2020 жылы ақпан айының 12-сінде Маңғыстау облысының әкімі халыққа қорытынды есеп беру кездесуін өткізді. Сол күні Маңғыстау облысы әкімдігінен «Маңғыстау облысында елді мекендерді сумен жабдықтау бойынша 16 жоба іске асты» деген ақпарат тарады. «Бұл туралы халық алдында қорытынды есеп берген облыс әкімі Серікбай Трұмов мәлімдеді. Маңғыстау облысында «Өңірлердің 2020 жылға дейін дамуы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Шалғайда орналасқан Бейнеу ауданының Есет, Толеп, Сарға, Бейнеу ауылдарын сумен жабдықтау құрылысын және Қарақия аудандағы Сенек, Құланды ауылдарында су сорғы стансасын, Түпқараған ауданы Таушық ауылын, Өмірзақ ауылы Приморский тұрғын массивін, Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылын сумен жабдықтау желілерін салу толық аяқталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 69%-дан 75,86%-ға артты. Тұтастай алғанда 2019 жылы 327,7 км сумен жабдықтау желілері мен 52,68 км су бұру желілері салынды. Электрмен жабдықтау тораптарының жалпы ұзындығы 11 349,2 км құрайды. Жоспарланған 943,3 км желілеріне жөндеу жұмысы 100% нақты орындалды. Облыс бойынша жылумен жабдықтаудың жалпы ұзындығы 772,9 км құрайды. Жоспарланған 12 км жылу тораптарын жөндеу 100% орындалды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау тораптарын жаңғыртудың үлесі – 1,5%, электрмен жабдықтау – 8,3% және газбен жабдықтау 2,5%-ды құрады» делінген ақпаратты «egemen.kz» сайтынан басқа «Kazakhstan Today», «Mangistau Media» сайттары халыққа таратты. Ақпараттағы «Бейнеу ауданының Сарға ауылын сумен жабдықтау желілерін салу толық аяқталды» деген жолға назар аударғаныммен «әкім өтірік айтпас, арада қанша жыл өтті, бітсе біткен болар» деген оймен Нұр-Сұлтанға жөнелттім...
Сөйтсем «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, қызықтың көкесі арада жеті ай өткенде болды.
Аймақ басшысының қорытынды есебіне сілтеме жасап Маңғыстау облыстық әкімдіктен жолданған ақпаратта Сарға ауылына қатысты «толық аяқталды» делінген ақпарат жалған болып шықты. 2017 жылы шілде айының алғашқы күндері елорда мерекесіне орай Сарға ауылында су тазалау ғимараты мен ауылішілік су құбыры құрылысының тұсауы кесілген болатын. Тұрғындарды тазартылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын нысан құрылысының құны 487,583 млн теңгеге бағаланды. Су құю стансасы – 91,2 м³/сағ, тазартылған суға арналған резервуар сыйымдылығы – 1000 м³; бастапқы суға арналған су құйма резервуар сыйымдылығы – 500 м³ сынды нысандарды қамтитын қуатты жобада су құбырының ұзындығы 27,275 шақырымды құрайды. «Сико» ЖШС мердігер ретінде тізгінді қолына алған іс 2018 жылы аяқталып, 30 жергілікті тұрғынды жұмыспен, 200 тұрғын үйді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуі керек болатын.
Жоспар бойынша 2018 жылы аяқталуы тиіс, 2020 жылғы әкім есебінде аяқталды деп берілген жоба шындығында бастала бере тасталған. Тұрғындардың айтуынша, үйлер арасына шұңқырлар қазылып, резервуарлар салына басталғанымен арты сиырқұйымшақтанған істің кетеуі кетіп, бастапқы кезде салынған нәрселердің өзі қазір қараусыз, кейбір бөлшектері қолды болған күйде аңғал-саңғал қалпында тұр. «Сико» серіктестігіне қызмет етіп жасалған жұмыстары үшін жалақысын ала алмай жүргендер бұл істегі қордаланған қат-қабат мәселені аңғартады.
Шулы нысанның қазіргі жағдайы, алда қандай шаралар жоспарланып, мәселені шешудің қандай жолдары нақтыланғандығы туралы Бейнеу ауданы әкіміне хат жолдағанымызда:
«Бейнеу ауданы Сарға селосына су тазарту ғимаратын және кентішілік су құбырын салу» нысанының мердігері «Сико» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын 2017 жылдың 18 шілдесінде бастады, 2018 жылы құрылыс жұмыстарын жалғастырды. Бюджеттердің бөлінуіне байланысты қаржы келесі жылға ауыстырылды, сол себепті нысан 2019 жылға өтпелі болды.
