Мамандардың болжамынша, бүгін еліміздің солтүстік және шығыс облыстарында нөсерлі жаңбыр жауып, соңы қарға ұласуы мүмкін, дауылды жел тұрады.
Ал, батыс пен оңтүстік өңірлерде күн жауын-шашынсыз өтеді, кей жерлерде тұман түседі.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында желдің жылдамдығы 15-20 м/сек, кей жерлерде 23-28 м/сек ұйытқуы ықтимал.
Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында тұман күтіледі және дауылды жел тұрады. Қарағанды облысының шығыс бөлігінде температура 1-3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді.
Алматы, Қостанай, түнде Ақтөбе, таңертең Жамбыл облыстарында жел жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Қостанай облысында тұман күтіледі.
Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында да күн жауын-шашынсыз. Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Жамбыл және Қарағанды облыстарында өрт қаупі сақталады.