өзенді бөгеу үшін салынып жатқан нысан су бөгей алмаса, одан не пайда?! Осылайша, шиліліктер мемлекеттен бөлінген 200 млн теңгеге бүтінделіп жатқан бұл бөгеттің бағасы ертең түбі тесік шелектің құнымен бірдей болып қала ма деп алаңдап отыр.
Мектепті сақтап қалды
Шилі – ұлттық әдебиеттегі баллада жанрының негізін қалаған Қайнекей Жармағамбетов туған ауыл. Мұндағы орта мектеп те көрнекті ақынның есімімен аталады. Кезінде екі интернатын қосқанда 400-ге жуық шәкірт білім алған іргелі білім мекемесінде былтыр 40 шақты ғана бала қалған. Содан білім ошағы орта мектеп мәртебесінен айырылып, тіпті жабылып қалуы мүмкін деген сөз шыға бастады.
Бұл туралы аудан басшысы:
– Қазіргі уақытта бұл мектептегі бала саны 50-ге толмайды. Былтырғы оқу жылын да осыншама баламен аяқтады. Бұл 3-4 жылдан бері жалғасып келе жатқан дүние. Ал орта мектепте оқушы саны 81 баладан төмен болмауы керек. Біз соған қарамастан, осы күнге дейін мектеп мәртебесін сақтап келдік. Бірақ биыл ескертіп отырмыз. Егер бала саны 81-ге толмағанмен, қандай да бір өсім, алға қарай ұмтылыс байқалса, орта мектеп күйінде қалдырамыз. Мектепті жауып тастап, кейін қайтып аша алмай жүргеннен гөрі, 2-3 жыл бақылап, оқушы санын көбейтуге күш салған дұрыс. Бұл ауылдан бұрын көшіп кеткен халықтың ішінде келем деушілер бар, жергілікті шаруа қожалықтары сырттан көпбалалы отбасыларды көшіріп алып келеміз деп жүр. Соның барлығын күтіп отырмыз, – деген.
Егер бала саны көбеймей, жағдай осы күйінде қала берсе, ауыл мектебі 11 жылдық білім беру құқынан айырылып, 9 жылдық мектепке айналмақ. Мұның арты мектептің мүлдем жабылып қалуына әкеп соғатынын, ал мектеп жабылса ауылда болашақ қалмайтынын аңдаған ауыл тұрғындары қарап отырмай қолдан келгенше қарекет қылып жатыр. Биыл Шиліде туып-өскен, оқыған, еңбек еткен азаматтар бас қосып, әлеуметтік желіде арнайы топ құрып, шот ашып, қаржы жинай бастаған. Ол қаржыны ел қажетіне жұмсамақ. Ауылдағы жалғыз орта мектепті сақтап қалу үшін бала-шағасымен бірге елге оралған азаматтар да бар. Мәселен, Ғабдолла Бейсенов есімді азамат ертеректе Есілге қоныс аударып, сол жерде кәсіп ашып, тұрақтап қалған. Енді туған жеріне оралып, Шиліде шаруа қожалығын ашып, мал басын көбейтіп отыр.
– Биыл қайтып ауылға көшіп келдік. Қазір үй тұрғызып жатырмын.
Екі баламды мектепке тіркетіп қойдым. Осы жерде оқиды. Кейбіреулер туыстарының балаларын әкеп жатыр. Әйтеуір мектеп қаңырап қалмасын деген ниеттеміз, – деді Ғабдолла қажы.
Қыркүйектің 17-сі күні ауыл әкімі Ербол Досмағамбетов Қызылорда облысынан көпбалалы жас отбасын көшіріп алып келді. Оңтүстіктегі жылы қонысын қиып, ат арылтып алыстан жеткен Кәлендіревтер отбасын шиліліктер де шашу шашып, құшақ жая қуанып қарсы алды. Отағасы Мұқтарға дайын тұрған баспананың кілтін табыс етіп, қорасына мал кіргізіп берді. Осылайша, ауыл мектебі 3 баламен толығып, оқушы саны 60-қа жетті.
Шиліліктер әлі де болса жан-жаққа хабар жіберіп, ауылға көпбалалы отбасыларды көптеп көшіріп әкелуді көздеп отыр.
Ауыл жанашырлары әлеуметтік желіде арнайы топ ашып, жан-жаққа шашырап кеткен шиліліктердің басын қосып, арнайы қор құрған. Бұл қорға жауапты Жаңатай Қайралапов ағаның айтуынша, бүгінге дейін 6 млн теңгеден астам ақша жиналған.
– Қорға ауыл мектебінің түлектері сынып-сынып болып, 20 мың теңгеден жинап жатыр. Шамасы жететіндер 100 мың теңгеге дейін аударды. Мұның сыртында, 10 шақты ірі қара, 1 жылқы, 20 шақты ұсақ мал түсті. Ақшасы жоқтар малдай беріп жатыр. Жалпы жағдай жаман емес. Жігіттер сыртта жүрсе де, ауылға келіп мектеп алдындағы Қайнекей Жармағамбетов атамыздың ескерткішін жөндеп, жан-жағына тас төседі. Отан соғысы ардагерлеріне қойылған ескерткіш тозып кетіп еді. Оны жаңартып берді. Қазір ауылға жарық орнатып жатыр. Ендігі мақсатымыз – келер жылы өңір басшысына кіріп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауылдың демографиялық жағдайын түзеуге көмек сұрасақ деген ойымыз бар. Қазір өз күшімізбен сырттан келетін адамдарға арнап екі үйді жөндеп қойдық. Оның біреуі – екі пәтерлі үй. Мұның сыртында жөндеуге келетін тағы бір үй бар. Қаржы жетсе, күзге дейін оны да оңдап аламыз. Сонымен биылдыққа үш отбасын қабылдауға күшіміз жетеді. Алдына салып беретін мал да дайын. Ауыл тұрғындары жинаған азын-аулақ ортақ малды қазір жергілікті кәсіпкер, осы игі іске бас-көз болып жүрген Ғабдолла Бейсенов деген азаматымыз бағып отыр, – деді қор басшысы.
Ақсақалдың айтуынша, Шиліге қоныс аударамын деушілерге жұмыс табылады. Қазірдің өзінде ауылға механизатор, малшы мамандар қажет екен. Айлығы – 100 мың теңге. Ал мектепке математика мен орыс тілінің мамандары қажет. Оның үстіне бұл өңірде шаруашылық ұстап, мал басын көбейтіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысамын деген кісіге еш кедергі жоқ. Торғайда игерілмей жатқан бос жер көп. Оты мол жайылым да, шабындық та, тіпті егін егуге қолайлы топырағы құнарлы алқап та табылады. 15 шақырым жерде суы мол Өлкейік ағып жатыр.
Кезінде төскейіне мыңдап мал өргізген Шилінің айналасында 60 шақты қыстау бар. Әр қыстаудың тамын түзеп, басындағы құдықты тазалап, қайта жаңғыртуға әбден болады.
Қостанай облысы,
Жангелді ауданы,
Шилі ауылы