Спорт • 24 Қыркүйек, 2020

Қарт құрлықтың ең үздік футболшысы 1 қазанда анықталады

155 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

УЕФА өзінің ресми сайтында 2019/20 жылғы футбол маусымның ең үздік ойыншысы атағынан үміткер үш есімді атады. Олар – Кевин де Брюйне, Роберт Левандовски және Мануэль Нойер.

Қарт құрлықтың ең үздік футболшысы 1 қазанда анықталады

Жоғарыда есімдері аталған ойыншылардың барлығы да әлемдік футбол тарихында өзіндік із қалдырғанына ешкімнің дауы жоқ. Мәселен, 29 жастағы Бельгия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Кевин де Брюйне 2005 жылдан бері Англия Премьер-лигасында «Манчестер Ситидің» сапында өнер көрсетуде. Өткен маусымда ол 35 рет жасыл алаңға шығып, 15 голдың авторы атанды. 21 рет өз әріптестеріне нәтижелі пас берді. 

32 жастағы польшалық Роберт Левандовски мен 34 жастағы неміс Мануэль Нойер ұзақ жылдар бойы «Баварияның» намысын қорғауда. Алғашқысы – шабуылшы, екіншісі – қақпашы. Левандовский былтырғы маусымдағы 31 ойында 34 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Ал Нойер талай маңызды матчтарда небір жойқын соққыларды кері қайтарып, өзінің әлемдегі ең үздік қақпашылардың бірі әрі бірегейі екенін сан мәрте дәлелдеді.

 

Былтыр бұл атақты Нидерланд ұлттық құрамасы мен Англияның «Ливерпуль» клубының тасқамал қорғаушысы Вирджил ван Дейк иеленген болатын. Ал биылғы жылдың үздігі 1 қазанда анықталады.