Білім • 24 Қыркүйек, 2020

Тағылымдаманы туризмге айналдырмайтын талаптар

342 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Келесі жылдан бастап 500 отандық ғалым жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Осыған жағдай жасауды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке тапсырды. Әрине жоғарыдағы жаңалықты естігенде ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміздің көкжиегі кеңейетініне қуанып қалдық. Алайда тағылымдаманы туризмге айналдырып, сабақ оқымай саяхаттап қайтатындар көп. Бұл тағылымдама да соның қатарынан болмай ма?

Тағылымдаманы туризмге айналдырмайтын талаптар

Жалпы елімізде кадр даярлау мақса­тында мамандар мен сту­денттерді шетелдерде тағылым­дамадан өткізу тәжірибесі қалып­тасқан. Біз көбіне тек «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтуге болатынын білеміз. Дегенмен отандық жоғары оқу орындарының талабына сәйкес, магистранттар 2 аптаға, ал докторант­тар 2 аптадан 3-6 айға шетелдерде тағылымдамадан өтеді.

Эльмира Уайдуллақызы жа­қын­да Түр­кия­дағы та­­ғы­лым­да­масын тәмамдап елге орал­ды.­ Ан­­кара­ университетіндегі 1 жыл­дық оқуын­да жоғарыда жа­зыл­ған­дай, та­ғылым­да­маның­ уақытын құр қы­дырумен өткіз­ген қа­зақ­стан­дықтарды көп кездестіргенін айтты.

«Бұл мәселені көтеріп жүргені­ме 4-5 жыл болды. Өйткені тағы­лымдамадан өтетін елдің мем­ле­кеттік немесе қарым-қатынас тілін білмей баратындар өте көп. Ең басты проблема – осы. Оқы­ту тілін білмеген адам ештеңе үй­ренбей келеді. Мысалы, Түркия­да жүргенде Қазақстанның әртүр­лі университеттерінен келген студенттерді кездестірдім. Не түрік тілін, не ағылшын тілін білмейді. Олар өздерінің ғылыми же­текшілерімен байланыс орната алмайды.

Ал ғылыми конфе­ренцияларға қатысу туралы мүлдем сөз қозғамай-ақ қоюға болады. Міне, сондықтан келешекте жыл сайын 500 ғалымды шетелдерде іс-тәжірибеден өткізуді қала­сақ, олардың тіл білуіне қатаң талап қойылуы қажет. Бұл сол тағы­лым­дамаға жіберілетін ғалым­дар­ды таң­даудың талабында, арнайы ережеде бекітілуі тиіс», дейді Э.Уайдуллақызы.

Оның ойынша, тағылымдамада әр маманның өз саласына қатысты ғылыми тәжірибеден өтуі ғана емес, арнайы тілдік курстарды қатар оқып келуі де қамтамасыз еті­луі қажет. Сонда ғана кадр даяр­лауға бөлген мемлекеттің қара­жаты өз нәтижесін, жемісін береді.

Спикердің сөзінен отандық ЖОО-да магистратурада білім алып жүрген бір танысымыздың Еуропаға барып келгені, әрі оның тым болмаса нан сұрап жейтін ағылшыншасы жоқ екені есімізге түсті. Ол шетелдік жетек­­шісінен білмегенін, түсінбегенін қалай сұрайды? Негізі мұның астарында тағы да жемқорлық жатыр. Себебі магистратураға түсу үшін өз мамандығынан бөлек шет тілі­нен тест тапсыру керек. Ал шет тілін орташа деңгейде меңгермеген адам ма­гис­­т­ра­­турада қалай жүр? Док­то­ран­тура туралы, тіпті бірдеңе деудің өзі қисынсыз. Себебі былтырдан бас­­тап докторантураға түсуден үмітті талапкерлер кем дегенде 4,5 балдық ха­лықаралық IELTS сертификатын көрсетуге міндетті. Ал биыл бұл көр­сеткіш 5,5 балға көтерілді. Бір кез­дері дәл осы халықаралық сертификатты сатып алған медицина университетінің студенттері оқудан шығарылған еді. Тағылымдамадан бұрын біз осы түйткілдің түйінін тү­бегейлі тарқатуға тиіспіз.

