Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2020

Пандемия кезінде тегін ыстық тамақ ұйымдастырды

491 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ерлан Ибрагимнің негізгі мамандығы – қаржыгер, Алматыдағы беделді жоғары оқу орнының профессоры. Ал түрлі тамақ түрлерін ойлап табу оның хоббиі. Сәтін салса, қазақтың жал-жаясынан, қазы-қартасынан бургер, донердің түр-түрін дайындап, осы саладағы қазақ кәсіпкерлерінің үлесін көбейтуге ниеттеніп жүр. Әзірге тауық етінен дайындалып, түрлі дәмдеуіштермен араластырылған тағам түрімен бағын сынауда. Бізбен әңгімесінде кәсіпкер Алматыда жылдам тамақтанатын сауда нүктесі барын, енді Қазақстанның екі қаласынан ашпақ болғанын, бірақ пандемия жоспарды өзгертіп жібергенін айтты.

Пандемия кезінде тегін ыстық тамақ ұйымдастырды

Қазақстанда төтенше жағдай енгізілген күннен бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тәулік сайын дәрігерлерді, блокбекетте тұрған жауынгерлерді бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуді қалыпты жағдайға айналдырды. Қысқасы, бизнесін тоқтатып, барлық мүмкіндікті пандемия ошағында қалып қойған азаматтарға бір мезгіл ыстық тамақ жеткізіп беруге жұмылдырған. Кейінірек, оларға Алматыдағы кәсіпкерлердің бірі қосылып, тамаққа қоса, кофе, салат түрлері, ыстық шай, тәтті күлшелермен толықтырыпты.

– Карантин  жарияланғаннан күннен бастап дәрігерлерді және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін бір мезгіл ыстық тамақ­пен қамтамасыз етуге шешім қабылдадық. Пандемияның ал­ғаш­қы күндері олардың қандай жағдайда жұмыс істегені бәрі­міз­ге белгілі. Әлеуметтік желі­лер арқылы көмекке мұқтаж аза­маттардың қатарының өсіп келе жатқаны байқалды. Олардың бәрін қамтамасыз етуге мүмкіндігіміздің жетпейтіні белгілі. Сондықтан уақыт өткізбей демеуші іздеуге шешім қабылдадық, – дейді Е.Ибрагим.

Осы кезде бұл жұмыс тобын қолдаушылар көп болды. Кәсіпкер Айбек Барысов алғашқылардың бірі болып көмек қолын созып, қаржы ұсынды.

– Ал біз қолымыздан келетін тірлікті – ыстық тағамды дер кезінде дайындап, қажетті нүктелерге жет­кі­зіп беруді жалғастыра бердік, – дейді ол. Сәуір айында ковид фобиясы қоғамдық санаға үрей болып таңбаланып қалды. Бойынан дерт белгісі байқалған азаматтардың үйі қоршауға алынғаны, осы дерттен қайтыс болған марқұмдарды бөлек жерлегені ел арасында дерт­ті жұқтырып алам ба деген үрей­дің бояуын қалыңдатып жі­бер­ді. Осы кезде ауруханалар мен блок-бекеттерге дайын тамақ­ты жет­кі­зу­дің өзі проблемаға айналды.

– Курьерлерге тамақты жеткізіп бергені үшін төленетін жалақы екі, үш есеге дейін өсіп кетті. Ал демеушілердің берген қаржысында бұл ескерілмеген. Сол себепті бұл міндетті ұлым екеуміз атқардық. Дерттің беталысы өршіп тұрған кезде өрттің ошағында жүрдік. Қазір бізді адамдардың ықыласы сақтап жүрген сияқты, – дейді Е.Ибрагим.

Арада бірер ай өткенде де­меу­шілердің берген қаржы­сы­ның түбі көрініп қалды. Ал пандемияның беті қайтар түрі жоқ. А.Барысовтың демеушілігімен бөлінген қаржы түгесілді. Өз мүмкіндігімен көп дегенде күн сайын 40 адамға тамақ жеткізіп берер.

– Қазір ешкім аш емес. Бірақ қазақта «көңіл көңілден су іше­ді» деген сөз бар. Тірлігіміз тоқ­тап қалмау үшін крауфандинг мүмкіндігіне жүгіндік. Себебі он адамға арналған тамақты дәрі­гер­лер 40 адамға тең етіп бөліп беріп жатқанын көрген кезде көзімнен жас ыршып кетті. Әлеуметтік желі арқылы біздің тобымызға қосылуға үндедім. Аз ғана уақыт ішінде 4 млн теңге жиналды. Көмек қолын созғандар да көп болды. Қысқасы, біз пандемия кезінде 4 мың тамақты тиісті орындарға жеткіздік, – дейді Е.Ибрагим. Ақеділ азамат пандемияның қазақстандықтардың бірлігі мен пейіліне сызат түсіре алмағанына куә болғанын жеткізді. Тіпті зейнеткерлер хабарласып, күн көрісінен артылған тиын-тебенін де ұсынған сәттер болған.

– Ауылда апаларымыз «алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» деген қанатты сөзді қиыншылық заман қалыптастырғанын айтатын. Бұрын жастықпен оның мағынасына терең мән беріп көрмеппін. Күні ұзақ блок-бекетте тұрған жауынгерлер, ауруханада күндіз-түні кезекшілікте болған дәрігерлер аш деп ешкім айта алмайды. Бірақ қиын сәтте достық пейілмен ұсынған тұз-дәмімізді олар ешқашан ұмытпайтынына сенемін, – дейді Е.Ибрагим.

Ол бүгінге дейін бизнес саласында түрлі салада бақ сынап көргенін де айтып өтті. Ал пандемия адамдарды тамақтандыру ең сауапты іс екенін талай адамдарға ұғындыра түскендей.

– Өзбекстанда дайын тағамдар индустриясы әлемдік деңгейге көтерілген. Ташкентте тұратын достарым кешегі пандемия кезінде ауруханаларды, блок-бе­кеттерді бір мезгіл ыстық та­мақ­пен қамтамасыз етуді өз жауап­кершіліктеріне алғанын айтады. Көрші елде бұл сала дамыған ғой. Бір дәмхана 20 адамға ыстық тамақ берсе де мәселе шешілер еді. Бізде бұл мәселе шешілмегенін, осы салаға ұлтжанды азаматтар көптеп келгенде ғана шешімін табатынын пандемияда байқадық. Форс-мажорлық сипатта бас­талған волентерлік әрекетіміз кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапты. Пандемиядан кейін осы салаға шындап бет бұруға шешім қабылдадым. Себебі Алматыдағы бизнестің осы түрінде өзге елден келіп, жұмысын жандандырып, тіпті қазақстандықтарға жұмыс тауып беріп отырған шетелдіктер жетеді. Тағамның түр-түрін дайындауды қазақ та біледі, енді осы саладағы бастаған ісімді алға жылжытуға талпынып көремін, – дейді ол.

 

АЛМАТЫ