Нысанның биіктігі 30 метр болады. Монумент құрылысын "Темір-Байлық" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Оған 158 миллион теңге жұмсалған. Монументте қазақ жерінде тұратын түрлі ұлт пен ұлыстың елге деген алғысы мен ризашылығының символикалық көрінісі бейнеленген. Аталған нысанның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
"Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде көпұлтты елімізде халықтар достығы, бірлік, татулық пен тұрақтылық салтанат құруда. Әрине 29 жыл тарих үшін қас-қағым сәт. Дегенмен, еліміз осы уақыт аралығында толайым табыстарға, үлкен жетістіктерге жетті. Еліміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі – көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау болып табылады. Біздің басты байлығымыз – елдегі тыныштық пен тұрақтылық. Еліміз егемендік алғалы бейбіт өмір сүрудің өнегесін көрсетіп келеді. Татулық пен бейбітшілікті, қоғамдық тұрақтылықты нығайту мақсатында қыруар жұмыстар атқарылуда. Ашылып отырған "Қазақ еліне мың алғыс" монументі де осы сөзіміздің айғағы. Осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі барлық облыс орталықтарында "Қазақ еліне мың алғыс" монументін салу туралы тапсырма берген болатын. Монумент – барлық ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығының белгісі", деді ол.
Салтанатты жиында "Днепро" украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті "Қазақстан халқы Ассамблеясы" кафедрасының меңгерушісі Парида Мамедова сөз сөйлеп, қазақ халқына деген алғысын білдірді.
Сондай-ақ Тараз қаласында "Арбат-1" демалыс орны да ел игілігіне берілді. Арбат құрылысын жүргізген "Темір-Байлық" серіктестігінің бригадирі Еркін Седелханның айтуынша, жұмыс үш айға созылып, 200-ге жуық қала тұрғыны жұмыспен қамтылған. Демалыс орнында құрғақ және ұзындығы 20 метрге дейін жететін түрлі-түсті субұрқақтар орналасқан. Одан бөлек, мұнда қала тұрғындарының тынығып, бос уақытын тиімді өткізуіне, алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалған. Бердібек Сапарбаев аталған демалыс орнын аралап көріп, құрылыс жұмысына оң бағасын берді.