Ұлыбританияның Лестер универ­ситетінде тағылымдамадан өткен Бердібай Тұрлыбек тағылымдаманың талапкерлерді іріктеу талаптары қатаң болып, ең үздіктер іріктелсе де үлкен нәтиже шықпауы мүмкін екенін жеткізді. Оған көп жағдайда іс-тәжірибеден өтушінің талапшыл болмауы себеп екен.

«Англияға тағылымдамадан өтуге барғанда өзіме ең алдымен тіл білу деңгейімді көтеруді мақсат еттім. Сондықтан бара сала тіл курсынан өтуге мән бердім. Және мұны жауапты жетекшімнен талап еттім. Негізі тағылымдамадан өтуші өзі талап етпесе, көп нәрсені үйрете бермейді. Мәселен, өзім университетте оқытушы болғандықтан, маған оқу бағдарламасын шетелде қалай құратыны қызық болды. Сол себепті оқу бағдарламасын жазуды үйретуін талап еттім. Содан мені бір деканның тобына қосты. Сол кісінің арқасында өзім еңбек ететін жоғары оқу орнына қажетті үш пәннің оқу бағдарлама­сын алып келдім. Үш пәннің моделін, сту­денттерге қалай оқыту керегін мең­геріп, универ­си­тетке енгіздім. Қазіргі таңда сол пәндерден сабақ беріп жүрмін. Желтоқсан айының 15-інен кейін Ұлыбританияда 1 ай демалыс болады. Осы демалыста ондағы қоры өте мол, заманауи техникалармен жаб­дық­талған кітапханаларда оқу­лық жазып шықтым», дейді Б.Тұрлыбек.

Оның айтуынша, шетелде тәжіри­бе жинауға өзі тағылымдамадан өту­ге барғалы тұрған саласында кемі 5-6 жыл еңбек өтілі бар мамандарды жіберу керек. Өйткені мұндай мамандар шынымен де білімін іске жаратуды, өзі жұмыс барысында кездестірген проблеманың шетелдік тәжірибеде шешімін табуды көздейді. Ал оқуды (мейлі, магистратура, докторантура болсын) жаңа бітірген, жұмыс істеп, білімін әлі тәжірибеде қолданып көр­меген адам мемлекет қаражатын желге шашып келеді.

Шынында, тағылымдама – тә­жі­рибеден өту. Демек, оған сөзсіз бел­­гілі бір деңгейде тәжірибесі бар және соны жетілдіруді көздейтін адам баруы керек. Сондықтан шетелде іс-тәжірибеден өтуге отандық тәжірибені салыстыра алатын, жоғын түгендеп, барын толықтырып, жиғанын елдегі істе тиімді, ыңғайлы бағытта қолдануға қабілетті адам баруы қажет.

500 ғалымды жыл сайын тағы­лым­­­дамадан өткізудің шарттары мен талаптарын әзірге қай органның және қандай мамандардың әзірлейтінін білмейміз. Бірақ шарттары мен талаптарын әзірлеуде «Болашақ» бағдар­ламасының қа­лып­тасқан қағидалары­на сүйенеді деп болжап отырмыз. Егер болжамымыз дәл келсе, онда шынымен де тағылымдаманың туризмге айналуына өзіміз қолдан жағдай жасап берген боламыз. Неге? «Болашақ» бағдарламасы үміткерден, айталық, ағылшын тілін меңгергенін растайтын сертификатты талап етпейді. Ал тіл білмеудің кесірі, әсіресе оқыту тілін меңгермей барғанның зияны қандай болатыны белгілі. Дегенмен «Болашақ» бағдарламасымен та­ғы­лым­дамадан өтуді қалайтын үміт­керлерге қойылатын бірқатар талапты енгізуге болады. Мәселен, үміткердің кемінде 3 (үш) жыл, оның ішінде таңдап алынған мамандану саласында соңғы 12 (он екі) айда жалпы жұмыс өтілі болуы қажет. Ал конкурстық ірік­теуде үміткерлердің Тәуелсіз са­рап­тамалық комиссия мүше­лерімен дербес анонимді сұқ­ба­ты болады. Міне, бұл тамыр-та­ныс­тыққа, ең аяғы жемқорлыққа жол бермейді.

