Руханият • 24 Қыркүйек, 2020

Абылай ханның қара жолы

755 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Абылай ханның қара жолы» кітабы жақында Көкшетау қала­сында «Мир печати» баспасынан 500 данамен басылып шықты.

Абылай ханның қара жолы

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» стра­тегиялық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанда тұңғыш құрылған «Абылай хан­ның қара жолы» экспедиция­сы өз жұмысын абыроймен орындап шық­ты. Құрамында республикаға белгілі географ, топограф, биолог, архео­лог, тарихшы, журналис­тер бар экспедиция мүшелері 10 күнде 4 мың шақырымнан ар­тық жол жүріп, республиканың алты облысының аумағында, атап айтқанда, Петропавл, Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Ұлы­тау, Сәтбаев, Жезқазған, Қы­зылорда, Түркістан, Шымкент қалаларында болды. Қара жол­дың бойындағы елді мекендер мен қалаларға соғып, көнекөз қариялар мен мектеп оқушылары, тарихшылар мен сту­дент жастар, БАҚ өкілдері мен жоғары оқу орындарының ғалым­дарымен және археологтермен 40-тан астам кездесу өткізді. Оған төрт мыңдай адам белсене қатысып, зор қызығушылық танытты. Әкімдіктер мен музей­лерге және оқу орындарына Мәлік Ғаб­дуллиннің 11 томдығы, Б.Әлім­жановтың «Абылай и его Ба­тыры», Қ.Әбуевтің «Абылай хан», «Ақмола – жер жәннаты» кітаптарымен қатар, сыйлық-кәделер таратылды.

Ғалымдардың еңбектеріне, жергілікті халықтың айтқан аңыз­­­­дары мен деректеріне сүйене оты­рып, тарихи маңызы зор зерттеулерді түйіндеп, «Абылай ханның қара жолы» кітабының алғашқы даналары шығарылып, түсірілді. Фильмнің бір данасын Анкара университетінің профессоры Mereyim Hakim Түркияға алып кетті. Абылай ханның қара жолы бойындағы қалалар мен елді мекендердің аттары қағаз бетіне жазылып, картасы, қасиетті орындар мен мавзолейлер және кесенелердің тізімі жасалып, суреттері түсірілді.

«Абылай ханның қара жолы» кітабына Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абылай аңсаған азаттық», Шо­қан Уәлихановтың «Абылай дәуі­рі – қазақтардың ерлігі мен сері­лігінің дәуірі», Манаш Қозы­баевтың «Қазақтың даңқын асырған», Ақселеу Сейдімбектің «Абылай ханның күйлері», БҒМ Мемлекет тарихы институтының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік, М.Қозы­баев атындағы СҚО мемлекет­тік, Абай Мырзахметов атын­дағы, Қ.А.Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік, Ресейдің Оң­түстік-Орал, М.Әуезов атын­­дағы Оңтүстік Қазақстан уни­вер­ситеттері ғалымдарының «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің, Қ.Сәтбаев атындағы Тарихи-өндірістік мұражайының, Ақмола тарихи-өлкетану музейінің, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкерлері мен археологтер, этнографтар, халық мұраларын зерттеушілер, әдебиеттанушылар, журналистер мен өлкетанушылардың Ұлы даланың ұлы ханы Абылайдың өмірі мен көрегендігі, Ұлы даланың ұлы билерінің кемеңгерлігі мен қазақ батырларының елді, жерді қорғау мен сақтап қалудағы ерен ерліктері жайлы елді елең еткізер зерттеулері мен ғылыми еңбектері шоғырланды.

Мемлекет тарихы инс­ти­тутының директоры, та­рих ғылымдарының докторы­ Бүркітбай Аяған кітап жай­лы: «Қазақ елі тәуелсіздікке қол жет­­­кіз­геннен бері іздері өшуге ай­налған тарихымыздың көмбесі қайта ақтарылып, еліне үлкен қуаныш болып оралуда. Солардың бірі – «Абылай ханның қара жолы» деп білеміз. Ең бастысы, бұл та­­­рихи экспедиция Қазақстан Рес­­публикасының Тұңғыш Пре­­­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: ру­­­хани жаң­ғыру» бағдарламасына ен­гізілген нә­тижелі іс ретінде қа­лың жұртқа танымал болды. Экспедиция жұ­мыстарының нәтижесінде ғы­лыми жинақ құрастырылып, он­да Абылай хандай асқақ би­леушіміздің өнегелі істеріне, Алаш жұртына байланысты зерттеулер топтастырылды. Бұл кітап мемлекет тарихының алтын парағының бірі», деді.

Қорыта айтқанда, кітапта құн­ды дерек­тер молынан кел­тірілген.

 

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ,

«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі

 

КӨКШЕТАУ