2019 жылға құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау үшін қосымша келісімшарт жасақталды. Алайда «Сико» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарттары бойынша өз міндеттемелерін толық орындамағаны үшін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, тұрақсыздық айыппұл өндіру жөнінде Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жіберілді. Сот талап-арызымызды ішінара қанағаттандырып, 7 226 090 теңге айыппұл сомасын өндіру жөнінде шешім етті.
«Сико» ЖШС берген 2020 жылға арналған жұмыс кестесіне сәйкес құрылыс монтаж жұмыстарын 2020 жылдың 23 маусымында аяқтауға міндеттенді. Осыған байланысты қосымша келісімшарт жасақталды. Алайда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген жоқ. Сол себепті «Сико» ЖШС бойынша Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2020 жылдың 11 қыркүйегінде келісімшарттың күшін жою, айыппұл өндіру және банктік кепілдік сомасын мемлекет пайдасына өндіру жөнінде талап-арыз жіберілді.
Сот шешіміне сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыру жөнінде іс-шаралар қабылданатын болады» делінген жауап келді. Бұдан бөлек Бейнеу аудандық құрылыс бөлімінің басшысы С.Бисеновтің айтуынша, сот шешімімен «Сико» серіктестігіне екінші рет 3 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. «Сиконың» ісі неге сұйық – қаржылай қиындық па, әлде басқалай себебі бар ма – оны сот орындары анықтай жатар, қызығы «апама жездем, етігіме бізім сай» болып білдей әкімдіктен бітпеген істе бітті деп жалған ақпараттың тарауы болып тұр. Облыстық әкімдік бұлтқа қарап бал ашып, желді тыңдап тіл қатпаған болар, ендеше бұл ақпаратты қайдан алғаны өздеріне мәлім...
Осылайша бітпеген істері біттіге саналған сарғалықтар шу көтерді, олардың талабы орынды. Көптен және сарыла күткенмен тиісті орындардың құжатында, бұқаралық ақпарат құралдарында «толық аяқталды» деп айтылған, ал шындығында баяғыша ауылдағы жалғыз ғана су таситын көлікке кезекке тұрып ауыл-аймақ, бота-тайлағына дейін тасымалданған су ішетін, су жоқтықтың салдарынан кеңшардан қалған ел-жұртқа, өткен-кеткенге мақтаулы жасыл желегі құрдымға кетіп ала шаңға оранған сидаң ауыл атанған Сарға тұрғындары қашан су құбырларынан аққан суға қол жеткізеді? Қашан қалауынша бау-бақша егіп, қозы-лағын су таситын көлікті күтіп құдық басына иірілген жағдайдан құтқарады. Белгісіз! Соттың шешімі, «Сикомен» арадағы жағдайды реттеу немесе келісім-шартты тоқтатып өзге мердігер табу, істі оның жалғастырып, аяқталуын күту үшін әлі қанша уақыт керек екендігін ешкім де тап басып айта алмай отыр, «ақыры бітеді» деген сөз ғана көңілге медеу.
Сонымен Маңғыстау облыстық әкімдігі тарапынан таратылған жалған ақпараттың ұяты кімге, нысан жұмысы басталғанда лентасын қиып, ауылдықтарға тән сенгіштікпен аңқылдай шашуын шашып, мәз-мейрам батасын берген, бірақ күні бүгінге дейін күтуден көздері талған Сарға тұрғындарының обалы кімге?
Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деп үміттенемін» деген болатын. Олай болса Сарға ауылының халқы осы «хайпократияның» арқасында есеп бергенде суға қарық болып, ал шын мәнінде әлі сусыз отырған жайы бар.
Түйін. Әкім – Мемлекет басшысы сенім артып тағайындаған лауазымды тұлға, бір өңірдің тағдыры сеніп тапсырылған мемлекеттік қызметкер. Демек, оның есебіне сенбеуге тағы болмайды. Журналист әлеуметтік желілер арқылы келіп жатқан өтірік-шыны белгісіз ақпараттар болса зерттеп, ақиқатына көз жеткізуге ұмтылады, ал облыс әкімінің есебінің немесе облыстық әкімдіктен келген ақпараттың соңына шам алып түсіп, есепте «біріне жол төселді, біріне мектеп, біріне балабақша салынды, келесі ауылда кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, мүжәлсіз отбасына көмек берілді, тағы бір ауылда спорт алаңы жасақталып, ана ауылға ғаламтор, мына ауылға газ желісі тартылды, күрделі жөндеу жасалды» деп келетін шеті жоқ ауылдарды аралап, бәрін тексеріп жүруге міндетті емес. Ол әкімге немесе әкімдікке сенбеудің, сыйламаудың бір көрінісі болар еді.
«Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» дегендей, сеніп келген орынның өтірік ақпарат таратуының алды-арты осы ма екен...
Маңғыстау облысы