Тағы бір маңызды шарт бойынша «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде тағылымдамадан өткендер міндетті түрде елге оралуы керек. Дәл осы талап 500 ғалымға ар­нал­ған тағылымдаманың талаптарына да енгізілгені жөн. Әйтпесе инвестицияны өзге елдің, бөтен мемлекеттің дамуы мен болашағына салып бергенмен бірдей болып шығады. Ма­гистратурадан немесе бакалавриаттан кейін тағы­лымдамадан өтуге кетіп, шетелдерде қалып қойып жатқандар жетерлік. Шетелден оқып келген сту­денттердің көбі тағылымдамадан өт­кен елде магистратураға немесе докторантураға қалатындардың басым бөлігі техникалық, жаратылыс­тану бағытындағы мамандар екенін айтады. Мұндай маңызды салалар мен бағыттарда ғылымды дамыту елі­мізге аса қажет. Сондықтан осындай олқылықтың орын алуына жол бермейтін шарт болғаны абзал.

Интернеттегі ашық деректер мен ғаламдық тілді меңгеру білім іздеген адамға шексіздік сыйлайтыны рас. Осы екі мүмкіндікті пайдаланып біз де шетелдік тағылымдамадан өтудің талаптарын іздеп көрдік. Көзімізге іліккен тағылымдама түрлерінің бә­рінде бірінші іс-тәжірибеден өтетін елдің тілін, көбіне ағылшынша жетік білуді талап етеді. Ал екінші, жұ­мыс жоспарын сұрайды. Әдетте оны «proposal», яғни жоспар, ұсыныс деп атайды. Тағылымдамадан өтуге үміт­ті азамат осы екі талапты орындағанда ғана грант алады. Әсіресе екінші талап – өте қатаң әрі аса маңызды. Себебі жоспар немесе ұсыныста үміткер өзінің кемі 5 талапкердің ішінде осы грантқа лайық екенін дәлелдей білуі тиіс.

Осыған бір мысал ретінде амери­калық азаматтық зерттеулер және даму қорының (CRDF Global) осы жылдың басында денсаулық сақтау саласында­ғы зерттеушілер мен ғалымдарды АҚШ-тағы Ұлттық денсаулық институтында (NIH)  тағылымдамадан өтуге шақырған хабарламасын алайық. Қор бұл тағылымдамаға грант ұтып алған­дар­дың кәрі құрлыққа бару-қайту жол шығынын, пәтерақысын төлеп береді. Тағылымдамадан өткен соң, міндетті түрде еліне оралып жоспарын өзінің жұмыс орнында (ғылыми орталық, әлде университет) іске асыруы тиіс. Ал талапкердің «proposal», яғни жұмыс жоспарында әрқайсысы жарты беттен тұратын денсаулық саласындағы еңбек өтілі; дәл осы инс­титутта іс-тәжірибеден өтудегі мақ­саты; адамзат өміріндегі нақты қай проб­леманың шешімін ғылым арқылы табуды көздейтіні; күткен нәтижесіне қол жеткізу үшін өз командасына қандай мамандарды қосқысы келетіні мен себебі туралы ақпарат болуы керек. Ең аяғы «Сізді жіті қадағалап жүр­ген және кәсіби тұрғыда жақсы тани­тын әріптесіңізден ұсыныс хат алыңыз» депті.

Ұлыбританиядағы кейбір ғылы­ми орталықтар мен институттар осын­дай жұмыс жоспарының жарты­сын алдымен өз елінде, қалғанын іс-тә­жі­рибеден өтетін елде орындау­ды ұсынады. Бұл енді ғалымдарға арналған тағылымдамаға ең қажет ұсыныс секілді. Сонда нәтиже өздігі­нен көрінеді емес пе?..

 

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45