Бұл қаржының бір бөлігі өңірдегі емханалар мен ауруханалардың аумағына оттегі стансаларын қоюға жұмсалуда. Осы ойға алған істің алғашқы нәтижесі оңынан бола бастағандай. Мысалы, Панфилов ауданындағы орталық аурухана жанына оттегі стансасы орнатылып жатыр екен. Құны 76 млн теңгені құрайтын жоба қазан айында іске қосылмақ. Қазір стансаны орнату жұмыстары басталды.
– Бұл станса сағатына 50 метр текше метрге дейін оттегі құюға қауқарлы. Яғни, бір мезетте 120 науқасқа қажетті оттегі беріледі. Бұған дейін Алматыдан ауыр баллондарды таситынбыз. Енді міне, бұл мәселе де шешілді. Бұдан бөлек осы пандемия кезінде біздің орталық ауруханаға кәсіпкерлер мен қайырымды азаматтар оннан астам оттегі концентратын, басқа да қажетті медициналық жабдықтарды тарту етті. Мемлекет тарапы да қажетті көмектерді көрсетуде. Алдағы уақытта болуы мүмкін індеттің екінші толқынына біздің өңір толықтай дайын. Тек тұрғындар барлық ескерту мен санитарлық талаптарды сақтаса болғаны, – дейді Панфилов аудандық ауруханасының бас дәрігері Төлеу Сарпеков.
Жалпы, коронавирус індеті іргені түргелі Панфилов ауданында 139 адам осы дертке шалдыққан екен. Қазір науқастар толық жазылып шыққан. Ал аудан бойынша санитарлық сақтандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде.
Айтпақшы, облыс бойынша бөлінген қаржыға 10 оттегі стансасын орнату жоспарланған болатын. Демек, жақын уақытта орталық ауруханалардың жанынан ашылатын арнайы станса саны көбейеді. Сондай-ақ жұқпалы індетпен күресу үшін қосымша 150 өкпенің жасанды желдету құрылғысын, 100 оттегі концентраторын, 3 компьютерлік томограф және 3 цифрлы рентген аппаратын сатып алу үрдісі аяқталған. Қажетті медициналық құрал-жабдықтардың бәрі аудандарға жіберілмек.
Алматы облысы